Ал ән газетке жарияланған тұста Б.Аманшин Қазақстан Жазушылар одағының Гурьев облысындағы бөлімшесінің бастығы болатын. Жазушы 1954-1959 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеген. Біздіңше сол Алматыда қызмет еткен жылдары Шәмшімен кездескен уақытында туған ән деп топшылауға негіз бар. Б.Аманшин Атырауға қызметін ауыстырып келген кезде әнді нотасымен жергілікті газетке берген болуы мүмкін деген пікірдеміз. Олай дейтін себебеміз «Айша қыз» өлеңі Б.Аманшиннің «Өлеңдер» (1954), «Жылқылы ауыл» (1955) атты жарық көрген кітаптарында болмай шықты. Өлең 1978 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Жайық желі» және «Құтты мекен» (1984) кітаптарына енгізілген. Ұлы композитордың әр жылдары жарық көрген кітаптарында да бұл әнді кездестіре алмадық.
Композитор Шәмші Қалдаяқов Атырауға 1965 жылы ақын Төлеген Айбергеновпен бірге келгені белгілі. Осы сапарында «Ақ ерке – ақ Жайық» әні шыққанын қалың көпшілікке белгілі. Бар саналы ғұмырында Ш. Қалдаяқов Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, Сабырхан Асанов, Мұхтар Шаханов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Зәкір Шүкіров, Ғафу Қайырбеков, Нұтфолла Шәкенов сынды қазақтың дарынды ақындарымен жұмыс істеді. Өз уақытында вальс королінің көптеген әні Роза Бағланова, Рашид Мұсабаев, Бибігүл Төлегенова, Ришад Абдуллин, Нұрғали Нүсіпжанов, Зейнеп Қойшыбаева сынды әншілердің ән бағдарламасынан берік орын алғаны аға буын өкілдерінің есінде.
Шәмшінің жаңадан табылған «Айша қыз» әні:
Айша – қыз
Музыкасын жазған Шәмші Қалдаяқов
Текстін жазған Берқайыр Аманшин
Жайықтың жағасында жасыл майса
Бір үйде сұлу қыз бар аты Айша.
Тұсынан күнде өтеміз қол бұлғап,
Біздерді байқамайды ол қалайша?
Біздерді байқамайды ол қалайша?
Айша – қыз, кел Жайыққа, мін қайыққа,
Айдынға серуендеп шығайық та.
Жүрегін жиырма жігіт ұсынғанда,
Жүруің сенің жалғыз ылайық па?
Жүруің сенің жалғыз ылайық па?
Айша – қыз, сен оқуға, біз теңізге
Арманда түсініспей кетеміз бе?
Жүрегін жиырма жігіт ұсынғанда,
Тым қатал болмасаңшы сен де бізге.
Тым қатал болмасаңшы сен де бізге.
Аққали Ахмет,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы