Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»
Ресми статистикаға сүйенсек, Павлодар облысындағы барлық дайындау (сою) нысандарының саны – 138. Бүгінде оның тек жартысына жуығы ғана, яғни 78 нысаны ғана қызмет көрсетіп тұр. Жергілікті аумақтардың 56,5 пайызы талапқа сай қасапханалармен қамтылған. Қасапханалардың жеткіліксіздігі ауыл жұртын қосымша шығынға ұшыратып отырғанын айту керек.
Шарбақтының Есілбай, Шалдай, Ботабас, Галкин, Шегірен, Арбаиген ауылдарының тұрғындары бүгінде жалғыз қойын сою үшін 80 шақырым жердегі аудан орталығына сандалуға мәжбүр. Шегірендегі қасапхананың есігі құлыптаулы тұрғанына жылға жуық уақыт өткен. Аумақтық инспекция нысан талапқа сай емес деген сылтаумен мал соятын алаңды ашқызбай отыр. Жақын маңнан қасапхана таппай зар болған жұрт үшін қолдағы түлігін сойып, қалаға апарып өткізу үлкен мәселеге айналған. Алда-жалда өз бетімен сойып, жолда тәртіп сақшыларының қолына түссе, қомақты сомада айыппұл арқалайды. Жеңіл машинаның жүк салғышына тией салатын зат емес, жүк көлігін жалдау үшін бұл екі аралыққа кемі 40-50 мың теңге сұрайды. Оның үстіне мал соятын алаңның қызмет құны бар. Есілбай ауылының тұрғыны Марат Иманғазиновтің айтуынша, Шегірендегі алаңда бұған дейін Шалдай, Есілбай, Ботабас, Галкин және Арбаиген ауылдарының төрт түлігі сойылып келген. Есепке алу құжатының жоқтығына байланысты ол бір жылдан бері қаңтарылып тұр. Ауыл әкімдігіне, аудан басшылығына бұл мәселе талай мәрте айтылғанымен, түйткілдің түйінін тарқатуға асығар емес.
«Былтыр күзде мал семірген уақытта қатты қиналдық. Шарбақтыға апарайық десек, шығынымыз бастан асып кетеді. Амалсыздан малды тірідей сатып алатын алыпсатарларға жем болдық. Біздің жағдайымызды жақсы біліп алған олар да төмен баға ұсынды. Тіпті қаладағы туысқандарымызға ет жіберуден қалдық. Осылайша, түлігіміз талай жылғы еңбегімізді ақтамады, пайдасын көре алмай отырмыз. Қазір көктемгі мезгілде пышаққа ілінетін ірі қара аз емес, бірі көтерем, енді бірі батпаққа батып, амалсыз сойып тастаймыз. Оларды ет өңдейтін кәсіпорындарға апарып тапсырсақ аз-маз пұл түсер еді ғой. Алайда ауылдан оны ет күйінде алып шығуға рұқсат жоқ. Апарар болсақ, аңдып жүрген жол полициясы айыппұл арқалатып жібереді. Ал аудан орталығына тірідей жеткізу тиімсіз екенін айттым. Бұл аудандық ветеринарлық инспекцияның жауапсыздығынан орын алып отырған мәселе деп есептейміз. Аудан әкімдігі де мәселеге көз жұма қарап отырғандай. Есілбайда 600-дей тұрғын бар. Бәріміз малмен күнелтіп отырмыз. Мына жақта 25 шақырым жерде 2 мың адам тұратын Шалдай ауылы бар. Олардың да мұң-мұқтажы – осы», дейді отағасы.
Есілбайлықтардың проблемасын жеке кәсіпкер Мұрат Тырмауұлы да жақсы біледі. Ет бизнесімен айналысатын азамат үшін ауылда арнайы алаңның жоқтығы қосымша шығынға ұшыратып отыр.
