Шахмат • 26 Сәуір, 2023

Зерделілер ойыны пәнге айналады

430 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде шахмат спортын мектеп бағдарламасына факультативтік пән ретінде енгізу бағдарламасы дайындалып жатыр. Болашақта шахматты оқытуды мектепалды даярлықтан жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің басқа сатыларына да енгізуге болады. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан шахмат федерациясының (ҚШФ) басшылары мен Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) сарапшылары мәлім етті.

Зерделілер ойыны пәнге айналады

Қазақстан шахмат федерациясы 2016-2020 жылдар аралығында «Мек­тептегі шахмат» қанатқақты жобасын жүзеге асырған болатын. Жоба Алматы, Қызылорда, Павлодар облыстарындағы 18 мектепте жүзеге асырылып, 2-4 сыныптарда шахмат сабағы өткізілген-ді. Осы уақыт аралығында шахмат ойна­ған мектеп оқушыларының интеллек­­туалдық көрсеткіштері мен шығар­­машылық қабілеттерінің күшей­ген­дігі, алаңдаушылық деңгейінің төмен­деуі, ауызша және логикалық ойлау көр­сеткіштерінің, математика, жаратылыс­тану пәндері, гуманитарлық бағыттар бойынша оқу үлгерімінің жақсарғаны байқалды. Қанатқақты жоба қазақ және орыс тілдерінде оқитын 1738 оқушыны қамтыды.

Сонымен қатар жоғары оқу орындарында шахмат мұғалімдерін даярлау үшін «Шахматты оқытудың теориясы мен әдістемесі» оқу бағдарламасы да әзір­ленді. Бұл жұмысқа Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық универ­ситеті (Орал), С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік универси­теті (Өскемен), Еуразия инновациялық университеті (ИнЕУ, Павлодар), Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті қатысқанын айта кеткен жөн.

ҚШФ бірінші вице-президенті Дәр­мен Сәдуақасов шахматты мектеп бағдарламасына енгізу идеясы көптен бері талқыланып келгенін айтады. «Біз мемлекеттік стандарттардың пайда болуын күтпей-ақ, жекеменшік мек­тептердің бұл тәжірибені қалай қабыл­дап жатқанын көріп отырмыз. Біз Мемлекет басшысына шахматты білім беру бағдарламасына енгізу керектігін айтып, одан толық саяси қолдау алдық. Енді шахматты мектеп бағдарламасына факультативтік пән ретінде енгізу жос­парын әзірлеп жатырмыз», деді ол.

Дәрмен Сәдуақасов Астанада шахматтан әлем чемпионы атағы үшін өтіп жатқан матч аясында халықаралық тә­жірибе жинақтау және шахматты енгі­зуге деген көзқарасты қалыптасты­ру мақ­сатында халықаралық сарапшы­лардың қатысуымен ғылыми-танымдық конференция өткенін айтты. «Ағымдағы міндеттер бөлігінде біз Оқу-ағарту министр­лігінің, Жоғары білім және ғы­лым министрлігінің, Мәдениет және спорт министр­лігінің қолдауымен маман­дар­ды даярлау мәселелерін талқы­ладық. Оның ішінде бапкерлер мен оқытушылар, мамандар біліктілігін арттыру, сондай-ақ педагогикалық жоғары оқу орындарының соңғы курстарында тренерлердің жаңа буынын дайындау мәселелері сөз болды. Мұнда әдістеме, оқу бағдарламалары, оқу-әдістемелік кешен мәселелері талқыланып жатыр», деді Дәрмен Сәдуақасов.

Сондай-ақ ҚШФ бірінші вице-пре­зиденті биыл қаңтар айында еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орын­дарының қатысуымен жиын өткенін, ал қазіргі уақытта шахматтан мұғалім­дерді даярлау бағдарламасын енгізу мәселесін талқылап жатқанын да тілге тиек етті. Қазір университеттерде қанатқақты бағдарлама іске қосылған. Сон­дай-ақ мектеп оқушылары арасын­дағы ха­лық­аралық жарыстардың финалын Қазақстанда өткізу жоспарланып отыр.

Ал ҚШФ атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова шахматты алдымен бастауыш сыныптарға, одан кейін оқу жүйесінің басқа да санаттарына факультативтік пән ретінде енгізу жос­парланып отырғанын атап өтті.

«Шахмат – зияткерлік қабілеттерді, есте сақтауды, зейін қоюды және стан­дарт­ты емес шешімдерді қолдану қа­бі­­летін дамытудың қуатты құралы. Шах­мат ойнаған әрбір бала гроссмейстер бо­­лып өспесе де, оқу үдерісі, мектеп пен университет қабырғасынан тыс жерде де өзіне пайдалы болатын маңыз­ды дағ­дыларды меңгереді», дейді Г.Дәу­летова.

«FIDE – Chess in Education» комис­сиясының төрағасы Леонсе Гарсиа (Испания) және комиссия хатшысы Рита Аткинс (Мажарстан) өз кезегінде шахмат­ты оқу үдерісіне енгізудің халы-қ­аралық тәжірибесі мен оның нәти­же­сінде оқушылардың пәндер бойынша көр­сеткіштері жақсарғанын айтты. Олар жалпы білім беретін мектептерде шах­матты енгізуге мемлекет тарапынан жа­салып жатқан қолдаудың маңыз­дылығына тоқталды.

Алдағы уақытта «Chess Legends» қосымшасы білім беру жобасының IT плат­формасына айналуы мүмкін. Оны Қазақстанның программистері бірнеше танымал шахматшылардың, оның ішінде 14-ші әлем чемпионы Вла­димир Крамник пен 4 дүркін әлем чемпионы, FIDE-нің әлемдік рейтингтегі көшбасшысы қытайлық Хоу Ифаньның жетекшілігімен әзірледі. Оқыту әдіс­темесін FIDE аға жаттықтырушысы, Қазақ­стан, Үндістан және Испания құра­ма­ларының бұрынғы бас бапкері Ев­гений Владимировтің командасы дайындады.