Ұстаз • 27 Сәуір, 2023

Ұстаз ұстанымы

427 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тәуелсіз еліміздің бәсекеге қабілетті мемлекет болуына, заман ағысымен қатар өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген, «Бейбіт күннің батырлары» деген атқа лайықты, білімді де білікті азаматтар бар арамызда. Солардың бірі – бiлiм беру iсiнiң үздiгi, «Құрмет» орденiнiң иегерi, Ордабасы ауданының Құрметтi азаматы, ұлағатты ұстаз Мәрия Зәйтүнқызы.

Ұстаз ұстанымы

Мәрия Зәйтүнқызы 1943 жы­лы 9 мамырда бұрынғы Шаян, қазіргі Бәйдібек ауданындағы Алмалы елді мекенінде дүниеге келді. 1962 жылы орта мектепті бітіріп, ең­бек жолын пионер же­тек­шісі бо­лып бас­тады. 1968 жылы Шымкент пе­да­­гогикалық институтының тарих факультетін бітірді. Халқыма пайдам тисін, елімнің дамуына өз үлесімді қосайын, білімді ұрпақ тәрбиелеуге өмірімді арнайын де­ген мақсатпен ұстаздық жолын таңдады. Еліміздің болашағы – жас­тардың көкірегі ояу, көзі ашық болуына, халқына аянбай қыз­мет етуіне зор үлесін қосты. Білім­ділігімен, біліктілігімен қа­тар, ізденімпаздық, ұйымдас­ты­рушылық қасиеті жоғары Мәрия Зәй­түнқызы мұғалім қызметімен шектеліп қалмай, директордың оқу тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, директор қызметтерін де абыроймен атқарды.

1993 жылы Мәрия апай Білім және ғылым ми­нистрі Мұрат Жұры­новқа кіріп, Түркістан облысы Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында гимназия ашуға, оның ішін заманауи компьютерлермен жабдықтауға күш салды. Гим­­назия математика, физика, хи­­­мия, информатика, ағылшын тілі пәндері бойынша тереңдетіп оқытуға ба­ғытталған. Қан­шама қаражат пен біліктілігі жоғары оқы­тушылардың басын бір жерге топтастыруды жоспарлап отырған Мәрия апайдың ұсы­ны­сымен танысқанда, министр: «ХХ ғасырдың утопиясын жасап жатырсыз ғой, шамаңыз келе ме?», деп күмәнданған екен. Бірақ бар­лық қиыншылықтарға қара­мас­тан, министрлік пен әкімдіктен қол­дау табылып, гимназия ашылды.

Тәуелсіздіктің туын енді ғана қолына ұстаған қазақ елі үшін 1991-1995 жылдар әлеуметтік және экономикалық тұрғыда өте қиын, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетініндей аса ауыр кезең еді. Мысалы, 1980-1991 жылдары жыл сайын 200-300 мектеп бой көтерсе, 1993 жылы республика бойынша 57 мектеп, ал 1994 жылы небәрі 13 мектеп бой көтермеген. Ал 1995 жылы бірде-бір жаңа мектеп бой көтермеген екен. ­Мә­рия Зәй­түн­қызы сол қиын кездің өзін­де де бүкіл аудан бойынша бі­лік­ті­лігі жоғары мамандарды бір шаңы­рақтың астына жұмылдыра алды.

Мәрия апайдың мақсаты – қарабасының қамы емес, болашақ ұрпақты тәрбиелеу екендігі көз жанарынан, әрбір іс-әрекетінен, жалынды сөздерінен көрініп тұ­ратын. Гимназия оқушылары да апайымыздың еңбегін ақтады десем, артық айтқаным емес. Мек­теп-гимназия ашылған соң оның шәкірттері екі-үш жылдың өзінде-ақ физика, математика, химия және информатика пән­дері бойынша облыстық, респуб­ликалық олимпиадаларда жүлделі орындар­ды иеленіп, жоғары нәтиже көрсете бастады.

