Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Өңірлік жергілікті полиция қызметінің ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы Бибігүл Қамзинаның айтуынша, тәртіп сақшылары педагогтермен, ата-аналармен бірлесіп өткен жылдың қыркүйек айынан бері мектептерде тәрбиелік іс-шараларды қолға алған. Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия да бұл бағытта үзбей жұмыс жүргізіп жатыр. Соның нәтижесінде өткен наурыз айында жасөспірімдермен жасалған қылмыс саны 38 пайызға азайған.
«Талдаулар көрсеткендей, жасөспірімдердің көбі құрбы-құрдастарымен жанжалдасып қалған жағдайда шиеленістерді бейбіт жолмен шешуге қабілетсіз. Ал ата-аналары оларды бақылаусыз қалдырған. Осындай келеңсіздік салдарынан балалар түрлі құқықбұзушылыққа барады. Тек өткен наурыз айында балаларды тәрбиелеу міндетін жеткілікті атқармағаны үшін 85 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы 363 ата-ана түнгі уақытта балаларын қадағалаусыз қалдырып, оқушылар көңіл көтеру орындарын жағалап кеткен. Бұл азаматтарға да шара қолданылды. Жалпы, жасөспірімдерге қатысты қылмыстардың 46 пайызға төмендегені, соның ішінде кәмелетке толмағандарды жыныстық қарым-қатынасқа итермелеу бойынша оқиғалар саны 53 пайызға азайғаны тіркеліп отыр. Мұның барлығы біздің бірлескен іс-шараларымыздың нәтижесі деп санаймыз», дейді ол.
Былтыр өңірдегі мектептердің орта сыныптарында анонимді сауалнамалар жүргізілген екен. Мамандар сауалнамаларды талдай отырып, жасөспірім шақтағы балалардың мінез-құлқымен ата-аналардың көбі айналыспайтынын, негізгі ауыртпалықты педагогтерге жүктеп қоятынын анықтады. Балалар жылы аясында балалар арасындағы қылмыстың алдын алу үшін түрлі алгоритм құрылып, баланы жеткілікті қамти алмайтын отбасылар анықталып, жергілікті әкімдіктердің жауапты бөлімдері олармен жұмыс істей бастаған. Тұрғылықты мекенжайлары бойынша рейдтер жүргізгенде тұрмысы төмен отбасылар арнайы есепке енгізіліп, баланы бағып-қағуға жауапсыз 66 отбасыдан сот шешімімен ата-аналық құқығы алынған. Тағы 47 отбасының ата-аналық құқығын шектеу бойынша ұйғарым жасалған. Яғни ондай отбасылар алдағы 6 ай ішінде түзелмесе, құқығы біржола шектелетіні ескертіледі.
Ресми статистикаға сүйенсек, қазіргі уақытта Павлодар облысының аумағында кәмелетке толмаған 203 467 бала бар. Өңірде 54 бала және 266 отбасы арнайы есепте тұр. Балалар ісімен айналысатын мамандар соңғы жасалған қылмыстық оқиғалардың көбі агрессияға негізделгенін айтады. Себебі ер және қыз балалар 11-12 жасқа толғанда бойларында физиологиялық, психологиялық өзгерістерден бөлек, эмоционалды мінез-құлық жылдам дами бастайды. Үйдегі үлкендер мұны уақытында аңғарса ғанибет. Болмаған жағдайда балалар эмоциялық сезімдерге ырық беріп, оң-солын танымаған күйде отқа барып түсетінін көз көріп жүр.
Ал психолог ғалым, мектепішілік әкелер кеңесінің басшысы Берік Матаев бүгінгі жас ұрпақтың зорлық-зомбылық әрекеттерге әуестеніп бара жатқанын қоғамдағы әке рөлінің төмендеп кетуімен байланыстырады.
«Өкінішке қарай, отбасында әкенің рөлі жоғары болмаса, балалардың тәрбиелі болып өсетініне күмән мол. Балалық шағымызда тентектік жасап, бір нәрсені бүлдіріп қойсақ, анамыз: «Әкең білсе оңдыртпайды» дейтін. Осы бір ауыз сөз бойымыз бен ойымызды жинап алуға жеткілікті еді. «Әке қабағы» деген ұғым қазақта ежелден бар емес пе? Ал екінші тұрғыдан әкенің отбасындағы абыройының биікте тұруы анаға байланысты. Ол еріне сыйластықпен қарым-қатынас жасаса, балалары да соны үлгі тұтады», дейді ғалым.
Өңірлік білім беру басқармасы тәрбие жұмысы мен қосымша білім беру бөлімінің басшысы Бекбатыр Айтмахан мәселенің көбі балалардың түнгі уақытта бақылаусыз жүруінен шығады дейді. Қазірдің өзінде облыстағы орта білім беру мекемелерінде 329 оқушы мектепішілік бақылауда тұр. Ал 31 бала полиция органдарының есебіне іліккен. «Аймақтағы 356 мектептің барлығы бейнекамерамен қамтылған. Бұрын әр мектепте полицияның бір инспекторы отыратын. Қазір белгілі бір аумақта орналасқан бірнеше мектепке бір инспектор жауап береді. Бұрынғы жүйе қайтарылса, артықтық етпес. Ата-аналардың қалауы да осы», дейді бөлім жетекшісі.
Павлодар облысы