Пікір • 26 Сәуір, 2023

Еркіндік және нарықтық қатынас

572 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен еліміздің әлеуметтік-эконо­микалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңестен аңғарғанымыз: бізде мұн­дай ауқымды іс-шараны ұйымдастырудың жаңа мәдениеті қалыптасып жатыр. Президент енді елдің әлеуметтік-экономикалық даму үдері­сіне билік­тің барлық деңгейіндегі тармақтары қатысатынын осы фор­­мат арқылы анық аңғартты. Бұл билікті орта­­лық­сыздандыру саясатының басталғанын көрсетті.

Еркіндік және нарықтық қатынас

Билікті орталықсыздандырмай, биікке көтерілу жоқ

Президент реформаларды жүзеге асыру­­дың сапасыздығын, жауапкершілік­пен қараудың жоқтығын айта отырып, мем­лекеттік қызметкерлерді реформатор болуға шақырды. Кездесуден кейін сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев билікті орта­лық­сыздандыру туралы заңдарға қол қойды.

Орталықсыздандыру мәселесі шынымен де күрделі. Бірақ басқа елдерге қарағанда бізде бұл бағытта шешімдер дәйекті түрде қабылданып жатыр. Елімізде саяси реформаларға сәйкес билікті орталықсыздандыру жөнінде көптеген жаңалық енгізілді. Конституциялық өзгерістер аясында­ Пре­зидент өз өкілет­тік­терінің бір бөлі­гін биліктің басқа тармақтарына, әкім­дер­ге берді. Мемлекет басшысы облыс,­ республикалық маңызы бар қала және аста­на әкімдері актілерінің күшін жою­ немесе тоқтата тұру жөніндегі құзы­ре­тінен бас тартты. Енді бұл үдеріске ара­ласпайды. Бұл – шын мәнінде өкі­лет­тік­терді атқарушы органдарға беру әрі олар­дың бастамашыл болуына жол ашу. Президенттің аудан, қала, ауылдық округ әкімдерін қызметінен алу құқын жою, облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін тағайындауға мәслихаттардың келісімін алуы үшін баламалы негізде кемінде екі үміткер ұсыну шарттылығы енгізілді. Мұның өзі билікті бір адамның қолына шоғырландыруға мүмкіндік бермейтін тетік боларына дау жоқ.

Сонымен қатар Үкімет басшысы ми­нис­­­тр­лерге өзінің кейбір өкілеттіктерін бер­ді.­ Бұрын біз кез келген шешімді Үкі­­мет қаулысымен қабылдасақ, қа­зір­ министрлердің бұйрығы бар. Олар­­­­дың күші Үкімет қаулысымен бір­дей­­ болмаса да, бұл – еліміздің бүкіл ау­ма­ғы­на қолданылатын нормативтік акт. Яғни­ мемлекеттік билік институттары­ арасындағы өкілеттіктерді бөлу іске асып­ жатыр. Заңнамаға енгізілген өзгеріс­тер­ге сәйкес алғаш рет 2021 жылы ауыл­ әкімдері арасында ашық сайлау өтті. Биыл 70 аудан әкімін халық сайлай­тын­ болады. Сайланған әкім облыс әкі­мі­не жалтақтамай, халықтың қамын көбі­рек ой­лайды. Міне, бұл – нағыз орталық­сыз­­­­­дандыру.

Жергілікті өзін-өзі басқару деңгейінде жаңа үлгідегі басшылар қашан пайда болады? Бұл – уақыт талабы. Әлі күнге дейін әкімдер мен министрлер арасында басқарудың кейбір үлгілерін экс-президенттен қабылдаған адамдар бар. Өйткені олар тікелей соған қызмет етті. Олар халықтан бұрын соған жағуды ойлады. Енді мəдениеті, көзқарасы, басқару принципі тіпті басқаша қалып­тас­қан жаңа Президентіміз бар. Ол қара­­пайымдылығымен, зерделілігімен, ашық­­тығымен ерекшеленеді әрі өте еңбекқор. Шенеуніктер одан басқарудың жаңа сипатын үйреніп, бірте-бірте қайта қалыптасатыны сөзсіз. Жуық арада оған ұқсағысы келетін басшылар көбейеді деп ойлаймын. Бірақ бұған да уақыт керек. Бір-екі жылдан кейін мемлекеттік қызметшілердің басқару стиліндегі нақты өзгерістерді көретінімізге сенемін.

