Ауыл • 26 Сәуір, 2023

Несібесінен айырылған ауыл

505 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ақкөл-Жайылма жұртының алаңдаушылығы үдеп барады. Өлеңті өзенінің жоғарғы ағысындағы бөгет қайта ашылмаса, көптің көңілі орнына түспейтіндей. Мәселеге қазір Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясы, Павлодар облыстық мәслихатының депутаттары кірісе бастады. Алайда бұл түйткілдің түйіні жақын уақытта шешіле қоятынына күмән мол.

Несібесінен айырылған ауыл

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Egemen Qazaqstan» газетінің биылғы 5 сәуірдегі санында жазғанымыздай («Ақкөл-Жайылмаға қауіп төніп тұр»), Ақмола облысы Ерейментау ауда­нының жеке кәсіпкері Айдар Нығ­метов Өлеңті өзені­нің жоғары ағысындағы ескі бөгетті су ақпастай етіп бекітіп, Екібастұздың ауылдық аймағы мен Ақтоғай ауданының қыр бөлі­гіндегі шаруаларды зар қақса­тып отыр. Ауылдық әкім­дік бөгетті былтыр ашық аук­цион­ға шығарып, оны «Ай­дар» шаруа қожалығы сатып алған. Енді Қарағанды жақтан өзенді бойлап ағып келетін мол суды шаруашылық жалғыз өзі иеленіп, мал бордақылайтын фермаларын дамытпақ. Ал Ақ­көл-Жайылма атырабына жыл­дағыдай су жетпесе, жер­гілікті фауна мен флораға адам айтқысыз экологиялық қауіп төнеді.

Мақала жарық көрісімен Павлодар облыстық мәсли­ха­тының депутаты Арман Рах­машев, Екібастұз қалалық мәсли­хатының депутаты Манат Алғамбаров және Екібастұз билігінің бір топ атқамінері Ерей­­ментау ауданына барып, жергілікті мүдделі топтың өкіл­­де­рімен кездесу өткізіпті. Алайда кәсіпкер А.Нығметов райы­нан қайтпайтынын, бөгет ны­санының барлық құжаты мен рұқсат қағазы қолында екенін мәлімдеген.

– Жергілікті белсенді азаматтармен бірге барып, бө­гет­ті көрдік. Жергілікті шаруа­лардың жанайқайын жүрекпен сезіндік. Көршілес қонған фер­мерлердің жобасы бойынша өзеннің жо­ғары ағысында орналасқан бө­гет суы ең әуелі «Айдар» және «Жаңа Бере­ке» қожалықтарының көлта­бандарына жайылып, одан ар­тылғаны біздің облысқа қарай ағуы керек. Алайда Екібастұз ауылдық округіндегі елді ме­кен­дер бұл жерден 100-200 шақырымдай жерде орналасқан. Алыстағы шлюз арқылы айналып ағып келгенше су Ақ­көл-Жайылмаға жетпей қа­ла­тынын жұрт жақсы түсініп отыр. Көлтабандардың иесі өте бір дәулетті адам көрінеді. Павлодарлық шаруалар күзде төрт түлігін соған өткізіп, пайда табады екен. Ал жиынға қатыс-қ­а­н Өлеңті ауылдық округіндегі (Ерейментау ауданы) үш-төрт шаруа қожалығының басшысы А.Нығметовтің ісін құптап отыр, – дейді Арман Рахмашев.

Өңірлік мәслихаттың тағы бір депутаты Маханбет Аман­гелдіұлы да бұл мәселеге белсене араласты. Депутаттар кор­пусына Екібастұз ауылдық округінде орын тепкен отыздан астам шаруашылықтан шағым келіп түскен. Жазбаша хатта шаруалар Өлеңтіден көктемде ағып келетін су небәрі 4230 шаршы шақырым жерге жайы­латынын, тіршілік нәрі жыл сайын шабындықтар мен жайы­лымдарды, көлтабандарды суландырып қана қоймай, жер­гілікті көлдерді тартылып кетуден сақтайтынын жеткізген. Бөгеттің құрылу себебінен ауыл­дардың тұрғындарына, үй жа­нуарларына, сай-саланы мекен ететін аң-құсқа үлкен қауіп төніп тұрғанын айтады. Халық қалаулысы мәселенің ізімен Ертіс бассейндік инспекциясына және Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қор­шаған орта және су ресурстары басқармасына депутаттық сауал жолдағанын баяндады. Одан әрі Мәжіліс депутаттарына шығып, табиғат қорғау прокуратурасына депутаттық сауал жолдауды жос­парлап отыр.

