Қоғам • 26 Сәуір, 2023

«Кеншілер даңқының» бүгінгі кейпі

434 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әрбір елді мекеннің ең басты құрметі сол жерді, өңірді өркендетуде негізгі салмақты көтеретін сала адамдарына арналатыны айтпаса да түсінікті. Сәтбаев қаласында да солай. Мұнда негізінен «Қазақмыс» корпорациясына қарасты кеніштердің, шахталардың еңбеккерлері тұратындықтан, қаланы ауызекі тілде «Кеншілер қаласы» деп те атайды.

«Кеншілер даңқының» бүгінгі кейпі

2012 жылы қалада кеншілердің құрметіне арнайы «Кенші даңқы» монументі бой көтерді. Сол монументтің кескін-келбеті жөнінде қалалық әкімдікте бірнеше мәрте талқылаулар өткені де белгілі. Көптің талқысы текке кетпеді, монумент халықтың көңілінен шықты. 2012 жылғы тамыздың соңғы жексенбісінде монументтің ресми ашылуы өтті. Монументтің атшаптырым айналасы да абаттандырылып, көпшіліктің бос уақытын тиімді пайдалануына лайықты етіп жасалды.

Арада бес жыл өткенде, яғни 2017 жылы сол кездегі қала әкімі А.Ыдырысовтың бастамасымен және «Қазақмыс» басшылығының қолдауы арқасында бұл жерге тау-кен техникаларын әкеліп, орнату арқылы ашық аспан астындағы музей жасаудың негізі қаланды. Сөйтіп, «Кенші даңқы» монументінің мән-мазмұны арта түсті. Монумент маңы қала тұрғындарының ғана қуанышы емес, үлкенді-кішілі келіп жататын қонақтарға да ұялмастан көрсететін орынға айналды.

Өкінішке қарай, кейін біртіндеп күтімсіз­дікке ұшырай бастады. Бұған әрине, көше бұзақыларының да қосқан «үлесі» жоқ емес. Сондай-ақ өз уақтысында жіберілген сапасыз­дық та сыр берді. Мұны байқаған қала басшылығы 2019 жылдан бастап «Қазақмыс» басшылығына «Кенші даңқына» қайтадан күрделі жөндеу жүргізу, осы жерде кеншілердің Құрмет тақтасын орнату туралы ұсыныс жасады. Ұсыныс қолдау тапқанымен, нақты жүзеге асыруға келгенде еш қозғалыс бола қоймайды. Сондықтан қала басшысы 2020 жылғы 9 шілдеде «Kazakhmys Copper» АҚ басқарма төрағасы Б.Қырықпышевтың атына хат жолдап, келісілген шаруаны Кеншілер күніне дейін бітіру жөнінде ой тастайды. Бірақ корпорация тарапынан еш қозғалыс болмайды. 2021 жылғы 17 наурызда қала әкімі тағы да хат жолдап, уәде етілгеніне үшінші жылға аяқ басқан шаруаның оң шешімін табуды сұрайды. Бұл жолы да мәселенің шешімін таппағанына көркі қашқан «Кенші даңқы» монументінің қазіргі кейпі дәлел.

Биыл Сәтбаев шаһары қала мәртебесін иеленгеніне 50 жыл толғанын тойлайды. Қазір әртүрлі деңгейде дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала әкімі Ш.Әубәкір сол мерейтой аясында «Кенші даңқы» монументінің маңын «Қазақмыс» басшылығы қайтадан жөндеп, абаттандырып беруге уәде еткенін айтады. Жоғарыдағы құжаттарға қарағанда уәде бұған дейін де аз берілмегенге ұқсайды ғой... Әлде олар қаланың жартығасырлық мерейтойын күтіп жүрді ме екен?

«Қазақмыс» әлеуметтік сипаттағы компания екенін жиі жариялап жатады. Сондай-ақ Жезқазған, Сәтбаев қалаларында «Қазақмыстың» қатысуымен қандай нысандар пайдалануға берілгенін де әрқашан мақтаныш етеді. Соның бірі – кеншілердің күнделікті еңбексүйгіштігі мен батылдығының символы ретінде бой көтерген «Кенші даңқы» монументі. Ал оның қазіргі күйін корпорация көтеріңкі леппен айта алмайды-ау...

 

Ұлытау облысы,

Сәтбаев қаласы