 

«Орташа кіріс тұзағына» қалай түстік?

Президент жиында Қазақстан тығы­рық­қа тірелген «орташа кіріс тұзағы» тура­лы айтты. Ол нені білдіреді? Біз орташа­ кіріс қармағына қалай іліктік? Одан қалай шығамыз? Бұл – өте күрделі әрі көпқырлы мәселе. Сондықтан тұзақ­тың­ қандай да бір стандартты түрі бар деп­ айту қиын. Шынымен де, еліміздің осы­ тұзаққа түскеніне аз болған жоқ. Шама­мен­ 10 жыл бұрын елде алғашқы ресурс­тар пайда болғаннан кейін билеушілер мем­ле­кетіміздің күшін сезіне бастады. Олар жаңа жағдайда қоғамымыздың кез кел­ген мәселесін мемлекет қаржысы арқы­лы шешуге болады деп түсінді. Міне, осы сәттен бастап, кейінгі 10 жылда ­ел Үкі­меті экономикамыздың көптеген сала­сын­­да бағаны реттеуге араласа бас­тады. Басқаша айтқанда, коммуналдық қызмет тарифтері, жанар-жағармай бағасы және басқа да көптеген қызмет түрі мемлекет тарапынан реттеліп немесе­ субсидиялана бастады. Мұның дұрыс үрдіс емес екені қазір дәлелдеуді керек етпейді. Біз бағаны қадағалай аламыз, бай мемлекетке айналдық деп өзімізді бүгінге дейін алдап келдік. Тұзақтан шығамыз десек, ескірген жүйені бұзуымыз қажет. Бұл  – халық үшін де, ел үшін де қиындығы мол қадам. Тіпті әлеуметтік наразылық тудыруы да мүмкін. Бірақ батыл шешімдерден қорқып, тұзақтан шығуға талпынбасақ, ешқашан қуатты елге айналмаймыз. Себебі Үкімет бағаны реттеу арқылы нарықтық ортаға көбірек араласқан сайын бизнестің тынысы тарылып, экономикаға тартылатын инвестицияның көлемі азаяды. Ал инвестицияның өсу қарқынының баялауы қосымша жұмыс орындарының ашылмауына, өндірістің жаңа салаларының дамымауына әкеп соғады. Ел экономикасы кейінгі он шақты жылда осындай тұзақтан шыға алмай отыр. Даму әлеуетіміздің тұралап қалғанының бірден-бір себебі де осында жатыр. Мысалы, бағаны реттеудің салдарынан Қазақстанда электр энергиясы Ресейге қарағанда екі есеге жуық арзан. Бізде – 0,04 цент, Ресейде – 0,07 цент. Ал дизель отыны бізде соңғы уақытқа дейін литрі 230 теңгеден болды, Ресейде – 450 теңге, Өзбекстанда – 570 теңге. Бағаны осындай орынсыз реттеудің салдарынан көп нәрседен ұтылып жатырмыз. Өйткені арзан баға экономиканың біраз секторына инвестиция тартуға жол бермейді. Ал мемлекет қаражаты барлық мәселені шешуге жетпейді. Салда­рынан экономиканың көптеген инфра­құрылымы тозып, оның тұрақты дамуы­на қауіп төне бастады. Мысалы, соңғы кезде электр қуатының, газдың немесе мұнай өнімдерінің тапшылығы байқа­лып, халықты жылумен, ауыз сумен қамтамасыз етуде көптеген мәселе туын­дап жатыр.

чсмч

Елге мол инвестиция тартып,­ эко­но­ми­каның үдемелі дамуын қамтамасыз ете­міз десек, тауарлардың бағасы мен қыз­мет көрсету тарифтерін реттеуден­ дәйекті түрде бас тартуымыз керек. Бұл­ алғашында халыққа, соның ішінде әлеу­мет­тік әлсіз топтарға ауыр тиюі мүмкін. Сон­дық­тан ең алдымен, халықтың осал топ­тарын әлеуметтік қорғау шараларын ес­тен шығармай, бағаны біртіндеп босату­ керек. Елді сауықтыруға, бизнесті дамы­туға мұндай қадамның пайдасы көл-көсір болары сөзсіз. Біз субсидия арқылы байға да, кедейге де қолдау көрсетіп, мемлекет байлығын оңды-солды орынсыз жаратып жүрміз. Экономиканы дұрыс жолға қоямыз десек, кедейлер, әлеуметтік әлсіз топ өкілдері ғана мемлекет қамқорлығында болып, ал тұрмысы дұрыс азаматтар тұтынатын тауарлар мен қызметтердің толық құнын төлегені абзал. Тек осындай жүйе қалыптасқан жағдайда ғана экономика айтып отырған тұзақтан біртіндеп құтыла бастайды.

