Өткен ғасырда ұрпақтарды латын әліпбиінің X, Y, Z әріптерімен белгілеу қалыпқа енді. Z буынға 1997-2012 жылдар аралығында дүниеге келгендер, яғни қазіргі жастар мен жасөспірімдер кіреді. «Global Web Index» компаниясы «Gen Z» туралы зерттеуіне 50 мемлекеттен 900 мың респондент қатысқан. Нәтижесінде, интернет пайдаланушылардың 73 пайызының өз ойын, эмоциясын интернет-мемдер арқылы жеткізу оңай әрі тиімді екені анықталды.
(Жұмыс берушіні таңдаудағы маңызды критерийлер)
Соңғы уақытта Z ұрпақ арасында «BeReal» француз әлеуметтік желісіне қызығатындар қатары көбейген. Бұл платформа қолданушыға достарының дәл сол сәтте немен айналысып отырғанын көрсетуге мүмкіндік береді. Зерттеушілердің пайымдауынша, биыл бұл техно-өнім жастар арасында трендке айналуы мүмкін. Әлеуметтік желі демекші, жеткіншектердің 9/10-ы смартфон арқылы түрлі ойындар ойнайтыны анықталған. Демек мета-әлемнің негізгі аудиториясы – жастар.
Z ұрпақтың 1990-2000 жылғы сәнге қызығушылығы да мамандардың назарынан тыс қалмады. Оларды сол кезеңдегі бір қарағандағы алаңсыз, бейқам өмір салты қызықтырады. Өйткені қазіргі жастардың көптеген стрессорларға тап болатыны анық. Содан болар, олардың қоршаған орта туралы алаңдаушылығы соңғы уақытта 11%-ға кеміген. Сонда да климат проблемасына қатысты бұл буынның көзқарасы шешім қабылдауда сеп болады екен.
Бүгінде Z ұрпақтың басым бөлігі оқуды аяқтап, жұмыс істеп жүр. Бірнеше жылдан кейін олардың еңбек нарығындағы үлесі едәуір артады. «EmploymentHero» компаниясының зерттеуі жастардың еңбекке деген көзқарасындағы 7 ерекшелікке назар аударады: олардың амбициясы жоғары болғанымен, мансапта ілгерілеуіне деген сенімі төмен; олар карьера жасау мүмкіндігінің жоқтығы, төмен жалақы мен ұжым мәдениетінің нашар болуына байланысты жұмысын жиі ауыстырады; жас қызметкерлер үшін жұмыс тәртібінің икемді болуы (онлайн және оффлайн) өте маңызды; жастардың талаптарына жұмыс орнында психологиялық көмектің қолжетімді болуы да кіреді; олар үшін «work-life balance», яғни жұмыс пен жеке өмір балансын сақтау маңызды; құжат айналымын цифрландыруды керек етеді; өздеріне ұнайтын жұмысқа ғана кіргісі келеді.
АҚШ-тың Z ұрпақ өкілдерін Американың басқа державалармен бақталастығы емес, қоршаған орта мен адам құқығы мәселелері көбірек толғандырады екен. «Carnegie» орталығы жүргізген зерттеуге сәйкес, респонденттердің жартысы үкімет қоршаған ортаны қорғауға басымдық беру керек десе, 12%-ы Қытай агрессиясын назарға алу керек деп санайды. Олардың пікірінше, өзге елдермен тату қарым-қатынас жасау сыртқы саясаттың негізгі бағытына айналуға тиіс.
«Randstad» атты жұмысқа орналасу мен жалдамалы қызмет жөніндегі ірі консалтинг компаниясы дамыған 31 мемлекеттегі 150 компаниядан мол дерек жинақтаған. Оның есебіне сәйкес, Z буынының әрбір екінші өкілі әр алуандық пен инклюзияны қажет етеді. Олардың 41%-ына әр алуандық пен инклюзияның жұмыс таңдауда үлкен рөл атқаратыны мәлім болды. Ендеше, бұл ұрпақтың 39%-ы жұмыс берушіден әлеуметтік жауапкершілікті талап ететіні таң қалдырмауы керек.
«Randstad» мамандарының айтуынша, 18-25 жастағы адамдар әлі де дәстүрлі ынталандыру жолдарын (жалақыны көтеру, қызмет бойынша жоғарылату, марапаттау) қаласа да, олардың үлесі азайып келе жатыр. Мысалы, Z буынына жататын респонденттердің 56%-ы үшін ғана жалақы мен әлеуметтік төлемдер жұмыс таңдауда маңызды фактор болған. Кестеде көрсетілгендей, жас ұрпақтың талаптары бумерлер, X ұрпақ және миллениалдармен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Z өкілдерінің 32 пайызы үшін жұмыс орнының орналасқан жері маңызды критерий емес екендігіне қарап, олардың мобильділігін аңғара аламыз.
Статус-квоны барынша өзгертуге тырысқан бұл буын қоғам мен жаһан мәселелеріне көзқарасы мен өмірлік ұстанымдарымен ерекше өзгешеленеді. Z ұрпақтан кейінгі өсіп келе жатқан буын да аға ұрпақтардың жетістіктері мен тәжірибесінен сабақ алып, қоғамға жаңашылдық әкеледі деген үміт бар.
Айдана АМАЛБЕКОВА,
Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы