Алматының тарихи келбетін сақтап, саябақ аймақтарын ұлғайтуға және заңсыз құрылыс салуды тоқтатуға қатысты Президент пәрменінен кейін біраз шындықтың беті ашылды. Жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік жер қатынастары саласындағы бірқатар заңсыздықты анықтап, қала әкімдігімен бірге жер бөлу және құрылыс саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізуге кірісті. Мәселен, 2017 жылдан күні бүгінге дейін демалыс орындары мен туризмге тиесілі 286 гектар шұрайлы жер рекреациялық аймақтан тұрғын үй салу аймағына өтіп кеткен. Құзырлы органның дерегінше, аталған өзгерістер экологтар мен өрт сөндірушілердің, тіпті СЭС қызметінің келісімінсіз жүзеге асқан. Бұған қатысты қоғамдық тыңдаулар өтпек түгілі, сәулет және қала құрылысы қызметі туралы заңнамаға да ешкім пысқырмапты. Олай дейтініміз, қалада көшкін мен селге аса қауіпті аймақта бес мыңнан астам нысан орналасқан. Ең сорақысы, мұнда 26 мың адам алаңсыз тұрып жатыр. Бұл төтенше жағдай қызметінің алға тартқан дерегі.
– Соңғы екі жылда ландшафтты заңсыз өзгертудің 26 фактісі анықталды. Шаһардың Набережная көшесінде тік беткейде орын тепкен сары топырақты аумақта 12 тұрғын үй салынған. Ал Наурызбай ауданының тау бөктеріндегі учаскелердің бірінің иесі рұқсат құжатынсыз тауды кесіп тастаған. Мамандардың қорытындысы бойынша кесілген топырақтың көлемі 100 мың текше метрді құрады. Бұл жерлер сату мақсатында 50 тәуелсіз учаскеге бөлінген. Жердің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша мемлекеттік қызметтерді ұсыну үдерісінің ашықтығы мен бақылаудың болмауы сыбайлас жемқорлық практикасына алып келеді. Алдымен Бас жоспарға сәйкес келмеу және сейсмикалық және су қорғау аймақтарында болу сылтауымен бас тартады. Кейінірек сол учаскелер бойынша өзгертуге келісім беріледі. Осындай 900-ден астам факт анықталды. Мысалы, қала тұрғынына учаскелердің нысаналы мақсатын өзгертуге бас тартылып, бірақ біраз уақыттан кейін оларға рұқсат берілді. Бұл ретте оның учаскелерінің бірі әкімдіктің лауазымды тұлғасының туысына аударылған. Осы үдерістерге бақылаудың болмауы бюджетке тиісті төлемдердің түспеуіне әкеп соғады. Соңғы үш жылда алдын ала деректер бойынша нысаналы мақсаты өзгерген кезде кадастрлық құн айырмасы үшін 500 млн теңгеден астам төленбеген, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері.
Күн санап аумағы артса да мегаполисте халықтың орталыққа қарай орналасуға ынтасы басым. Нәтижесінде, сейсмикалық тұрғыдан қауіпті аймақтарға да қабат-қабат үйлер салынып кеткен. Тұрғындарды әсіресе тау бөктеріндегі аймақтың құрылысына қатысты мәселелер алаңдатады.
– Бір кездері қаланың көркі болған алма бақтары оталып, тау баурайлары тұрғын үйге толды. Алматының сейсмикалық қауіпті нүктеде орналасқаны да бұған дейін ескерілмеген. Сейсмолог ғалымдар дабыл қаққанымен, оларға пысқырып қараған ешкім болмады. Әркім қалта қамын ойлап, сатуға болатын жердің бәрін сатып қалуға, майлы жерден қарпып қалуға тырысты. Ал ол жер телімдерін сатып алған халықты кінәлай алмайсыз. Бұл мәселеге «бармақ басты, көз қыстымен» рұқсат берген түрлі деңгейдегі мекемелер. Болары болып, бояуы сіңгесін енді кімді жауапқа тартасыз. Ондаған, тіпті жүздеген гектарды құрайтын қымбат жер телімдерін көлеңкелі түрде иемденген олигархтардың мәселесіне мән берілгені қатып қалған сең бұзылғанын, қоғамның оянып келе жатқанын көрсетеді, – дейді қоғам белсендісі Жандос Әлімғожа.
Күдік-күмән тудыратын жер телімдерін тексеру барысында мониторингтік топ тектоникалық үзілім аймақтарында орналасқан жерлердегі құрылыс жұмыстарын тоқтатқан. Жеке компанияның бірі аукцион өткізбестен медициналық орталық салу үшін инвестициялық жоба түріндегі жер учаскесін жалға алып, кейін аяқталмаған нысан пайдалануға берілген. Көп жағдайда сәулет органдары жеке үй құрылысының эскизін бекіткенімен, іс жүзінде көппәтерлі тұрғын үй кешені салынады. Бұл үйлерді суға және жылуға қосу үшін қолда бар техникалық шарттар да ескерілмейді. Құжатқа мән бермеген тұтынушылар мектеп, балабақша, емхана, жол салу жоспарланбаған жерден үй сатып алып, ақыр аяғы соттасып, талай табалдырықты тоздыруға мәжбүр болады. Құрылыс компаниялары тұрғын үйдің көлемін ұлғайту үшін серуендеу аймақтары мен балалар алаңын салуға арналған учаскелерді заңсыз пайдаланғаны тұрғындар наразылығын тудырып отыр. Осындай келеңсіздіктерге қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүріп жатыр. «Алматы тұрғындары арасында рұқсат құжаттарын беру және келісу кезінде сыбайлас жемқорлық факторлары бар екені анықталды. Аталған бұзушылықтар бойынша қылмыстық істер тергелуде. Олардың шеңберінде лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қаралады. Талдау жалғасып жатыр. Оның түпкілікті нәтижелері бойынша атқарушы және уәкілетті органдардың атына тиісті ұсынымдар енгізіледі», деп мәлімдеді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің баспасөз қызметі.
Есте болса, Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында құйқалы жерге құмартқандардың дені лауазымды тұлғалардың туыстары екені прокуратура тарапынан ресми дәлелденіп, олардың иелігіне өткен жер телімдері мен бірқатар нысан мемлекет меншігіне қайтарылған еді. Бұл тізімде Тимур Құлыбаев, Болат Назарбаев секілді ірі кәсіпкерлердің де есімі аталған болатын.
АЛМАТЫ