04 Маусым, 2010

ИНВЕСТОРЛАР ЕЛ ИГІЛІГІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУГЕ ТИІС

574 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Пре­зи­денті жанындағы Шетел инвес­тор­лары кеңесімен бірлесіп өткі­зілетін саммит Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен ашылды. Елбасы саммитке қатысушы­лар­ды құттықтай отырып, бұл фо­рум Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің кезекті 23-пленарлық отырысының қар­саңында өтіп отырғанын атады. – Жиын аясында өтетін пі­кір­талас пен жүздесулер өз жемісін бе­реді деген сенімдемін. Мен шет­елдік инвесторлармен қоян-қолтық жұмыс істеуге, Қазақ­стан­да инвестициялық ахуалды жақ­сар­туға қатысты барлық мәсе­ле­лерді ашық талқылауға үнемі көңіл бөліп келемін, – деді Елбасы. – Тәуелсіздік жылдарында Қа­зақстан экономикасына 108 мил­лиард доллар инвестиция тартыл­ды. Бұл тұтастай алғанда Орталық Азия өңіріндегі елдерге тартылған барлық шетел инвестициясының 80 пайызы. Бүгінде Қазақстанда шетел капиталының қатысуымен 20 мың кәсіпорын, соның ішінде экономиканың шикізаттық емес секторында 7 мыңнан астам кә­сіп­орын жұмыс істейді. Олардың ара­сында “Дженерал Электрик”, “Ар­селор Миттал”, “Метро”, “Телиа­сонера”, “Шеврон” және өзге де әлемдік ірі кәсіпорындар бар. Олардың жемісті жұмысы – бұл Қазақстанның ұзақ мерзімді ор­нық­тылығы мен тұрақты дамуы­ның нақты көрсеткіші, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. – Біз биыл индустриялық-ин­новациялық дамудың 2020 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын іске асыруға кірістік. Мен Қазақстан Үкі­метінің алдына еліміздің эко­но­микасын әртараптандыруды, оны дамудың инновациялық жо­лы­на көшіруді қамтамасыз ету мін­детін қойдым. Бұл істе Қазақ­станға шетелдік инвесторларды көптеп тартуға ерекше мән бері­ле­ді, – деді саммитте Мемлекет басшысы. Елбасы индустриялық-инно­ва­циялық даму бағдарламасы аясын­да елді индустрияландыру картасы дайындалғанын, оған жалпы құны 45 миллиардтан астам доллар бо­ла­тын республикалық және ай­мақ­тық мәні бар 100 жоба ен­гізілгенін атады. – Қазақстанның жаңа ин­дус­трияландыру жөніндегі жоспарын табысты жүзеге асыру үшін эко­но­миканың 12 басым саласы анық­талды. Бұл – металлургия, мұнай өңдеу және химия өнеркәсіптері, агроөнеркәсіп кешені, мәшине жасау саласы, құрылыс индустрия­сы, көлік және телеком­му­ника­ция­лық инфрақұрылым, сондай-ақ өзге де салалар, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Қазақстан – әлемдегі ин­вес­торлар үшін ең тартымды елдің бірі. Халықтың жан басына шақ­қанда инвестиция тарту жөнінде біздің еліміз соңғы он жыл беде­рін­де әлемнің алғашқы үштігіне тұ­рақты еніп отыр, – деген Қазақ­стан Президенті Лозаннадағы Халықаралық менедменттік даму институтының бағалауынша, Қа­зақстанның бәсекеге қабілеттілік рейтингі 2008 жылы 3 сатыға, 2009 жылы тағы да 3 сатыға көтеріл­генін жеткізді. – Осылайша қазіргі уақытта Қазақстан әлемде 33-ші пози­ция­ны иеленіп отыр, ТМД-ның ірі елдерінен де едәуір алға озды, – деген Елбасы БТА қарыздарын қайта құрылымдау жөніндегі ақ­тық шешіммен бірге елдегі банк жүйе­сі дағдарыстан ес жиып, қал­пына келгенін кезекті рет мәлім етті. Қазақстан Президенті елімізде қаржысын тек жаңа өндіріс оша­ғын тұрғызуға салып қана қоймай, экономикамызға жаңа тех­ноло­гиялар әкелетін, қазақ­стан­­дық мамандарды озық техно­ло­гияларға баулитын инвестор­лар­дың ынта­ландырылатынын атап өтті. Елбасы сөз соңында “Интер­нэшнл Геральд