Іс-шараға Ұлттық комиссия атынан әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлерімен күрес секторын басқаратын құқық қорғаушы Айман Умарова, Алматы қаласының Балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Халида Әжіғұлова, аталған мәселе бойынша азаматтар құқын қорғап жүрген адвокаттар Раджан Берсінбаев, Кәмшат Шынтекова, Мақсат Қали, Айжан Дәрібаева, сондай-ақ Алматы қаласы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бас инспектор-хатшысы Гүлнар Әмірова қатысты.
Сарапшылар зорлық-зомбылықпен күрес мәселесінің деңгейін талқылап, оны жетілдіру қағидаларын пысықтады. Атап айтқанда заңгерлер өз тәжірибесіндегі келеңсіз жағдайлармен бөлісіп, кедергілерді оңтайлы тәсілмен тойтарудың жолдарын ортаға салды. Бұл бағытта бірқатар құзырлы органдарға ұсыныстар да айтылды. Мәселен, Ұлттық комиссия ұсынған мәселені шешу бойынша құқық қорғаушы Айман Умарова бірқатар ұсынысын алға тартты.
«Ең үлкен мәселе – бізде жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстық істерді тергейтін полиция бөлімшелерінің жоқтығы. Ішкі істер министрлігіндегі департаменттер негізінен адамға қатысты қылмыстық істерді тергейді, оның ішінде кісі өлтіру, зорлау оқиғалары бар. Соның салдарынан бізде заттай дәлелдемелерді заңсыз алу, кәсіби емес тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқан жағдайлар жеткілікті. Көбінесе бұл істер зорлық-зомбылықтың жоқтығынан емес, дәлелдемелердің дұрыс емес уақытта алынуынан, сараптама уақытында тағайындалмауынан және осыған ұқсас себептермен тоқтатылады. Сондықтан біз сексуалдық зорлық-зомбылыққа қатысты істерді тергейтін жеке департаменттер құруды ұсынамыз», деді адвокат.
Сондай-ақ заңгер мұндай істерді осы салада тәжірибесі бар мамандар тексеруі қажеттігін баса айтты. Құқық қорғаушының сөзінше, тергеуге 5-10 жыл тәжірибесі бар тәжірибелі полицейлер жиі тартылады. Дегенмен қылмыстың басқа түрлері бойынша. Яғни олар мұндай мәселелерде «жаңадан келген» болып саналады. Мамандар осы ретте еліміздегі бірде-бір университет жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтарды арнайы тергеуді үйретпейтінін сынға алды.
Жалпы, елімізде сот психологтерінің өрісін кеңейту маңызды. Ұлттық комиссия өкілдері білікті мамандарды даярлау ісінде арнайы курс әзірлеуді қолға алған. Комиссия мүшесін толғандырған келесі тақырып – кәмелетке толмағандарды жауапқа алу әдістемесін әзірлеу ісі. Себебі құжатты теоретиктер әзірлеп, тәжірибелі мамандар маңызды міндеттен шет қалып жатады. Бұл өз кезегінде балалардан жауап алу ісінде қылмыстың бетін ашуға кері ықпалын тигізуі ықтимал. Оның үстіне балаларға сұрақ қоюдың өзіндік тәсілдері бар. Оны дұрыс меңгермеген маман бала жанын жаралауы әсте мүмкін дейді жиналғандар. Әсіресе мұндай жағдайларда сот-медициналық сараптаманы сауатты жүргізу маңызды.
АЛМАТЫ