«Бір барғанда шағын жүк көлігімен аудан орталығына 4-5 ірі қара апарып сою қажет болады. Оны жеткізуге шамамен 50 мың теңгеге шығындаламын. Жуықта Шегіренде тұратын ағамның малын құжатсыз алып шығамын деп бәлеге қалдым. Жолда полицейлер тоқтатып, айыппұл салды. Сондықтан мен үшін пайдасынан гөрі, шығыны басым болып тұр. Жергілікті аудан әкімдігі, жауапты мекемелер бұл мәселеге бас ауыртпайтындай көрінеді. Ветеринария бөліміне хабарлассам, ондағылар ауылдағы мал соятын алаңның иесіне сілтейді, ал қасапхананы ұстап отырған азамат бөлім рұқсат бермей отыр деп зар илейді. Есесіне ауылдықтар зиян шегіп отыр», деп мұңын шақты кәсіпкер.
Негізі аудан бойынша небәрі 5 мал соятын алаң ғана бар. Оның бірі Шарбақтыда екенін жаздық. Қалғаны Орловка, Жылыбұлақ, Красиловка, Александровка ауылдарында орналасқан. Тұрғындар Александровкадағы қасапхана да талапқа сай жұмыс істемейтінін, жиі тоқтап қала беретінін айтады.
Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Шарбақты аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Қайыржан Дәулетбаев Шегірендегі мал соятын алаңның тоқтап тұрғанына иесі кінәлі деп санайды. Айтуынша, «Назарәли» ШҚ осыдан бірер жыл бұрын оны өз иелігіне алыпты. Алайда содан бері нысанның күйі қашқан. Аудандық мекеме ветеринарлық-санитарлық қорытынды шығарар уақытта қасапхананың маңайы қоршалмағанын назарға алып, есепке алу құжатын бермей қойған.
«Қожайыны кемшілігін түзетеміз деп сөз бергенімен, іс жүзінде уәдесін әлі күнге орындамады. Талапқа сай болмағаны үшін алаңға өз жұмысын жалғастыруға рұқсат бере алмаймыз. Себебі ол заңсыздық болар еді. Иесі ауысқанға дейін нысан аудандағы өзге қасапханалар секілді тәуір жұмыс істеп тұрғанын атап өткім келеді», деп келтесінен қайырды ауданның бас ветеринары.
«Назарәли» ШҚ басшысы Нұржан Азаматовқа хабарласқанымызда, ол шынымен алаңның стандартқа сай келмей тұрғанын мойындады. Былтырғы көктемнен бері ветинспекция тоқтатып қойған. Қазір шаруашылық алаңды толықтай өз меншігіне өткізу үшін құжаттарын ресімдеу үстінде.
«Былтыр ауданға құжаттарымды бірнеше мәрте апарып тапсырдым. Алайда ондағылар барлығын кері қайырды. Айналасын қоршауға қанша қаражат қажет екенін де білмеймін. Шамамен 0,9 гектар жерді қоршауым керек. Қазіргі күні жергілікті мал ұстаушы ағайынға қиын болып тұрғанын жақсы түсініп отырмын. Алайда құжат мәселесі шешілмей, малды союға қабылдай алмаймыз. Ол шамамен маусым айына дейін жалғасуы мүмкін. Сондықтан қазір бір ғана жол бар, ол – аудан орталығына апарып сою», дейді Н.Азаматов.
Бәрін айт та, бірін айт. Ауылдағы ағайынның құтын қашырған осы бір түйткілдің түйінін тарқатуға осы уақытқа дейін аудан әкімдігі бейқамдық танытып келіпті. Бұл мәселе жайында аудан басшысы Әзілхан Әбеуовтің пікірін білмекке бірнеше мәрте хабарласып көрген едік. Алайда әкім телефон тұтқасын көтермей қойды. Соңынан көмекшісі хабарласқанымен, мардымды жауап ести алмадық. Тиісті мемлекеттік органдарға талап қоймағандары да түсініксіз.
Мұндай қолайсыздыққа Баянауылдың Ақсан, Күркелі, Қызылтау, Сәтбаев ауылдық округтері мен Майқайың кенті де ұрынып отыр. Тіпті аудан орталығында да мал соятын нысан жоқ болып шықты. Әйтпесе, Ақсан мен оған қарасты елді мекендердің тұрғындары үшін небәрі 20 шақырым жердегі Баянауыл кентіне барып, малдарын сою тиімді болар еді. Алайда бұл аумақтың халқы сыртқа мал етін шығару үшін 60 шақырым жердегі Торайғырға жүк көлігін жалдайды. Сол секілді Күркелі ауылының жұрты Жаңатілек ауылдық округіне (65 шақырым) шұбырады. Тілдей ветеринарлық анықтамаға қол жеткізу бүгінде ауылдықтарға үлкен салмақ салып тұр.