Инвестор ақша салып, салған қаржы­сын­ біраз уақыттан кейін пайызбен қай­тарып алуы үшін басқа механизмді ойлас­тыру керек. Президент Қазақстан орт­а­ша табысы бар елдердің тұзағына ілініп­ қалды деп айтқанда осыны меңзесе керек. Қазіргі жағдайда бизнесті дамыту кеңіс­тігі тарылып барады, тарифтердің төмен­ді­гінен коммуналдық салаға инвестиция тарту­дың реті келмей отыр. Ал бизнеске еркін­дік беріп отырған салалардың инвес­тиция тарту әлеуеті айтарлықтай жақсы. Мысалы, білім саласына­ елеулі инвестиция тартылып жатыр. Өйткені Үкімет бұл салада көрсетілетін қызметтердің бағасын бақыламайды. Осылайша, жеке­меншік мектептер салуға ынталы азаматтар көбейіп жатыр. Себебі оқыту бағасын халық сұранысына сәйкес олар өздері белгілейді. Бұл салған инвестиция­ны қайтаруға мүмкіндік беретіні анық.

Тағы бір мысал. Медицинаның стоматология саласы толығымен бәсекелестік ортаға берілді. Олардың қызметіне ешкім араласып, бағаларын реттеп отырған жоқ. Соның нәтижесінде медицинаның осы саласы елімізде қарқынды дамып, халықтың сапалы қызмет алуына жол ашылды. Бұл салада бәсекелестік жоғары болғаннан соң стоматологиялық клиникалар дүние жүзінде пайда болған жаңа технологиялардың бәрін елімізге бәсекелестерінен бұрын әкелуге тырысатыны белгілі. Олардың қызмет көрсететін ғимараттары да, пайдаланатын техникасы мен технологиялары да күн өткен сайын жаңарып жатыр. Көрдіңіз бе, стоматологияны еркіндікке жібергенінің арқасында мемлекет те, халық та осы шешімнің игілігін көретіндей жағдайға жетті. Меніңше, дәл қазір медицинаның көптеген саласына еркіндік беруге болады. Сонда ғана бізде медицина саласына жеке инвестиция тартылып, халықтың сапалы қызмет алуына жол ашылатыны анық. Олай дейтінім, кез келген инвес­торлар мемлекет бағаны реттемейтін салаларға ғана өз қаражатын құяды.

Президент әрбір инвестициялық жоба­ға прокурорлардың сүйемелдеуін белгі­леуді тапсырды. Өте дұрыс. Өйткені елге пайдалы жобаларды жүзеге асыр­ғысы келетін инвесторлар бұған дейін шенеуніктердің де, тексеруші орган­дар­дың да озбырлығына жиі ұшырап кел­гені жасырын емес. Прокурор бақы­лау­шы органдардың мінез-құлқын бақы­лап,­ реттеп отырса, осыдан бизнес ұта­ды. Мұндай механизм Өзбекстанда қол­да­­­нылады. Әрбір ірі жобаға бір проку­рор тағайындалады. Инвесторлар кейбір құрылымдарды заңсыз тексеруге шағым­дан­са, олқылықтың орнын прокурорлар тол­ты­рады. Бұл инвесторларды қорғау үшін­ қажет уақытша шара болуы мүмкін. Оны тек республикалық деңгейде ғана жүзе­ге асыруға болмайды. Аймақтық ауқым­дағы ірі жобаларға да прокурор ара­ласса, заңсыздыққа жол бермейтін болады.

 

Мұңы көп мұнай

Президент мұнай өнімдерінің баға­сы­на­ да тоқталды. Бұл халық үшін өте ауыр мәселе. Соған қарамастан Президент жанар-жағармай бағасын біртіндеп көтер­мей, нарықта тұрақтылыққа қол жет­кізу қиын екенін ескертті. Бұл ретте Үкімет мұнай өнімдерінің бағасын қайта қарау кезінде бюджетке түсетін салық мөлшерін арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдауы қажет екенін айтты.­ Жанар-жағармай бағасы тізбек бойын­ша қымбаттаса, көлік шығыны да өсе­тіні анық. Бірақ кейінгі бірнеше жыл­да­ сұйық отын бағасын өсірмеген жағ­дай­­дың өзінде де елімізде инфляция төмендеген жоқ. Сондықтан біраз өсім болатыны рас. Алайда ол соншалықты халыққа ауыр болмайтыны анық. Бүгінгі таңда баға энергия көздерінің, энергия ресурстарының қымбаттауынан емес, ең алдымен, жалақының жоғарылауынан жылдам өсіп жатыр.

