Кездесуде Сенаттың мәслихаттармен өзара іс-қимылының жаңа форматы жөнінде де сөз қозғалды. Өз сөзінде Палата спикері Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте ел Президенті жүктеген міндеттерді сапалы әрі жедел іске асыру қажет екенін айтты. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын Палата екенін атап өтіп, алдағы уақытта да мәслихаттармен байланыс күшейе түсетінін жеткізді.
«Әр өңірде өзіне тән өзекті мәселелер бар. Олардың басым көпшілігі, Президентіміз атап көрсеткендей, инфрақұрылымға, әлеуметтік нысандарға, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына қатысты. Сенат депутаттары осы мәселелерді орталық деңгейде жүйелі түрде көтеріп, олардың оң шешілуіне ықпал етеді. Былтыр Парламент 86 заң қабылдады. Олардың 13-іне депутаттардың өздері бастамашы болды. Қабылданған заңдардың бәрі елдің дамуына және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Бүгінде Президентіміз бекіткен он ұлттық жоба іске асырылуда. Оның бәрі – өңірлерге тікелей қатысы бар құжаттар», деген Мәулен Әшімбаев жиынға қатысушыларды Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асыру жолында жұдырықтай жұмылуға шақырды.
Сенат спикері бүгінде елімізде жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару жүйесін дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын, соның барысында мәслихаттардың рөлін арттыру да маңызды қадам екенін айтты. Мәулен Әшімбаев қазірдің өзінде қолданыстағы заңнамаларға бірқатар мемлекеттік функцияны орталықтан өңірлерге беретін тиісті түзетулер енгізілгеніне назар аударды. Алдағы айларда осы бағытта тағы біраз жаңа нормалар қабылданады.
«Бүгінде Президентіміз басқару жүйесін орталықсыздандыру мәселесіне үлкен мән беріп отыр. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін жуырда әкімшілік реформалар бойынша бірқатар заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Нәтижесінде, Үкіметтің біраз функциясы орталық мемлекеттік органдарға берілді. Әкімшілік реформаның келесі кезеңінде бірқатар құзырет жергілікті билік органдарына берілуге тиіс. Осыған қатысты тиісті заңдарды алдағы айларда қабылдауды жоспарлап отырмыз. Жалпы, әкімшілік өзгерістердің жаңа кезеңі жергілікті өкілді органдардың құзыретін кеңейтуге жол ашады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат төрағасы М.Әшімбаевтың мәслихат депутаттарымен кездесуінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдің әлеуметтік-экономикалық бағыт-бағдары жөнінде баяндады.
«Әкімшілік орталықтың аудандарға жақындай түсуі – облыстың аумақтарын теңгерімді дамытуға мол мүмкіндік беріп отыр. Маятниктік көші-қонды төмендетіп, үлкен экономикалық өсім беретін ірі жобалар бастау алды. Ең алдымен, Алматы және Қонаев қалаларының арасында «G4 City» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Бірегей жоба келешекте 3,7 трлн теңге инвестиция тартуды көздейді. Екіншіден, Алматы қаласының маңында жалпы алаңы 1,5 мың гектар болатын 4 индустриялық аймақ құрудамыз. Ол жерде түрлі салалардағы перспективалық жобаларды орналастыру қарастырылған. Үшіншіден, мегаполистің айнала орналасқан 183 мың адам тұратын 674 саяжайлар мәселесін кезең-кезеңмен шешу басталды. Атап айтқанда, елді мекендердің бас жоспарларына түзету енгізіліп, олардың құрамына 270 саяжай массиві қосылады. Төртіншіден, облыс орталығы – Қонаев қаласын дамудың жаңа нүктесіне айналдыру мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып келеді», деген облыс әкімі Қонаев қаласынан Ғылым мен білім министрлігімен бірлесіп, Академиялық қалашық құрудың жол картасы қабылданғандығын, алдағы мамыр айында қаланың Бас жоспары бекітілетінін мәлімдеді.
Сонымен қатар сапар барысында Сенат төрағасы Алматы облысының белсенді жастарымен кездесті. Ол жас саясаткерлердің жаңа буыны Президентіміз белгілеп берген Әділетті Қазақстан құру бағдарын әрі қарай жалғастыратынына сенім білдірді.
«Өздеріңізге белгілі, 2019 және 2020 жылдары Жастар және Волонтерлер жылы болып жарияланды. Білікті жастарды елдік істерге тарту үшін Президенттік жастар кадрлық резерві құрылды. Мемлекет қашанда сіздердің ой-пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызды тыңдауға дайын. Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубы мен Талдау мектебінің де негізгі мақсаттарының бірі осы. Сіздерді аталған жобаларға белсенді қатысуға шақырамыз», деген Палата спикері әр адам өз бойында дұрыс құндылықтарды қалыптастыру үшін терең білім мен кәсіби қабілет қажет екенін айтты.
Сенат төрағасы сапар қорытындысында «Шарапат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұжымымен кездесті.
Алматы облысы