Адам құқықтары саласындағы заңның жаңашылдықтары туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ІІМ Тергеу департаменті басқармасының бастығы Ермек Шүлден айтып берді.
Заңда тұрмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілді.
Оның айтуынша, тұрмыстық жағдайда «кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділікте болған адамға қатысты жасалған» ауыр жарақат және орташа ауырлықтағы дене жарақатын келтіргені үшін ауырлататын қылмыстық жауапкершілік туындайтын болады. Қылмыстық кодекстің 106-шы және 107-ші баптарында көрсетілген «кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділікте болған адамға қатысты іс-әрекет жасау» деген ауырлататын мән-жайлар енгізілді.
Сондай-ақ заңның тағы да бір жаңалығы - бейнежазбаны қолданған жағдайда тергеушінің қысқаша хаттама жасау құқығының енгізілуі.
«Бұл процесуалдық мерзімнің қысқаруын және азаптауды болдырмауды қамтамасыз етеді. Норма азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға, тергеу әрекеттерін жүргізу уақытын қысқартуға және бюрократиядан арылуға бағытталған», деді Е.Шүлден.