Жанар-жағармай бағасының көтері­луі­не келетін болсақ, бұл қадамның кем­ші­лігінен артықшылығы көп деп айтар­ едім. Жалпы, бірқатар елде мұнай өнімдерінің нарығын мемлекет бақы­ла­уына алмайды. Бірақ сұйық отын баға­сының өзгеруін мұнай құнының өзге­руі­мен байланыстыратын белгілі бір дәліз бар. Мысалы, мұнайдың құны өссе, мұнай өнімдерінің бағасы көтеріледі. Мұнай арзандаса, жанар-жағармайдың да құны төмендейді. Біздің елде жанармай­ құю бекеттеріндегі бағаның шекті деңгейін мем­л­­екет бақылайды. Мұндай жағдай біраз­дан бері қалыптасқан. Жоғарыда айтқа­нымыздай, осының өзі көптеген іске қол­байлау болып отыр.

Жанар-жағармай бағасының өсуінен кім­ пайда көреді? Мұнай өңдеу зауыт­тары бұдан ешқандай қосымша табыс алмайды. Өйткені олардың кірісі өңдеуге бекітілген тарифтер есебінен қалыптасады. Жанар­май­ құю стансаларының табысы аздап өсуі мүмкін. Бірақ бағаның шектілігіне байланысты олардың қосымша кірісі аз болады. Қосымша ақша сонда қайда кетеді? Ол жаңа бағамен мұнай сатып алуға жұмсалады. Бұл мұнай өндірушілердің жағдайын сәл де болса жақсартады. Бүгінде мұнай өнімдерін арзан сату үшін мемлекет мұнай өндірушілерді, негізінен отандық компанияларды арзан бағамен сатуға мәжбүрлейді. Салдарынан мұнай өндірушілер жаңа технологияларды тарту, қосымша геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, жалақыны көтеру мүмкіндігінен айырылған. Мұнай сатып алу бағасының төмендігінен өндірушілер мұнай өндіруді жылдан-жылға азайтып отыр.

Біздегі ескі кен орындарында жылына 30 млн тоннадай мұнай өндірілсе, оның 18 млн-ға жуығы отандық зауыт­тарға арзан­ бағамен беріледі. Бұл олардың мұнай өндіруге деген ынтасын жыл өткен­ сайын тежеп келеді. Егер жағдай өзгер­ме­се, жақын арада кен орындарының мұ­най өндіру қабілеті күрт төмендейтіні анық. Осындай жағдай орын алса, ішкі нарық­та­ғы сұранысты қамтамасыз ету үшін мұнай­ды әлемдік бағамен сатып алуға тура­ келеді. Бұл мұнай өнімдерінің де баға­сын 2-3 есе қымбаттатып жібереді. Демек­ жанармай бағасын төмен деңгейде ұстап­ отыра беруге құмар болудың реті жоқ.

Неліктен энергия құнын көтеру қа­жет?­ Арзан болса, ресурсты үнемдеуді еш­кім­­ де ойға алмайды. Соның арқасында біз­ тұрғын үйдің бір шаршы метріне 278 кило­ватт жұмсаймыз, Ресейде – 220 кило­ватт, көршілес елдерде одан да аз. Еуро­па­д­а – 100-110 киловатт, яғни бір шаршы метрге электр қуаты екі есе аз жұм­салады. Біреу шетелде қолайлы ауа райы,­ жақсы және оқшауланған тұрғын үй, жалпы жақсы жағдай жасалған деп айтуы мүмкін. Мен де мұны түсінемін. Алайда­ Ресейдің ауа райын біздің елден жақ­сы демес едім, аумағының жартысы­нан­ көбі суық аймақта орналасқан. Соған қара­мастан бұл елде бір шаршы метр­ге әлдеқайда аз энергия жұмсалады. Өйткені оларда электр энергиясының бағасы жоғары.

