Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Адамзат тарихы көрсеткендей, жаңа технологиялық мүмкіндіктерге сай жауапкершілік деңгейі де көтерілу керек. Ендеше, осы үлкен екі жаһандық құбылыс құндылықтар мен мәдениеттің, рухани темірқазық пен тіректің маңызын арттыра түсті. Аталған сынақтарға төтеп беріп, лайықты жауап іздеуде бір жағынан білім, ғылым, екінші жағынан, еңбек пен инновация дамуға мүмкіндіктерін туғызады. Бірақ сол даму елдің білігі мен біліміне, жігері мен қайратына сай болу үшін ортақ ереже және рухани құндылықтар маңызды. Тұрақты даму осы екі топтың бір-бірін толықтырып тұруын қажет етеді.
Бірнеше мысал.
Норвегия. Бұл біз секілді жерасты байлығы мол ел. Бірақ даму деңгейі қарыштап кеткен. Дегенмен соншама бай елдің бір алпауыты туралы, не патшасы, не Үкімет мүшелері туралы бір келеңсіз әңгіме естімейсің. Олардың көрсеқызарлыққа, дүниеқоңыздыққа салынғаны туралы да айтылмайды. Сонша мүмкіндіктері бола тұра, Британиядан, Швейцариядан, тағы бір жерден зәулім сарайларды сатып алмайды. Осының себебін сұрағанымда, кезінде ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы елшісі, норвегиялық азамат: «Бізде Евангиялық христиан ілімі Конституцияда бекітілген. Осыған байланысты, төменгі сыныптарда бізге жұмаққа барудың жолы адал еңбекте деп айтады. Сол тәрбиемен келген балаға жоғарғы сыныптарға келгенде, адал еңбекпен күн көріп жүргендердің ішінде көрсеқызарлықпен айналыспай, мал шашпақпен айналыспағандар жұмаққа баруы ықтималдығы жоғары деп түсіндіреді», деген еді. Бұл – еңбектің және қарапайым адамгершілікті тәрбиелеу жолы.
Ал бес жыл бұрын Қытайдың Цюаньчжоу қаласында болдым. Сол Цюаньчжоудың теңіз мұражайына кіреберісте «Білімнің көзі Қытайда болса, Қытайға барып оқы» деген жазуды іліп қойыпты. Авторын жазбаған. Мен авторын білгендіктен, сіздер неге оны жазбадыңыздар десем, «оны қазір ішке кіргенде түсінесіз» дейді. Сөйтсем, бірінші залы Ислам-Қытай қарым-қатынасына арналған екен. Сол уақытта Пайғамбардың (с.ғ.с.) сөзін олардың қалай дұрыс пайдаланғанына көзім жетті. Ал біздегі уағыздарда осы айтыла ма?
XX ғасырдың басынан бастап даму мен құндылықтардың байланысын зерттеген ғалымдар да алдынғы тұжырымды нақтап отыр. Бірнеше мысал. Макс Вебердің нарықтық экономиканың қозғағыш күштерін зерттеуде үлкен үлес қосқан атақты еңбегі – протестанттық этиканы зерделеу. Шын мәнінде, қарасаңыз, біз қазір дамыған деп аталатын елдердің заңнамасы – әуелде христиан мен ислам әлеміне ортақ Інжіл мен Құранда бар құндылықтарға негізделген ережелер.
Сол секілді Ниал Фергюсонның, Аджемоглу мен Робинсонның әлемнің түкпір-түкпіріндегі ұлттардың даму деңгейі неге әртүрлі болғанын зерттейтін еңбектерін, немесе Фредерик Старрдың Орталық Азия, яғни өзіміздің аймағымыз, не себептен мың жыл бұрын әлемдегі ең озық ғылым орталығы болып, шын мәнінде рухани құндылықтар – білім, ғылыммен ұштасып тұрғанда прогресс байқалған. Біздің аймаққа келсек, бір жағынан, Жібек жолының құлдырауы, екінші жағынан, шөлейттену, үшіншіден, әскери-саяси тұрғыда мықты болғанмен, мәдени өркениет жолынан артта қалған күштердің жаулап алуымен қатар ықпалды дінбасылардың ғылым мен білімді қатер деп бағалауы прогресті тежеді.
