Қоғам • 27 Сәуір, 2023

Электронды архив

358 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құнды құжаттар оқырманмен қауышқанда ғана тіріледі. Сол үшін заманауи оқырманға қолайлы жағдай жасауымыз шарт. Осы орайда Астана қаласы мемлекеттік архивінің «Arhiv habarşysy» ғылыми-көпшілік және ақпа­раттық журналының электронды нұсқасы жарық көрді.

Электронды архив

Оқырмандар назарына еліміздің тарихы бойынша отандық ғалымдардың бірегей ғылыми ізденістері, сондай-ақ шетелдік авторлардың бірқатар назар аударарлық жарияланымы ұсы­ныл­ды. Мәселен, бұл нөмірде тарих ғы­лымдарының докторы, профессор Жам­был Артықбаев Сұлтан Байбарыс туралы әңгімелейді. Тарихшы ғалымдар Жарас Ермекбай, Асқар Мақыпов, Харис Вафин сталинизм жылдарында халықтар мен ұлттық-этникалық топтарды елімізге жер аударудың ерекшеліктерін ашып көрсетеді. Қырғызстаннан келген автор Гүлназ Шыныкеева жаһандану дәуірінде өз еліндегі этнодемографиялық үдеріс­тердің ерекшеліктерін ұсынды.

Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының бас сарапшысы Алмат Мәліков ортағасырлық араб тілді әдебиеттегі Ақ Орда мен Көк Орда билеушілерінің сипаттамаларына салыстырмалы талдау жүргізеді. Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетінің аспиранты Станислав Валевко «1914-1917 жылдардағы Орынбор губерниясындағы рево­лю­циялық оқиғалар» тақырыбын көте­реді. Тарихшы Бүркітбай Аяған Ни­дерландта Қазақстанға қатысты табыл­ған архив материалдарын сипаттайды.

Ұлттық архивтің директоры Сағила Нұрланова мен қауымдастырылған профессор Ардақ Қапышев Астана қа­ла­­сының мемлекеттік архивінің де­ректеріне сүйеніп, Ақмола өңірінің этни­калық ерекшеліктерін көрсетеді. Тарих ғылымы саласындағы жаңа ғы­лыми жаңалықтарды осы санға енгізген тағы да басқа авторлар бар.

Енді «Arhiv habarşysy» журналының кезекті шығарылымы отандық және шетелдік ғалымдарды, архившілерді, студенттерді, еліміздің тарихына қы­зы­ғушылық танытып, зерттеп жүрген қа­рапайым азаматтарды бейжай қал­дырмайды деп үміттенеміз. Журналды осы сілтемеге өтіп қарай аласыздар – https://disk.yandex.ru/d/ZFbCL505s-WbjA.