Трибьюн” басы­лы­мы­ның саммитті өткізу туралы бас­тамасына өз ризашылығын білдірді. – Қазақстанның экономика­лық даму қарқыны  мені әрдайым қайран қалдырып келе жатыр, – деді саммитте сөз алған “Интер­нэшнл Геральд Трибьюн”  газеті­нің президенті әрі шығарушысы Стивен Данбар-Джонсон. Осы арада аса ауқымды жиын­ды өткізуге мұрындық болып жүр­ген аталмыш басылымның қо­ғамдық пікір қалыптастырып және әлемнің әр түкпіріндегі шешім қабылдай алатын жандарға арнал­ған белді газет екендігін айта кету­ге болар еді. – Қазақстанда соңғы он жылдың  ішінде кемінде 9-10 рет болдым. Әр жолы мен ел эко­но­ми­касындағы ілгерілеушіліктерге қайран  қалумен келемін. 1998 жылы алғаш келген кезде барлық батыстықтар   сияқты бұрынғы пост­­кеңестік республиканы көре­мін деп ойлағанмын. Келесі сапа­рымда Қазақстанға қатысты  көз­қа­расым нығая түсті. Сондай-ақ, әрбір сапарда  үлкен өзгерістерді өз көзіммен   көрдім. Нұрсұлтан На­зарбаевты шын мәнінде  “ел экономикасының әкесі” деуге болады, деген Стивен Данбар-Джонсонның айтуынша, Қазақ­стандағы тұрақтылық – эконо­ми­калық дамудың негізі болып отыр. ЕҚЫҰ төрағалығында да үлкен табыстарға қол жеткізуде. Қазақ­стан­ның бүкіл жетістіктері Мем­ле­кет басшысының сарабдал саяса­ты­ның арқасында жүзеге асқан. Саммит барысында кең көлем­ді мәселелер қатары талқыланып, инвестицияларды заңмен қорғау, мұнай-газ өнеркәсібіне инвести­ция салудың жаңа мүмкіндіктері спикерлер мен қатысушылар ара­сында сұхбат түрінде өрбіп жатты. Саммиттің алқалы  мәжіліс­те­рі  “Самұрық-Қазына: индустрия­лық-инновациялық даму жолын­да”,  “Инвестицияны қолдау үшін индустриялық базаны құруды  заңдық қорғау”, “Мұнай-газ өнер­кәсібі: инвестициялар үшін жаңа мүмкіндіктер мен заңнамалық өз­ге­рістерге көзқарас”, “Тау-кен өн­діріс кешені, дайын металл өнім­дері”, “Қазақстанның қаржы сек­то­ры: тұрақты рынок және шетел­дік инвесторлар үшін мүмкіндік­тер”, “Қазақстанға инвестиция салудың тәуекелі мен  пайдасы” та­қырыптарында ниеттестік, мүд­делестік тұрғыда жалғасын тауып отырды. – Қазақстанда ойдағыдай жұ­мыс жасау үшін ел Үкіметімен әріптестік өте маңызды, – деді саммитте “ДжейТиАй” компания­сы­ның ТМД елдеріндегі аймақтық президенті және “ДжейТиАй” атқару комитетінің ресми мүшесі Мартин Брэддок. Мартин Брэддок компанияның Қазақстанда 1993 жылдан бері жұмыс жасап жатқанын атап өтіп, біздің бизнес үшін пайдалы екенін елге келген сәттен бастап түсіндік. Қазақстан рыногы біздің ком­па­нияның стратегиялық басымдығы бо­лып табылады, сондай-ақ ол экспорт есебінен игеруге да ың­ғай­лы. Біз Қазақстанды экспорттық база және аймақтық экспорттық торап ретінде қарастырамыз, деді. – Қазақстан қаржы жүйесін тұрақтандыруда дағдарысқа қарсы икемді менеджмент көрсетті, деді ІV Қазақстандық инвестициялық саммитте Еуропа Қайта құру және даму банкінің президенті Томас Мироу. Ол ел Үкіметі мен Ұлттық банк­тің дағдарыс кезінде банктік-қаржы секторын тұрақтандыруға мүмкіндік берген күш-жігерін оң бағалады. Сондай-ақ ЕҚДБ бас­шысы қаржы мен корпоративтік секторлар арасында саламатты қа­рым-қатынас орнатудың уақыты келгендігін атап өтті. – Енді алда тұрған міндеттерді орындау керек. Оған экономи­ка­ның нақты секторы үшін банктік несиелеу жеткілікті ме  деген мә­се­ле кіреді. Сондай-ақ корпора­тив­тік секторда үлкен қарыздары бар, бірақ жетпейтін акционерлік қаржыға ие болып отырған ком­панияларға қатысты мәселелерді шешу үшін не істеу керек екенін де ойлану қажет. Бұл кестелер жү­зеге асуы үшін