Баянауыл ауданы бойынша бүгінде 7 мал соятын алаң керек. Қолданыстағылардың саны – алтау ғана. Аудандық ветеринарлық стансаның басшысы Сланғали Айтбаев бұл мәселені шешуге ең әуелі жергілікті шаруа қожалықтары өздері мүдделі болуы керек деп санайды. Себебі алаңдар – жеке кәсіпкерліктің түрі. Биыл Күркелі, Ақсан, Қызылтау ауылдық округтерінде мал сою нысандары салынады деп күтілуде. Өзге аумақтарды да қамту жоспарда екен.
Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Павлодар облыстық аумақтық инспекциясының басшылығы ауылдардағы мал соятын алаңдарды салуға мемлекет араласа алмайды деп аузын қу шөппен сүртеді. Мал дәрігерлері тек үй жануарының санитарлық талапқа сай сойылғанын растайтын анықтама жазуға жауапты. Одан өзге жауапкершілікті жергілікті қауымдастық пен шаруашылықтар өздері арқалауы керек.
Өңірлік инспекцияның жетекшісі Рашид Нұрбековтің сөзіне сүйенсек, мал сою алаңдары Железин, Ертіс, Май, Тереңкөл, Аққулы аудандарында және Павлодар мен Екібастұз қалаларында да өте аз.
«Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 23 қаңтардағы №7-1/37 бұйрығының 12-тармағына сәйкес, есептік нөмірі сою алаңдарын қоспағанда өндіріс нысанын пайдаланудың бүкіл кезеңіне беріледі. Ал мал сою алаңдарына ол бір жылға ғана беріліп, жыл сайын расталуға жатады. Қолданыстағы есептік нөмірін растау үшін мал сою учаскелері бекітілген ережелерге бағынуы керек. Сою алаңы – ет өңдейтін кәсіпорын немесе сою пункттері жоқ кезеңде, ветеринариялық-санитариялық ережелер сақталып және жануар мен оның сойылған өнімдеріне ветеринариялық тексеру жүргізе отырып, мал сою үшін белгіленетін орын. Дайындау (сою) нысандары бойынша нақтыланған нормалар жоқ әрі ол нысандарды мемлекет тарапынан қаржыландыру көзделмеген. Себебі қызметтің бұл түрі ветеринария саласындағы кәсіпкерлік болып саналады», дейді ол.
Малды сою туралы деректер ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қорының ақпараттық жүйесінде тіркеліп, ай сайын Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетіне жіберіліп отыратынын айтып өтейік. Былтыр Павлодар облысында 41 287 ірі қара, 13 786 ұсақ мал, 8 695 жылқы, 194 912 құс сойылған. Облыс бойынша бір бас мал союдың орташа құны 1 500 теңгеден 8 000 теңгеге дейін жетеді екен.
Тағы бір мәселе, өңірде ветеринар мамандардың жетіспеушілігі де байқалады. Облыстық ветеринарлық стансаның штаттық кестесіне сәйкес ауылдық округтердің ветеринарлық пункттерінде 530 маман қызмет атқарып жүр. Р.Нұрбеков қосымша 536 ветеринар қажет екенін атап өтті. Павлодар қаласында, Павлодар, Железин, Ақтоғай аудандарында ветеринар мамандардың орны бос тұр. Сондықтан мәселенің күрделенуіне маман тапшылығы да үлкен әсер етіп тұрғаны анық. Себебі кейбір ауылда мал сою пункті бар болғанымен, мал дәрігері жоқ.
Ауыл жұрты мал шаруашылығы бойынша қабылданған заңдар мен заңнамалық өзгерістерден кейінгі уақытта жиі зиян шегетінін көз көріп жүр. Себебі көп жағдайда заң бар да, оны іске асыратын тетік әлсіз. Ветеринарлық талаптар да сол жағдайдың кері. Бұл істі жеке кәсіпкерлер атқарып кетеді деп сеніп отырмай, жауапкершіліктің бір ұшына жергілікті әкімдіктерді араластырмай болмас...
Павлодар облысы