Тағы бір дәлел, Қазақстанда адам ба­сы­­­на шаққанда дизель отыны – 370 литр. Ресей­де бір тұрғынға шамамен 220 литр­ден, Өзбекстанда 44 литрден келеді. Бұл да бағаның айырмашылығынан туын­дап отырған жағдай. Өзбекстанда дизель­ отынының литрі 570 теңге, бізде – 230 теңге. Баға жоғары кезде тұты­ну­шы үнемдеуге мәжбүр болады. Егер энер­гия ресурстары өте арзан болса, олар­ды үнемдеуге қызығушылық болмайды. Қазақстандағы арзан жанар-жағармай бағасы қазір мыңдаған адам үшін тұтас көлеңкелі индустрияны қалыптастырды. Бізде тұтас индус­трия бар. Сыйымдылығы бір тоннаға жақын багі бар ауыр жүк көлігіне жағар-жанармай құйып, көршілес елдер шекарасынан өтіп, 500 метрден кейін сол жерде сатып, кері қайтып жатқан азаматтар жетерлік. Осындай жағдайды түбірімен жоюдың жалғыз жолы – бағаны біртіндеп көтеру.

 

Дағдарыс дауылында қайық қаңбақпен тең

Қазақстан – экономикасы шағын мемлекет, біз екі алпауыттың – Ресей мен Қытайдың ортасындамыз. 2021 жылы жаһандық экономика 6 пайыздық қарқынмен өссе, былтыр 3,2 пайызға дейін төмендеді. Биыл өсу қарқыны үш пайыздан төмен болады деп күтіліп отыр. Экономикалық өсудің баяулауы бүкіл әлемде, оның ішінде АҚШ, Еуропа, Жапонияда анық байқалып отыр. Әлемдегі екінші экономикаға ие Қытай кейінгі он жылда 7-8 пайыздық қарқынмен өсті. Өткен жылы өсім небәрі 3,2 пайызды құрады. Бұл – көптеген тауарға, оның ішінде еліміздің негізгі экспорттық тауары саналатын мұнайға деген әлемдік нарықтағы сұраныстың төмендеуіне алып келді. Сұраныстың төмендеуі мұнай бағасын арзандатады, яғни біз азырақ кіріс аламыз, бұл – біздің бюджет үшін жақсы құбылыс емес. Сонымен қатар басқа экспорттық тауар­лар, қара және түсті металдар, астық бағасы да төмендеп кетті. Соның салдарынан былтыр шаруалар астық сатуда қиын­дықтарға тап болғаны рас.

Соңғы 100 жылда ортақ экономика құрып келе жатқан ең үлкен көршіміз – Ресей. Көптеген отандық зауыт әлі күнге дейін ресейлік немесе кеңестік техниканы пайдаланады. Бұл үрдістен бір күнде құтыла алмаймыз. Саяси жағ­дай­ларға байланысты бізде бұл тұрғы­да­ қосымша қиындықтар пайда болды. Мысалы, өткен жылы Ресейден әке­лі­не­тін машина жасау өнімдерінің импорты­ 70 пайызға қысқарды. Қазақстан сатып алғы­сы келмегендіктен емес, Ресей санк­ция­­ның салдарынан аталған өндіріс сала­сы­ның өнімдерін шығаруда үлкен қиын­дық­тарға душар болғандықтан. Осыған орай бізге энергетика, мұнай-газ, көлік, теміржол машиналарын жасау салалары­ның ­өнімдерін алу қиынға соғып отыр. Біз тіпті жеңіл және жүк көліктерін әкелу­ді тоқтаттық. Осының бәрі ел эконо­­ми­касына ауыртпалық туғызып жатыр.­ Бұл жағдай барған сайын қиындай түсе­тін­ секілді. Мұның өзі күн тәртібіне көп­те­ген сұрақ қойып отыр: Біз аталған өнім­дер­ді немен алмастырамыз? Олар­ды қандай бағамен сатып аламыз? Жаңа­ техниканы пайдалануға адамдарды қалай­ да­йындаймыз? Тіпті қолданыста тұр­ған техникаға қосалқы бөлшектерді қай­дан іздейміз?

