Құқық • 25 Сәуір, 2023

БАҚ және бала құқығы

558 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінгі медиа балалар контентін қалай жариялап жүр? Әлеуметтік желілерде құқық пен ар-намысты аяққа таптайтын, заңды мүдделерін ескермейтін материалдар неліктен көп? Блогерлер мен желі қолданушылары медиа этика ережелерін сақтауы үшін не істеу керек? Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Медиа этикасы мен балалар құқықтарын қорғау» атты дөңгелек үстелде осы өзекті мәселелер әңгіме арқауына айналды.

БАҚ және бала құқығы

Министр Дархан Қыдырәлінің төрағалығымен өткен іс-шараға Қазақ­стандағы ЮНИСЕФ басшысының орынбасары Летисия Баззия-Вэйл, Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан, «БҰҰ-әйелдер» ұйымы Ұлттық комиссияның мүшесі Динара Құсайын, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті, Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай, Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамза­бек­ұлы, Президент жанындағы Әйелдер іс­тері және отбасылық-демографиялық сая­­сат жөніндегі ұлттық комиссияның мү­­ше­­лері, халықаралық ұйым өкілдері мен ме­диа сарапшылар қатысып, сөз сөйледі.

«Таяуда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңейтілген кеңесте әйелдер мен балалардың құқығын қорғау шара­ларын заңнамалық тұрғыдан күшей­туді, отбасы құндылықтарын наси­хат­тауға баса назар аударуды тап­сыр­ған болатын. Бүгінде бала құ­қы­ғын қорғау мәселесі өте өзекті. Әсіресе, ақпарат құралдарында бала құқығының сақталуына ерекше мән беруге тиіспіз», деді министр Дархан Қыдырәлі кіріспе сөзінде.

Министрдің мәліметінше, әлемнің көптеген елінде зорлық-зомбы­лық­қа ұшыраған кәмелетке толмаған жеткіншіктер туралы ақпаратты таратуға заңмен тыйым салынған. Ал біздің елімізде 2023 жылдың басынан бері БАҚ-та балалардың ақпараттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін 2 435 материал жарияланған.

«Өкінішке қарай, ақпарат құрал­дарында кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық және суицид туралы материалдардың таралуы­на жиі жол беріледі. Бұл – этикалық қағидаларды ғана емес, заң талаптарын да бұзу. Өйткені «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға сәйкес, адамның жеке және биометриялық деректерін, оның ішінде оның ата-анасы, зардап шеккен бала туралы ақпаратты таратуға тыйым салынады. Біз мұны ұдайы естен шығармауымыз керек», деді министр.

Бүгінде БҰҰ қарасты ЮНИСЕФ қоры БАҚ-та балалар туралы мате­риал­дар­дың қалай жария­ла­на­ты­нына үнемі назар аударып келе­ді. Өйткені бала құ­қығы бәрі­нен жоғары. Бұл туралы ойын жеткіз­ген Қазақстандағы ЮНИСЕФ басшысының орынбасары Лети­сия Баззия-Вэйл БАҚ пен әлеу­мет­тік желі­дегі әрбір ақпараттың бала өмірі мен көзқарасына әсері көп екенін алға тартты.

«Ақпарат құралдары мен әлеумет­тік желілерде балалар проблемаларын этикалық тұрғыда дұрыс бере білу қажет. Кез келген ақпаратты жариялағанда баланың тағдыры, ар-намысы, мүддесі бірінші орынға қойылуы керек. Біз БАҚ-та балалар тақырыбының көтерілуіне шектеу қойғымыз келмейді. Керісінше молырақ мәлімет беріп, олардың үні көбірек естілгенін қалаймыз. Ең бастысы, әрбір материал бала өміріне, тағдырына, санасына қауіп төндірмеуге тиіс», деген ЮНИСЕФ өкілі БАҚ пен блогерлер балалар­ға қатысты жаңалықты жариялап қана қоймай, мәселені шешуге атсалысуға тиіс екендігін жеткізді. «Проблемаларды көрсету ғана емес, оның бала мүддесіне сай шешімін табуға атсалысайық», деді ол.

Дөңгелек үстелге қатысқан мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай ЮНИСЕФ өкілінің сөзін толықтай қолдайтынын, дегенмен еліміздегі дәстүрлі БАҚ балалар тақырыбының этикасын бұрыннан да сақтап келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, кейінгі жылдары жаңа медиа, соның ішінде әлеуметтік желілер мен блогерлер қауымы осы ережелерді ескермей, қолына түскен видеолар мен басқа да материалдарды бей-берекет жариялай беруге құмар. «Ең алдымен, жаңа медианы реттеу керек. Сонымен қатар ақпарат кеңістігіндегі әдеп ережелерін балаларға және ересектерге деп бөлу де орынсыз. Себебі бұл қағидалары барлық адамға ортақ болуы қажет», деді ол.

Министр Дархан Қыдырәлі жаңа медиадағы этика ережелеріне қатысты TikTok және Meta секілді ірі компаниялармен жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, мәселен, TikTok-та 13 жасқа дейінгі балалардың отыруына шектеу қойылады. Егер жеткіншек желіге басқа аккаунтпен кірсе, оны да анықтайтын арнайы мүмкіндіктер бар екенін мәлімдеді. Дәл осы бағыттағы жұмыстар Meta (Factbook, Instagram) компаниясымен де жүргізілуде. Дархан Қуандықұлы әлеуметтік желіде балалар контенті туралы айтқанда тыйым салу, жауып тастау сынды әдістермен мәселені шешу мүмкін еместігін, оның орнына сан мен сапаны дұрыстау, балалардың назарын жақсы бағытқа бұру, пайдалы контенттерді көбейту сынды бағытта еңбектену керектігін баса айтты.

Жиын барысында медиа зерттеуші Молдияр Ергебек, «БҰҰ әйелдер» ұйымы Ұлттық комиссияның мүшесі Динара Құсайын, Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева сынды бірқатар қонақтар сөз алып, көтеріліп отырған тақырып аясында келелі ой-пікірлерін ортаға салды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар жиынды қорытындылай келе елімізде бала құқын қорғаудың маңыздылығын және Мемлекет басшысының тапсырмаларын негізге ала отырып, қоғамдық ұйымдарды, мемлекеттік органдарды, БАҚ-ты осы бағытқа жұмылдыру мақсатындағы ортақ ұсынымды бекітті.
Онда БҰҰ Бас Ассамблеясының «Бала құқықтары туралы конвенцияның» ережелерін басшылыққа алу, меморгандар, халықаралық ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер және бұқаралық коммуникация құралдарының балаларға қатысты құқыққа қайшы жағдайларды жариялау контекстінде жұртшылық медиа-сауаттылығын арттыруға күш біріктіру мәселесі қамтылды.
Сонымен қатар БАҚ-тың балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алудағы ықпалына зерттеу жүргізу, осы бағытта семинар, тренингтер ұйымдастыру, журналистер үшін балаларға қатысты фактілерді жария етуге қатысты халықаралық құжаттар ережелері мен қалыптасқан тәжірибеге негізделген нұсқаулық әзірлеу, медиа-кеңістікте бала құқын қорғауға бағытталған гранттар қарас­тыру да ұсынымға енгізілді.
Осы бағытты телеарналар сериалдары шеңберіндегі тақырыптық желілерде қамту, ақпарат құралдарында арнайы айдарлар, бөлімдер аша отырып, мақала, сюжет, деректі фильм, бейнероликті көбейту, БАҚ-тағы медиа-этика жөніндегі тұрақты комиссия құру да аталған құжатта көрініс тапты.