Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жас жігіт неге адасты?
Осы мәлімет бұқаралық ақпарат құралдарына тарағаннан кейін Сыртқы істер министрлігі пікір білдірген еді. Аталған ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров ол жігіттің келісімшартқа өз еркімен қол қойғанын хабарлады.
«Қолда бар мәліметке сәйкес, аталған Қазақстан азаматы «ЧВК Вагнер» (ресейлік мемлекеттік емес қарулы құрылым) жеке әскери компаниясымен өз еркімен келісімшартқа отырған. Мәскеудегі Қазақстан Республикасының елшілігі жас жігіттің туыстарының өтініші бойынша Ресей Федерациясының құзыретті органдарына сауал жолдады. Қазіргі таңда бұл ақпарат тексеріліп жатыр. Консул студенттің туыстарымен тұрақты байланыста», деді Айбек Смадияров.
Жігіттің туыстары «Inbusiness» сайтына берген сұхбатында 23 жастағы Марғұлан Бекеновті майданға күштеп әкеткенін алға тартады. Жас жігіт Том қаласындағы мемлекеттік университеттің үшінші курсында оқиды. Туыстарының сөзіне сүйенсек, ол 2023 жылғы 18 наурызда аталған шаһарға жолға шыққан. Кетіп бара жатқанда сүйікті қызына жолығатынын айтқан. Алайда көп ұзамай-ақ байланыс үзілген. Бір аптадан кейін анасына хабарласып, амандығын жеткізген.
Ана жүрегі бір нәрседен секем алды ма, кім білсін, Марғұланның достарына телефон шала бастапты. Сөйтіп, оны «вагнерліктер» қатарына қосуға көндіргенін, сөйтіп Краснодар өлкесіндегі Молькино елді мекеніне әкеткенін анықтайды. Ал 12 сәуірде оны соғыс болып жатқан аймаққа жіберген. Әлмира Бекенова Ресейге барып, 9 сәуірде базадағы бақылау-өткізу пунктінде ұлымен жүздескен. Содан кейін әлеуметтік желіде Марғұланның өзі түскен бейнежазба жарияланды. Онда қазақ жігіті «Вагнер» құрамына өз еркімен қосылғанын, ешкім ұрламағанын айтады.
«Бұл соғыс сендердікі емес!»
Желіге тараған бейнежазбадан кейін Сыртқы істер министрлігі осы оқиғаға қатысты тағы да пікір білдірді. А.Смадияровтың сөзіне сай, шетелде заңсыз әскери іс-қимылдарға қатысқан ел азаматтарына бес жылдан тоғыз жылға дейін жаза қарастырылған.
«Ол жақта ешқандай романтика жоқ. Жігіттер, бұл соғыс сендердікі емес. Абайлаңдар, туыстарыңды ойлаңыздар дегім келеді. Бәрің ересек адамсыңдар. Бұл жігіт те кәмелет жасына толған. Шешімді өзі қабылдаған. Өкінішті. Қолымыздан келген көмегімізді көрсетіп жатырмыз. Ата-анасымен байланыстамыз. Тиісті сұранысты Ресей Федерациясының өкілетті органдарына жолдадық. Ақпаратты тексеріп жатырмыз. Алайда елге келгеннен кейін оған қатысты қылмыстық іс қозғалатынын ескеру керек», деді А.Смадияров.
Қылмыстық кодекстің 172-бабына сәйкес, шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа немесе соғыс қимылдарына жалдамалы ретінде емес, қасақана қатысқандар 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Ал 170-бапта жалдамалы ретінде қарулы қақтығыстарға қатысқандардың 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге сотталатыны көрсетілген.
Журналист, әскери шолушы Амангелді Құрмет қай тарапта соғысса да шетелде әскери іс-қимылға қатысқан Қазақстан азаматы қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын алға тартады. Алайда құқық қорғаушылар соғысқа қатысқанда қандай қылмыс жасағанын, адам өлтірді ме, басқа қандай әрекет етті деген секілді факторларды ескеріп жаза тағайындауға тиіс.
«Білуімше, 2015 жылдан бері Қазақстанда шамамен оншақты адам шығыс Украинадағы қақтығысқа қатысқаны үшін сотталды. Кейін басқа қылмыс жасап бас бостандығынан айырылғандар да бар. Мысалы, Теміртау қаласының тұрғыны екі адамды өлтіргені үшін 25 жылға сотталды. Алматыда тағы бір соғысқа қатысқан азамат сот орындаушысын, тағы бірнеше адамды атып тастады. Оған өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Кейін екі қылмыскердің де Украинада соғысқаны анықталды. Сондықтан ондай азаматтар елге келген соң қылмыстық жазаға тартылуы керек», дейді А.Құрмет.