Бұл жалпы экономикалық, әлеуметтік даму туралы қарағанда. Ал демократия тұрғысынан алсақ, Мадлен Олбрайттың «Дін және әлемдік саясат» деген кітабының алғы сөзінде Билл Клинтон Американың ұлы ақыны Уолт Уитменнің ХІХ ғасырдағы сөзін келтіреді. Уолт Уитмен демократияның бастауы дінде жатыр деп айтады. Клинтон осы сөздерді кейбіреулер келтіргенде екінші сөйлемді ұмытып кетеді дейді. Кез келген дінде дегенді. Яғни діннің теңдік қағидаттарына негізделгенін алға тартады.
Жоғарыда дамыған елдер заңнамасына кезінде христиан этикасының ықпалын айтсақ, бізде де солай болды. Бірнеше жыл бұрын Астанадағы заңгерлермен конференцияда қазақ заңнамасының түп тамырын зерделеген бір жас ғалым Есім ханның «Ескі жолын», Қасым ханның «Қасқа жолын» және Тәуке ханның «Жеті жарғысын» атап өтті. Мен оған уәж айттым. Жәнібек пен Керей мемлекеттігіміздің туын жаңадан жаңғыртып көтергенге дейін қазақ қоғамының ортақ ережелеріне қатты әсер еткен үш фактор болды.
Біреуі сөзсіз, ұлттың әдет-ғұрыпы, екіншісі – ислам заңнамасы, үшіншісі – Шыңғысханның ясылары. Осының ішінде, әрине, егжей-тегжей жетілген ислам заңнамасы болды. Мысал ретінде, XII ғасырда Орта азиялық үлкен ғұлама Бурхануддин Маргинани жазған «Хидоя» кітабын алайық. Оның мазмұнының өзінен таңғаларлық акционер мен менеджменттің қарым-қатынасы, жер қазбалары байлығын алғанда үлестердің бөлуі, әйелдердің мүліктік құқығы, тағы басқа заманауи сұрақтарға жауап беретін ережелер ислам заңнамасында VII-VIII ғасырлардың өзінде жазылған екен.
Осы заңдардың болуы, меншіктің қорғалуы, сөзсіз, осыдан мың жыл бұрын Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашғари, Ибн Сина, Ұлықбекке дейінгі дамуда үлкен жағдай туғызды. Ал басында айтқандай, кейін оны кейбір фактор тежеді.
Сонымен қатар біз кезінде бодандықтың қамытын киген ел ретінде бір нәрсені ұмытпауымыз қажет. Үлкен империялар басып алған кезде метрополиялардың ұстанған дініне парапар діни жүйесі болмаған ұлттар мәдени тұрғыдан жұтылып кетті. Оның мысалын біз өзімізбен көршілес болған солтүстік халықтарынан көре аламыз. Себебі үлкен дүниетанымдық жүйе, дін келген кезде наным деңгейінде қалғандар мәдениет ретінде тез жұтылып кетеді. Сол себептен дін исламның біздің бодан халық ретінде империя құрамында өмір сүргенде заманда қазақи болмысымызды сақтап қалуда үлкен маңызы болғанын есте сақтауымыз керек.
Сонымен бірге кезінде XVI ғасырда Інжілді неміс тіліне аударған Мартин Лютер немістің әдеби тілінің жетілуіне үлкен үлес қосқанын білеміз. Себебі Інжілдің тілі, Құранның тілі ол қай ұлттың болсын метафизикалық, дүниетанымдық сөздік қорын байытуға үлкен үлес қосты. Бұл да әрдайым біздің жадымызда болуы керек.
Түптеп келгенде, қазір күрделі кезеңдері басынан өткеріп жатқан жаңа сынақтарға дайын болу үшін осы өркениеттің өзегі – діннің әлеуеті қоғамда сенімді нығайтып, модернизацияға жұмыс жасауы қажет. Бұл дінбасылардың, ғалымдардың, зиялы қауымның ортақ жұмысын қажет етеді. Дін мен ғылымды ұштастыру, біздің дін исламдағы еңбекті насихаттау жолдарын дінбасылар да өз уағыздарында көбірек айтқаны дұрыс.
Қазір ұлттық дәстүрдің жаңғыруымен қатар жастардың ата дінімізге бет бұрысы байқалады. Осыған орай ұлы бабаларымыз Әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи, Абай мен Шәкәрім дәстүр, дін, ғылым, білім, еңбек арасындағы үйлесімді табу жолын аманаттап кеткенін ескеріп, Әділетті Қазақстанда осы үлгіні заманауи тәсілдермен жүзеге асырғанымыз жөн.
Әлихан БӘЙМЕНОВ, қоғам қайраткері