Шілденің 9-ына қараған күнгі таң алдында Бразилия мен Германия құрамалары арасындағы бірінші жартылай финалдық ойын аяқталды. Белу-Оризонти қаласында өткен бұл кездесуде чемпионаттың ең басты сенсациясы тіркелді – бундестим селесаоны 7:1 есебімен күйрете жеңіп, финалға шықты.
Талай жылдардан бері дүние доп додасының флагмандары саналып келе жатқан Бразилия және Германия құрамалары осы кезге дейін екеулеп жүріп, сегіз мәрте жаһан жеңімпазы атанып үлгерген еді. Бұл атақтың бесеуі бразилиялықтардың еншісінде болса, үшеуін германиялықтар қоржынға салып қойған болатын. Сөйте тұра, екі команданың бір-бірлерімен жеке-дара кездесулерінің шежіресі мүлде жұтаң. Бір ғажабы, бұл екі құрама осы кезге дейін бір-бірімен бір рет те жолдастық кездесу өткізіп көрмепті. Ал әлем чемпионаттары шеңберінде жалғыз-ақ мәрте, 2002 жылы Жапония мен Корея бірлесе өткізген біріншілік барысында ұшырасты. Онда пентакампеонның мерейі үстем шығып, 2:0 есебімен басым түскен. Сондықтан мына жеңіс сол жалғыз жеңілістің қарымтасын қайтару сияқты да болып көрініп отыр.
Германия құрамасы алаңға өздеріне етене емес қызыл-қара жейдемен шықты. Старттық құрамда Мирослав Клозенің шыққаны да Йоахим Лёвтің тактикалық жаңалықтарының бірі болды. Ал оның жеке өзі үшін бұл матч финалға шыққаннан да маңыздырақ көрінді. Себебі, осы шайқас шырғасында неміс форвардының аты аңызға айналған бразилиялық Роналдоның рекордын жаңартып, әлем чемпионаттарында соғылған ең көп гол санын 16-ға жеткізу мүмкіндігі туған еді. Бұл үшін оған бір гол соқса жетіп жатты. Алдын ала айта кетейік, ойынның алғашқы жартысында-ақ неміс футболшысы өзінің сол мақсатын толық орындай білді.
Бразилиялықтар немістермен матчқа өздерінің ең күшті ойыншылары – команда капитаны Тьяго Силва мен үздік шабуылшы Неймарды қоя алмады. Бұған бұлардың біріншісінің бұған дейін көбірек ескерту алғаны, ал екіншісінің колумбиялықтармен өткен алдыңғы ойында қатты жарақаттанып қалғаны себеп болды. Осының салдарынан Силваны «Баварияның» қорғаушысы Данте алмастырса, Неймардың орнына алаңға Донецкінің «Шахтерінің» ойыншысы Бернард шықты. Кейін көп ұзамай белгілі болғандай, бұлардың екеуі де құраманың жоғарыдағы үздік мүшелерін өз деңгейінде алмастыра алған жоқ. Айналып келгенде, Силва мен Неймарсыз ойын селесао үшін нағыз апатты нәтиже әкелді.
Ойынның бірінші таймы немістерге тарихтағы ең даңқты кезең ретінде көрініс берсе, бразилиялықтарға еске түскенде ұйқыдан шошып оянатын хәлді туғызды. Бірақ матчтың басы ешқандай дабыл шақыратындай ахуалды байқатқан жоқ еді. Әлемнің бес дүркін чемпионының шабуылымен басталған бұл кездесу тартыстың ұзаққа созылатынын танытқандай-тын. Сол жорықтар кезінде бразилиялықтардың есеп ашып кететіндей де жағдайлары болды. Алайда, матчтың 7-минутына қарай алаңда тепе-теңдік орнай бастады. Енді «неміс мәшинесі» алға қарай құландай жортып, қарсы жақтың жықпыл-жықпылын тіміскілеуге кірісті. Солардың бірінде Тони Кроос жеткізген айып добын дәл қақпашының алдында тұрған Томас Мюллер қабылдап алып, оны екі қорғаушының жанынан қос бағанның ортасына тастай салды. Гол!
Сол-ақ екен, бұған дейін қабырғасы қатты болып көрініп тұрған Бразилия қорғанысы бірден қожырап сала берді. Осыдан бастап ол аузы ашық тұрған кең дарбазаға ұқсап кетті. «Қазаннан қақпақ кеткенін» тез аңғара қойған немістер содан кейін аса бір қатты күш жұмсамай-ақ бір доптан кейін бір допты сол ашық алаңқайға топырлатып тоғытумен болды. Атап айтқанда, 11-минуттан 29-минутқа дейін ғана созылған 18 минуттың ішінде олар осылай алаң иелерінің қақпасына жауапсыз бес гол салып үлгерді. Алдымен Мирослав Клозе 60 мың жанкүйердің көз алдында Роналдоның рекордын тәрк етіп, бундестимнің басымдығын еселей түсті. Содан кейін айналасы бір минуттың аумағында Тони Кросс дубль жасап кетті – 4:0! Ал 29-минутта Сами Хедира таймдағы Жулио Сезардың қақпасына соғылған соңғы, бесінші голдың авторы атанды.
Айтатыны жоқ, Бразилия әлем чемпионаты аясында сонау 1920 жылдан бері әлі ешкімге дәл мұндай ірі есеппен ұтылып көрмеген еді. Сол жолы Уругвайға 0:6 болып есе жіберген ол тек 1998 жылы ғана француздар командасынан 0:3 болып тізе бүккен екен. Енді немістердің алдыңғы нәтиже деңгейінен де асып түсетін мүмкіндігі туды. Алайда, екінші тайм алдыңғыға қарағанда, айтарлықтай байыпты қалыпта өтті. Селесао бас бапкері Луис Филипе Сколари масқаралықтың бұдан асып кетпеу жағын қамдап, екі бірдей тың ойыншыны шығарды. Бірақ ол үміт артқан Паулиньо Мануэль Ноймермен екі рет бетпе-бет келіп, нысананы дәл көздей алмады. Ал Йоахим Лёв Клозенің орнына Андре Шюррлені сәтті шығарған болып шықты. Ол ойынға қосылғанына тура он минут өткенде өзінің бірінші голын соғып, немістердің басымдылығын арттыра түсті. Сөйтіп, Уругвай құрамасының көрсеткішін қайталады. Тағы он минуттан кейін Андре екінші голын салып, матчта дубль жасаушы екінші ойыншы атанды.
Ойынның соңына қарай немістер тізгінді ептеп босатқандай болды. Сол шамада қауқары қайтып, қажыры қашқан Бразилия құрамасы алға қарай шапқыншы жөнелтуге көшті. Солардың бірінде, негізгі уақытқа қосылған 1 минутта Оскар бір доптың қарымтасын қайтаруға әупіріммен қол жеткізді.
Бүгін таң алдында Аргентина мен Голландия арасындағы екінші жартылай финалдық ойын да аяқталды.
Финал 13 шілде күні түнде ойналады.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».