Әсіресе денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы әлі жойылған жоқ. Кейбір медициналық жабдықтар ескірген. Бұл, әрине, медициналық көмектің сапасына кері әсер етеді. Мәселен, облыстық онкология диспансерінің мүмкіндігі шектеліп отыр деуге негіз бар. Өйткені диспансердің ескірген ғимараты апатты жағдайда тұр. Мұнда медициналық жабдықтардың ескіруіне байланысты ми ісіктерін, әйелдердің репродуктивті сырқатын, басқа да ауыр дерттерді толық емдеу мүмкін емес. Диспансерге сызықтық үдеткіш, брахеотерапия аппараты, компьютерлік томограф керек.
– Өңірге келетін дәрігерлерді тұрғын үймен, көтермеақымен қамтамасыз ету, медициналық нысандарды салу және жаңғырту үшін кешенді шешімдер қабылдау қажет. Маңызды мәселенің бірі – онкология диспансерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту. Облыс әкімдігі желілік үдеткішті орналастыруға қажет каньонды сатып алатын болса, «Қазақстан халқына» қорынан өзге қымбат құрал-жабдықтарға қаржы бөлу жоспарланып отыр. Сонда облыс тұрғындары білікті медициналық көмекті жергілікті жерден жедел әрі сапалы ем алатын болады. Еліміздегі 16 онкологиялық орталық «Қазақстан халқына» қоры есебінен сәулелік терапия құрылғыларымен жабдықталады, – деді Алтай Көлгінов.
Өңірдің білім саласында да бірқатар шешімін таппаған мәселе бар. Қазір төрт білім ордасының ғимараты апатты жағдайда болса, 11 мектепте сабақ үш ауысымда оқытылады. Мәселен, Махамбет ауылындағы Д.Төленов атындағы гимназия 1938 жылы салынған үш жеке ғимаратқа орналасқан. Бірақ бұл ғимараттарға роботтехника мен «STEAM» кабинеттерін орналастыру мүмкін емес. Енді жаңа оқу жылы басталғанға дейін 600 орындық заманауи ғимарат пен 300 орындық мектеп-интернат салынады.
Мектептерде педагогикалық кадрлар жетіспейді. Оқушылардың сапалы білім алуы үшін мектептерде орын тапшы болып отыр. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Атырау облысында функционалдық сауаттылық, академиялық білім, сондай-ақ ҰБТ нәтижелері өте төмен. Аттестация қорытындысымен шекті мәннен төмен ұпай жинаған пән мұғалімдерінің үлесі бойынша антирекорд тіркелген.
– Барлық құралдарды пайдаланып, оқушылардың білім деңгейін арттыру қажет. Мұғалімдердің кәсіби деңгейін арттыру, оқыту әдістемесін қайта қарап, халықаралық тәжірибені барынша пайдаланған жөн. Ауылдардағы интернет жылдамдығын арттырудың маңызы зор, – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Өңірдегі ең ірі жоғары оқу орнының бірі – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 1000 орындық студенттік жатақхана құрылысын салу жоспары жасақталған. Жатақхананы салу үшін бірнеше нұсқа қарастырылып отыр. Оның бірі – қарызға алынатын қаражат есебінен болса, екіншісі – мемлекет-жекеменшік әріптестігі.
Бұл өңірде жұмыспен қамту өзекті мәселенің қатарына түскен емес. Осы орайда Атыраудағы «APEC PetroTechnic» жоғары колледжінің базасында төрт жылдан бері ірі тау-кен өндіруші компанияның демеушілігімен білім беру жобасы жүзеге асырылып келеді. Мұнда Атырау және көршілес Маңғыстау облысының жұмыссыз тұрғындарының мұнай-газ саласында сұранысқа ие кәсіптерді меңгеруіне мүмкіндік бар. Оқытуды тәжірибелі шеберлер жүргізеді. Олар теориялық біліммен бірге тәжірибе береді. Соның нәтижесінде, кәсіби даярлық курсын бітірушілерінің 90%-ға жуығы жаңа мамандықпен жақсы жалақы алатын жұмыс табады.
Ауылдардағы жұмыспен қамту мәселесін шешуге «Ауыл аманаты» жобасының септігі тиюі мүмкін. Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Махамбет ауданының тұрғындарымен кездесуде аталған жобаның тиімді тұстарына тоқталды. Ал тұрғындар елді мекендерді абаттандыру, жол салу, сумен қамту секілді мәселелерді көтерді.
– Көктем – бастаманы өз қолыңызға алу, өз бизнесіңізді бастау уақыты. Оның үстіне мемлекет жеке қосалқы шаруашылықты немесе кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен қолайлы қаржы, несиелік демалыстар мен басқа да мүмкіндіктер береді. Биыл жергілікті әкімдіктің тапсырысына сәйкес «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Атырау облысына 1 млрд 504 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 188 несие беріп, 200-ге жуық жеке қосалқы шаруашылық құру жоспарланып отыр, – деп мәлім етті Алтай Көлгінов.
Атырау облысы