«Болашағына шабылған балта»
Саясаттанушы Ғазиз Абишев шетелде қарулы қақтығысқа қатысудың мүлдем дұрыс емес екенін, қылмыстық жауапкершілікке тартылатынына назар аударады. Сондай-ақ кез келген қоғамда түрлі себептерге байланысты осындай қадамға баратын адамдар болатынына тоқталды. Саясаттанушының пікірінше, ондай адамдар болашағына балта шабады.
«Ол жас бала, небәрі 23-те. Бәлкім, ол жігіттің достары, таныс қыздары үгіттеген шығар. Сөйтіп, соғыс романтикасына беріліп, басы айналып, аздаған ақшаға қызығып, «Вагнер» сапына қосылған шығар. Бірақ оның болашағы өте бұлыңғыр. Өкінішке қарай, алдағы уақытта Украинада алғы шепке барған соң қаза табу ықтималдығы жоғары. Өйткені ешқандай әскери тәжірибесі жоқ. Соғыстың иісі мұрнына бармаған. Ал ондай адамдар соғысқа кіргеннен кейін көп ұзамай-ақ өліп қалатынын естіп-біліп отырмыз. Сондықтан 2-3 айдың ішінде мерт болуы мүмкін.
Алда-жалда тірі қалып жатса, Қазақстанға қайта оралуы қиын. Өйткені бұл мәселе қоғам назарына ілікті. Сыртқы істер министрлігі, Бас прокуратура онымен айналысып жатыр. Елге келген соң оған қарсы қылмыстық іс қозғалады. Енді ол келешекте тек Ресейде ғана тұра алады. Себебі «Вагнер» ұйымын көптеген мемлекет террористік ұйым деп таныған. АҚШ тарапы тіпті «Вагнерге» қарсы күресетінін мәлімдеді, оны «ДАИШ» содырларына теңестіруі ықтимал», дейді Ғ.Абишев.
Саясаттанушының мұндай пікір білдіруі бекер емес. Ақпан айында АҚШ тарапы Украинадағы соғысқа қатысты мәлімет жариялап, «Вагнер» жеке әскер компаниясы шамамен 30 мыңнан астам сарбазынан айырылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар қаза тапқандардың 90 пайызға жуығы соңғы уақытта ғана қатарға қосылған көрінеді. Ақпаннан бері екі ай өткенін ескерсек, қайтыс болғандар саны артқаны түсінікті. Әсіресе, Бахмут және Авдеевка маңында соғысып жатқан «Вагнер» компаниясының сарбаздары қынадай қырылғанын телеграм каналдар жарыса жазғаны есімізде. Соғысты зерттеу институты (ISW) таратқан мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда «Вагнер» ұйымы өте көп шығынға ұшыраған.
Әскери шолушы А.Құрмет те «Вагнер» сапына қосылған қазақтың елге аман оралуына күмәнмен қарайды. Өйткені қазір ұрыс алаңы өте қызып тұрғанын, түрлі техникалар, қарулар пайдаланылып жатқанына назар аударады.
«Шынымен майдан даласына барып, Бахмутта, Угледарда немесе Авдеевкада соғысса, құдай бетін ары қылсын, онда оққа ұшуы ықтимал. Сондықтан елге орала ма, жоқ па, болжам жасау қиын. Егер түрлі каналдар арқылы «Вагнер» компаниясының басшылығына сұрау салып, туыстарының өтініш хаттары арқылы біздің дипломатиялық қызмет майданнан шығарып алатындай мүмкіндік жасаса, онда елге әкелуге мүмкіндік туатын шығар. «Вагнер» мұндай өтінішке құлақ аса ма, жоқ па, ол бөлек мәселе», дейді А.Құрмет.
Сарапшылардан Қазақстан азаматының «Вагнер» сапына қосылуына не себеп болғанын сұраған едік. Олардың пайымдауынша, бұған Ресейдің ақпарат құралдарының ықпалында ұзақ жыл отыруымыз әсер етуі ықтимал.
«Өкінішке қарай, ақпараттық кеңістігімізде әлемге, жаһандық оқиғаларға Ресейдің көзқарасымен қарап келдік. Оның үстіне, солтүстік аймақтарда Ресейдің үгіт-насихат тарататын арналарын көру басым. Сонымен қатар біздің қоғамда, жалпы пост-кеңестік мемлекеттерде соғыс романтикасы деген дүние бар. Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңістерін, сондағы айқастарды 80 жыл бойы дәріптеп келдік. Батырларды ұлықтадық, кеңес әскерін теңдессіз деп насихатталды. Сол себепті халықтың санасында белгілі бір мөлшерде милитаристік көзқарас қалыптасты. Бәлкім, бұл да ықпал етуі мүмкін. Мұндай қадамға барудың нақты себебін сапалы әлеуметтану және мәдениеттану, тіпті психологиялық зерттеулер арқылы анықталады», дейді А.Құрмет.