әрі қарай қадамдар жасау керек, – деп Томас Мироу өз ұсынысын ортаға салды. – Мемлекет болашақта елдегі жүйе құраушы банктердің капи­та­лы­нан шығатын болады. Бұл ша­ралар уақытша болып табылады, – деп мәлімдеді, Қазақстанның қар­жы саласына қатысты спикерлер қатарында сөз алған ҚР Қаржы рыногы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің төрайымы Елена Бахмутова. Алдыңғы қатарлы банктер ісіне мемлекеттің араласуы уақытша және қаржы секторының тұрақ­та­нуы­на қажетті болған соң жасал­ға­нын алға тартқан Бахмутова ха­ным біз алдағы уақытта, мемлекет жүйе құраушы банктердің капи­та­лы­нан шыққан соң, бұл сала бойынша нарық ұстанымдары мен жеке меншікке деген құрмет негізінде құрылатын жеке меншік қалыптасатын болады деп үміт­те­не­міз, деп атап өтті. Бахмутова шет­ел инвесторлары Қазақстан­ның қаржы секторының дамуына түсіністікпен қарайтынын және инвестициялар алда өсетін болады деген болжамды баяндай отырып, қазір еліміздегі инвестициялар банк капиталының үштен бір бөлігін құрайтындығын атады. Жалпы, саммитте мұнан да өзге, ірі инвесторлар мен ел эко­но­ми­касына жауапты тұлғалар та­рапынан айтылған пайымдар, қаперге алар ұсыныстар аз болған жоқ. Алматыда өтіп жатқан ІV Қа­зақ­стандық инвестициялық сам­мит­тің алғашқы күні Үкімет бас­шы­сы Кәрім Мәсімовтің қаты­суымен бірқатар келісім-шарттар мен меморандумдарға қол қою рәсімімен тәмамдалды. Қол қойылған мәмілелер қата­рында   KCM (Kazyna Capіtal Mana­gement), EBRD және ADM Capіtal арасында “Kazakhstan Capіtal Restructurіng Fond C.V.” қорын құру туралы келісім жасалу көзделген болатын. Бұл келісімге де қол жеткізілді. Индустрия және жаңа техноло­гиялар министрлігі мен    “Korea Elekt­rіc Power Corporatіon” және  “Samsung C&T Corporatіon” арасында жаңғырмалы қуат көздері саласындағы ынтымақтастық ту­ралы меморандумға қол қойды. “Қазақстан темір жолы” “Alstom” және  “Тransmash­ho­l­dіng” компаниялары мен  Қазақ­стан аумағында бірлесіп қазіргі за­манғы магистральдық электровоз­дар шығару саласында өзара ын­тымақтастық туралы меморан­дум­ға, “Patentes Talgo S.A” компа­ния­сы мен Астана қаласында бір­лес­кен жолаушылар вагонын шығару мен техникалық қызмет көрсететін бірлескен кәсіпорын құрудың негізгі талаптары тізімін бекіту мен өзара түсіністік  меморандумына,  EBRD компаниясы мен Қазақ­стан­ның темір жол көлігі сала­сын­дағы стратегиялық бастамаларын бірлесіп жүзеге асырудағы өзара түсіністік туралы  меморандумға қол қойып,   “Kazakhstan Ansaldo JSC”-пен “Қорғас-Жетіген темір­жол желісі құрылысы” жобасын жү­зеге асырудың аясында құры­лыс-монтаж жұмыстарын сатып алу туралы келісім жасалады. – Бұл келісім-шарттар мен меморандумдардың басты ерекшелігі – олар Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновация­лық даму бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жасалып отыр.  Оның жалпы  құны 1 миллиард дол­лардан асады. Жалпы, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 46 мил­лиард доллардың 200-ден астам жобасы жүзеге асырылмақ, – деді “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов журналистерге берген сұхбатында. Оның айтуын­ша, бұл бағдарлама­ны жүзеге асырудың жаңа кезеңі болмақ. Қол қойылған 9  келісім-шарт пен меморандумдар әзірлеуге 1 жылдай уақыт жұмсалған. Жалпы, үдемелі индустриялық-инновация­лық даму бағдарламасында жос­пар­лаған  21 жобаны  ұлттық әл-ауқат қоры жүзеге асырады. Бұл жобалардың жалпы құны 26 мил­лиард долларды құрайды. Айнаш ЕСАЛИ. АЛМАТЫ.