Мәселенің күрделеніп тұ­руының тағы бір себебі, «Ай­дар» шаруа қожалығында бар­лық қажетті құжат, жер учас­кесіне жеке меншік құқығына арналған акті, техникалық құ­жат, жергілікті жер пайдалану меке­мелерінің рұқсаты, аукцион­да әділ сатып алғаны туралы анықтама қағазы бар. Яғни заң тұрғысынан бәрі дұрыс. Тек су нысанын пайдалану бөлігінде ғана бір кілтипан бар. Ол – «Су нысанында жобаланған жұ­мыстарды жүргізу шартына» келісімнің керектігі. Яғни бұл келісімді Су ресурстары ко­митетінің су ресурстарын пай­далану және қорғау жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясы беруге тиіс еді. Алайда кәсіпкер­дің қолында ондай құжат болмай шықты.

Инспекцияның Павлодар бө­лімшесі басшысының міндетін атқарушы Елеусіз Қамбаров Өлеңті ауылдық округіне арнайы барып, шаруалардың ша­ғымы бойынша кәсіпкерлік нысанын тексеріпті. Тексеру парағындағы сауалдарға жауапта көрсетілгендей, жұмыстарды жүргізу шартының келісімі кә­сіпкерде жоқ екенін растады. Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодекстің баптарына сүйене отырып, инспекция ма­мандары «Айдар» шаруа қо­жалығына 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл жазып берген. Бірақ бұл да мәселенің шешімі емес.

– Енді жеке кәсіпкер Айдар Нығметов бізге жұмыстарды жүргізу жобасын тапсыруы ке­рек. Жобаны қабылдамауға біз­дің ешбір құқықтық негізіміз жоқ. Сондықтан ондағы жұмыс бағыттарының барлығы талапқа сәйкес келсе, біздің мекеме келісім береді. Бұл бөгет сонау 1970 жылы салынған. Кейін біресе ашылып, біресе жабылып, дау ортасында қалған бо­луы керек. Сөйтіп, нысан бұ­зылып, көп жыл иесіз тұрып қалған. Ал оны ашық аукционда сатып алған кәсіпкер су нысаны ретінде пайдалануға әбден құқылы. Сон­дықтан бұл жерде ешбір заң бұзушылық көріп тұрған жоқпыз. Бөгеттің жалпы ұзындығы бір шақырымдай, өзеннің ағысы орналасқан жерде ешбір шлюз жоқ. Тек өте жоғары деңгейде құбыр ғана орналасқан. Одан су өте алмайды. Ал шалғайда ор­наласқан шлюздан су аз кө­лемде ғана ағып келетін сияқты. Шаруа иесі бұл жердің бөгетін қалпына келтіріп, топырағын ны­ғайтып, миллиондаған қаражат шы­ғындаған. Егер оны қайта бұзса, қаншама қаражатым желге ұшады деген уәж айтады. Су саласын реттеу саласында 20 жылдай еңбек етіп келемін. Мұндай күрделі мәселеге өмірімде бі­рінше рет ұшырасып отырмын, – дейді мекеме басшысы.

Өлеңтінің арнасында бүгінде Ертіс өзенінің бойындағыдай гидробекеттер де жоқ. Соған орай төменгі ағысқа қанша шаршы шақырым су ағып өтетінін шамалау қиын дейді мамандар. Сондықтан мәселеге жауапты министрлік деңгейінде лауазымды тұлғалар, халық қалаулылары араласпаса, ел-жұрт­ты алаңдатқан түйткілдің түйі­нін тарқату мүмкін емес.

Бет қатталып жатқанда: Ақ­көл-Жайылма өңірінің аза­мат­тары хабарласты. Айтула­рынша, Қарағанды жақтан бойлап келген су кәсіпкер салған бөгетті өзге жағынан айналып өтіп, «Ойнақ» деп аталатын сорға құйылып жатыр. Шаруа қожалығы шөп өсірмек болған жерге су тұрмай, ойпаң жерге жөңкілген. Амалы қалмаған бөгет иесі шлюздарды ашып, қалған аз ғана суды Өлеңті өзенінің төменгі ағысына босатыпты. Алайда ол көлем Павлодар облысының шекарасына да, тіпті Ерейментаудың Ажы ауылына да жетпейтіні белгілі болды. Осылайша, ойланбастан жасалған әрекет Ерейментау мен Екі­бастұз аудандарының шаруа­шылықтарын ауыр шығынға ұшыратқалы отыр. Жергілікті мал өсіріп отырған ағайын биыл өңірді қуаңшылық жайлайтыны анық дейді. Жұрттың көбі күзде малын сатып, қалаға көшеміз деп бекініп отырған көрінеді.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз ауылдық аймағы