Жуырда Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев осы уақытқа дейін шетелге заңсыз шығарылған 670 миллиард теңгеге жуық актив қайтарылғанын мәлімдеді. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасып келеді.
Бас прокуратура берген мәліметке қарағанда, заңды жолмен алынған (сатып алынған) мүлік тәркілеуге жатпайды. Оны тексеру үшін прокуратура органдары қажетті және жеткілікті дәлелдер жинауға тиіс. Аталған орган сотталғандардың, оның ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыстары, жымқыру, жалған кәсіпкерлік және салық төлеуден жалтару үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың мүлкін тәркілеудің заңдылығын мүлтіксіз қадағалап отыр.
Осыған орай соңғы уақытта дүйім елді елең еткізген жаңалықтарға тоқталсақ, солардың бірі – Болат Назарбаевқа тиесілі «Барыс» көлік базарының мемлекетке қайтарылуы. Алматы қаласының прокуратурасы базар орналасқан жер телімін сатып алу-сату шарттарына қатысты істің 17 сәуірде сотта қаралғанын мәлімдеді. Сотта Қарасай ауданы прокуратурасының жалпы ауданы 37,6 гектар жер телімдерін сатып алу-сату үлгісіндегі шарттарын жарамсыз деп тану жөніндегі талап-арызын қанағаттандыру туралы шешімі («Барыс» автонарығы) жария етілді. Өткен жылы қабылданған шаралардың нәтижесінде қаражатты тәркілеу, жер телімдерін, жылжымайтын мүліктер мен көліктерді қайтару арқылы мемлекетке 9,2 миллиард теңгеден астам шығын өтелді.
Тағы бір шулы жаңалықты 24 сәуірде Маңғыстау облыстық прокуратурасы таратты. Олардың мәліметінше, құны 1 млрд теңгеден асатын комбинат мемлекет меншігіне қайтарылған. 2019 жылы қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және көму комбинаты «Тазалық-С» ЖШС сенімгерлік басқаруына берілген. Жаңаөзен қаласының прокуратурасы анықтағандай, ЖШС оған комбинатты беруге негіз болған міндеттемелерін орындамаған. Атап айтқанда, комбинат арнайы техниканың жеткілікті санымен қамтамасыз етілмеген, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу өндірісі кеңейтілмеген, полимерлі құбырлар өндірісі іске асырылмаған.
Прокуратураның қадағалау актісі бойынша Жаңаөзен қаласының әкімдігі мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына сенімгерлік шартты тоқтата тұру туралы талап арыз беріп, ол толығымен қанағаттандырылды. Апелляциялық сатымен бұл шешім өзгеріссіз қалдырылды. Нәтижесінде, баланстық құны 1 млрд теңгеден асатын мүліктік кешен жергілікті атқарушы органның коммуналдық меншігіне қайтарылды.
Сондай-ақ Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия отырысында мұнай-газ саласындағы маңызды инфрақұрылымдық объектілерді жеке меншікке берудің заңдылығы талқыланып, еліміздегі ірі мұнай компаниясы жеке адамдардың қолына өтіп кеткені жария етілді. Жиында мұнай-газ саласында жұмыс істейтін ірі компанияның осыдан бірнеше жыл бұрын сатылғаны айтылды. Комиссия тапсырмасымен жүргізілген тексеру активтің төмендетілген бағамен жекенің қолына өтіп кеткенін анықтады. Премьер-министр құзырлы мемлекеттік органдарға осы мәселені еліміздің қолданыстағы заңнамасы аясында пысықтауды тапсырды.
Бұдан өзге Астана, Алматы қалалары мен Алматы, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және басқа облыстардағы жер телімдерін, жылжымайтын мүлік объектілерін, өндірістік кешендерді мемлекет кірісіне айналдыру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Биыл осы жұмыстар нәтижесінде 1,5 млрд теңге жиналды. Прокурорлар мүлікті иеліктен шығару туралы келісімшарттарды жарамсыз деп тану үшін 36 талап арыз беріп, оның 25-і қанағаттандырылды.
Мәселен, Жоғарғы сот Бас прокурордың наразылығы негізінде Алматы қаласының апелляциялық сотының «Горный Гигант» шағын ауданындағы жер телімдері мен «RBK Bank» АҚ жымқыру ісі бойынша сотталғандардың көліктерін тәркілеуден босату туралы шешімінің күшін жойды. Нысандар мемлекетке қайтарылды.
Атырау облысында прокурордың өтініш хаты бойынша 1,5 млрд теңгеден астам шығынды өтемеген азамат Б.-ны мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы қаулының күші жойылды. Бас прокуратура бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.
Сонымен біраз қаражат шетелден елге қайтты және ел ішіндегі заңсыз алынған активтер мемлекет меншігіне өтіп жатыр. Енді ол қаржы қайда жұмсалмақ? Мемлекет басшысы елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы Жарлығында бұл қаражатты жинақтайтын және оларды халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыру үшін арнаулы мемлекеттік қорды құруға бағытталған заң жобасын әзірлеуді тапсырған болатын. Сондай-ақ Президент қайтарылған барлық қаражат азаматтардың игілігіне жұмсалатынын, атап айтқанда, жоғары технологиялы өндіріс орындарын ашуға, мектептер мен ауруханалар салуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға пайдаланылатынын айтқан еді. «Тиісті Жарлыққа бүгін қол қоямын. Жақын арада ауқатты кәсіпкерлер халықтың игілігі үшін өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін жандандырады деп ойлаймын», деді ол қараша айында өткен ұлықтау рәсімінде.
Ал қоғам белсенділері елге оралған қаражаттың тағы да қолды болып кетпей ме, шын мәнінде тиісті мақсатқа жұмсала ма деп алаңдаулы. Мәселен, Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Instagram парақшасында «Жемқорлардың ақшасы желініп жатыр» деген жаңалықты естімес үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі тарапынан арнайы қадағалаушы сайт ашылуы керек деген ұсыныс айтты. «Халық қанша ақшаның қайда кетіп жатқанын кез келген уақытта онлайн түрде бақылай алатындай мүмкіндік болу керек. Бізге ашықтық қажет. Қоғамдық бақылау күшейсе ғана нәтиже, сапа болатыны сөзсіз», деді халық қалаулысы.
Өткен жылдан бері шетелдегі активтерді қайтару үшін Үкімет жанынан құрылған арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. «Қайтқан малда қайыр бар» дейтін халықпыз. Басталған игі іс науқандық сипатта өте шықпай, өз жемісін береріне, заңсыз қаражаттың бәрі қайтарылып, ел игілігіне жұмсалатынына сенім бар.