Медицина • 25 Сәуір, 2023

Дәрі-дәрмектің саясатқа не қатысы бар?

223 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросы кіндік Азиядағы субөңірлік сая­си диалогын жүргізу үшін Қазақстанды таңдауының өзіндік алғы-шарттары бар. Біз бұған дейін де халықаралық құзырлы ұйым биылғы қазан 73-ші сессиясын өткізу үшін Астана қаласына келе­тін­ін, амандық болса оған жүздеген мемлекеттің өкіл­дері қатысатынын жазған едік.

Дәрі-дәрмектің саясатқа не қатысы бар?

Бұл жолы Алматыда екі күн қа­тарынан Қазақстан Республикасы­ның Денсаулық сақтау министрлігі ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросымен бірге Орталық Азия елдерінде дәрілік қамтамасыз ету саласындағы ұлттық саяси шараларды күшейту қадамдарына арналған субөңірлік саяси диалогын жүргізді.

Миллиондар үшін өзекті мәсе­ле­лер қозғалған жиында дәрі-дәр­мек­ті сатып алу, жеткізу тізбегі, ба­ға­­ны белгілеу, шығындарды өтеу, қаржылық қорғау мен жуыр­да іске қосылған ДДҰ ЕӨБ-нің «Жа­ңа дә­рілік заттар платформасы» талқы­ланды.

Дөңгелек үстел түрінде өт­кен жиында дәрілік заттар мен ме­дициналық бұйымдарға қолжетім­ділік­ті жақсарту, аса құнды препараттарды анықтай отырып, сатып алудың ұтымдылығын арттыруға байланысты мәселелері реттеу қарастырылды.

Алдымен осы арада Қазақстанда Бірыңғай дистрибьютор жүйесі енгізілгенін, ірі фармацевтикалық компаниялармен дәрілік заттарды жеткізуге ұзақмерзімді шарттар жасалғанын атап өту маңызды.

«Біз бүгін ДДҰ-ның сапа­лы дәрі-дәрмектерге қол жеткізу­ге арналған іс-шарасына қатысқа­нымызға қуаныштымыз. Осы бас­қо­судағы біздің ортақ міндетіміз – са­палы дәрілік заттарға қол жет­кізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасау, тәжірибе алмасу, Ор­талық Азия елдеріндегі әріптес­терімізбен тығыз байланысты жол­ға қою», деді Денсаулық сақтау ми­нистрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев.

Вице-министр мәлімдегендей, егер 2019 жылы МСАК деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету 45 нозология мен 2,7 млн адамды қамтыса, 2022 жылдың өзінде бұл көрсеткіш амбулаторлық деңгейде 126 нозологияға артып, 3,8 млн науқас қажетті дәрі-дәрмегіне қол жеткізген. Яғни пациенттерді тегін дәрілік препараттармен қамтамасыз ету төрт есе артып отыр.

ДДҰ-ның Еуропа аймағы ел­де­ріндегі денсаулық сақтау жүйе­сі мен саясаты жөніндегі дирек­торы Наташа Аззопарди-Мус­кат Орталық Азияға сапарын денсау­лық сақтау жүйесі мен алғашқы медициналық-санитарлық көмекке инвестиция салуымен біраз елдер­ді шабыттандырып отырған Қазақ­станнан бастап отырғанын жеткізді.

Диалог барысында доктор На­та­ша Аззопарди-Мускат соңғы он­­жыл­дықтарда мемлекеттік пен жеке секторлар салған инвес­ти­ция­лардың арқасында биофар­мацевтикалық зерттеулер мен про­филактика, скрининг, диагнос­тикалау мен емдеу саласында маңыз­­ды қадамдар жасалғанын тілге тиек етті. Алайда ДДҰ Еу­ро­­па­лық өңірінің елдері дәрі-дәр­мек бағасының өсуі бюджетке айтар­лықтай кері әсерін тигізетініне алаңдаушылық білдірді.

Мәселен, мұндай жағдай па­циенттердің қол жетімділігін шектеуге, теңсіздіктің жоғарылап, кез келгеннің қалтасы көтере бер­мейтін төлемдерге, қаржылық қиын­дықтар мен созылмалы ауруларға арналған үнемді дәрі-дәрмектерді ығыстыруға әкелмек.

Аззопарди-Мускат ханым ал­да­ғы күндері Өзбекстан мен Тә­жік­станға да баруды жоспарлап отырғанын тілге тиек ете келе, өзі­нің негізгі мақсаты туралы: «Осы екі аптаның ішінде ДДҰ делегация­сы алғашқы медициналық-санитарлық көмек, психикалық денсаулық, дәрі-дәрмекке қолже­тімділік, денсаулық сақтауды қар­жыландыру, ең бастысы, денсаулық сақтау саласындағы жұмыс күші саясаты сияқты денсаулық сақтау жүйесінің маңыздылығына назар аударады. ДДҰ Орталық Азияның барлық елдерінде денсаулық сақ­­­тау жүйесін нығайтуда бел­сенді әрекет етіп отыр. ДДҰ топ­тары елдердегі ұлттық және аймақ­тық сая­саткерлермен, ше­шім қа­былдайтын ықпалды тұл­ғалармен бірлесе жұмыс істейді, деп мәлімдеді.

«ДДҰ-ның Еуропалық өңірінде алынған жаңа мәліметтер дәрі-дәр­мектерге қалтадан тыс шығыстар көптеген елдерде, әсіресе табысы төмен адамдар мен көптеген созылмалы аурулары бар пациенттер үшін қаржылық қиындықтардың бас­ты себепшісі екендігін дәлелдеді. Еуропадағы отбасылар өмір сүру құнының қымбаттауымен және ба­қылауға бағынбайтын инфляция­мен бетпе-бет келіп отыр», дейді доктор Аззопарди-Мускат.

Сондықтан ДДҰ өкілінің айтуынша, мұндай диалогтар заманауи дәрілік саясатты барынша жетілдіре түсуге ықпал етеді. Яғни тиімді баға белгілей отырып, қымбат дәрілерді – ескісі мен жаңаларын сатып алу – сұранысты тұрақтандыру арқылы фармацевтикалық жүйелердің тиім­ділігін арттыратынына үміттенді.

Екі күнге созылған кездесу ба­­ры­сында Денсаулық сақтау ми­­нистрі А.Ғиният, Қырғыз Рес­­пуб­­­ликасының Денсаулық сақ­тау министрі Г.Баатырова баста­ған делегация, Түркіменстан Ден­саулық сақтау және медицина өнер­кәсібі министрінің орынбасары А.Овезов бастаған делегация, сондай-ақ ДДҰ жетекші сарапшылары, Алматы қаласындағы ДДҰ-ның МСАК жөніндегі Еуро­палық орталығының басшысы Мелита Якаб ханым мен ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік кеңсесінің мамандары басқа да іс-шараларға қатысып, пікір алмасты.

Келелі басқосу келешекте көтері­­ліп отырған мәселелерді реттеуге, денсаулық саласының озық тәжі­рибелері мен білім алмасуға, сон­дай-ақ халықаралық байланыстарды нығайтуға ықпал ететін болады.

 

АЛМАТЫ