Соңғы кезде Ресей рублінің құн­сыз­да­нуы күшейіп барады. Бұл біздің эконо­мика үшін қауіп тудыратыны анық. Өйтке­ні Ресей ішкі нарығында баға бұрын­ғы деңгейде қалса, онда рубльдің құн­сыз­­да­нуының салдарынан ол елде өнді­рілген өнім бізде арзандай бастайды. Нәтижесінде, Ресейдің арзан тауарлары­ Қазақ­станға ағылып, отандық тауар өнді­­ру­­шілердің бәсекеге қабілеті төмен­дейді және алтын-валюта­ қорымыз қанша­ үлкен болса да, оның бәрі Ресейге қарай ағылады. Біз шекараны жаба алмаймыз. Сондықтан экономиканы тұрақтандыру үшін біз де ұлттық валю­та­мызды құнсыздандыруға мәжбүр бола­мыз. Оның соңы инфляцияның өсуі­не,­­ инвестициялық белсенділіктің төмен­де­уіне, экономиканың біраз саласының дағ­дарысқа ұшырауына әкеліп соғуы мүм­кін. Бұл – бізді алаңдататын үлкен қауіп­тің бірі.

Президент алдымызда тұрған үлкен проблемалар туралы айта келіп, жағдай бұдан да қиын болуы мүмкін екенін ескерткенде жоғарыдағы факторлардың барлығын ескерген секілді. Шынында да бізге дүниеде болып жатқан бүкіл оқиғаны мұқият бақылау керек. Үкіметте ақылды, кәсіби деңгейі биік мамандар жеткілікті. Олар осы жағдайларды онсыз да жіті бақылап, қиындықтардың алдын алу іс-шараларын зерделеп жүргені айтпаса да түсінікті. Дегенмен қазіргі әлемдегі жаңа геосаяси жағдай барысында Қазақстан кейде өз бетімен бірдеңе істей алады, ал кейде дәрменсіз екенін мойын­дауымыз керек. Себебі біздің эко­но­­­микамыз – шағын экономика. Оны мұхит­­тағы дауылға қарсы жүзген қайық­пен теңеуге болады. Сондықтан осындай қиын кезде барлық жағдайға бейімделе білуі­міз керек.

Бейімделу дегеніміз не? Сабырлы болу. Қиындықты мүмкіндік деп қарау. Жаңаша еңбектену. Әлеуетімізді сарқа пайдалану. Әрқайсымыз осы факторларға айрықша мән беріп, алға жылжудың жолдарын жабыла қарастырмасақ, бай мемлекет бола алмаймыз. Саяси реформаларды жүзеге асыру арқылы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді түпкілікті шешуді мақсат еткен Мемлекет басшысы мен Үкімет азаматтардың бастамасын қол­дау үшін барлық жағдайды жасауға тыры­сып жатыр. Президент нарықтық қаты­настарға көшкен Қазақстанда еркін­дік­ пен еңбекқорлық алдыңғы орынға шық­қанда ғана ел бола алатынымызды бі­р­неше мәрте айтты. Ол атқарушы билік­ті халықпен етене жұмыс істеуге, мем­ле­кетшіл-реформатор болуға, адал кәсіп­кер­л­ікті қолдауға жұмылдырып отыр. Жалпы, Қазақстанның экономикасын шенеу­ніктер емес, өз қолымен бірдеңе жасай алатын адамдар, яғни кәсіпкерлер, диқан­дар, кеншілер, мұнайшылар көте­ре­ді.­ Сондықтан Президент ең алдымен жасампаз еңбек адамдарына дұрыс жағдай жасауды күн тәртібіне қойып отыр.

Бізде «мемлекет мен үшін бәрін жасауы керек» деп ойлайтын адамдардың бел­гілі бір тобы бар. Жоқ, әсте олай емес. Ең алдымен мемлекетімізге пайдалы­ іс­ жасауға тырысуымыз керек. Батыс елде­рі, соның ішінде Америка да осы өлшем­мен өмір сүріп келеді. Керек десе­ңіз, бұл елдерде өзін-өзі басқару орган­дары мемлекеттік институттардан бұрын пайда болған. Жоқты-барды сынап, билікке қол жайып отыру өзін-өзі бас­қару инс­ти­туттарының ойына да кел­мейді, бар­лық мәселесін өздері шеше­ді. Әу бастан ешкімге алақан жайып­ отыр­­май­­тын олардың менталитеті қандай да бір­ мәселені өзіміз шешіп аламыз де­­ге­н­­­­­ге­­ ­саятыны да жасырын емес. Бізге де­ социа­лизм заманынан келе жат­қан­ ескі­ масылдық көзқарастан арыла­тын кез келді. Сондықтан қазіргі кезең­де елімізді гүлдендіру үшін көп қаржы­дан­ бұрын адамдардың игі ниеті мен бола­шақ жарқын өмірге деген іскерлік құштар­лы­ғы­ қажет.

 

Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ,

экономист