«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дегендей Мәрия Зәйтүнқызының туған жері үшін жасаған жақсылығы, қызметі ұшан-теңіз. 2002 жылы зейнетке шы­ғып, өз қаражатына 400-дей жәдігер ­жинап, Ордабасы аудан­дық та­ри­хи-өлкетану музе­йін ашты. Музей­ге келген әрбір адам Оңтүстік Қа­зақ­станның тари­хымен, мәдени мұ­раларымен та­ны­сып, құнды ақ­парат алып, баға жетпес рухани бай­лыққа кене­летіні сөзсіз.

Зейнетке шықса да қоғамдық жұмыстарға белсене атсалыса­тын Мәрия апай аудандық Әйел­дер кеңесінің төрайымы қызме­тін атқар­ды. Бұл қоғамдық бірлестік­тің мақ­саты – жақыныңа деген қамқор­лық пен сенімділік, тату­лық пен бірлік, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сияқты отбасы­лық құн­ды­лықтарды дәріптеу, сон­дай-ақ салт-дәстүрлеріміз бен мә­дени мұраларымызды жастарға ұғын­дыру, әйелдердің қоғамдық іс-шара­ларға белсенді араласуына ық­пал ету сынды жұмыстар­ды атқару. Мәрия Зәйтүнқызы Әйел­дер кеңесінің төрайымы ретiн­де жыл сайын ауыл-аймақты ара­лап, осы тақырыптарда жиындар өт­кiздi. Оның басшылығымен аудан­­дағы жағдайы төмен отбасы­лар­ға, мүмкіндігі шектеулі, жетім бала­ларға көмек көрсетілді. Пре­зи­дент қорынан бөлінген қаржыға 200-ге жуық отбасына әлеуметтік көмек берілді. Өз тарапынан да үнемі демеушілік жасап отырады. Күні бүгінге дейін аудан әкімінің есеп беру жиындарында өзекті мәселелерді көтеріп, оларды оң шешуге ықпалын тигізіп жүреді.

2014 жылы «Әйел – қоғам­ның қуатты күші» кітабы жа­рыққа шықты. Онда қазақ қыз-келін­шектерінің отбасындағы мін­деттеріне қоса, қоғам үшін ең­бек етіп, тәуелсіз Қазақстанның өркен­деуіне зор үлесін қосып жүр­гендігі насихатталған.

2017 жылы келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беру мақсатында «Ұлт­тық тәрбие – Мәңгілік елдің негізі» кітабы жарық көрді. Бұл кітабында ұлт болашағы – Отанын сүйетін, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре білген, ата-баба дәстүрін қастерлейтін, бәсе­кеге қабілетті, білімді жастар бол­ған­дықтан, ұрпақ тәрбиесінің маңыз­дылығын атап көрсеткен.

Мәриям апайымның бұдан бө­лек, «Өнегелі өмір» және басқа он шақты кітабы, республикалық «Ақжелкен», «Еркенұр» журнал­дарына, «Қазақстан мұғалімі» газе­тіне, облыстық «Айғақ», «Орда­басы оттары», «Дөңгеленген дү­ние», «Шұғыла» газеттеріне мақа­лалары жарияланды.

Апайымыздың еңбегі жоғары бағаланып, бірнеше мәрте мара­патталды. Атап айтсақ, 2007 жылы ел Пре­зидентінің Құрмет грамо­тасымен, 2012 жылы облыс­тың 80 жылдығына арнап шыға­рыл­ған мерекелік медальмен, Тә­уел­сіздіктің 20 жылдығына, 25 жыл­дығына, 30 жылдығына ар­налған мерекелік медальдармен, Қазақ­стан мәслихаттарына 25 жыл мере­ке­лік медалімен, «Құрмет» орде­ні­­мен марапатталған. 2020 жылы ­есі­мі Қазақстанның Алтын кіта­бына енгізілді.

Биыл 9 мамырда Мәрия апайы­мыз өмірінің биік белесіне көтері­леді. Шәкірт тәрбиелеудің өнегесін көр­сеткен ұстаздың бей­неті зейнет­ке ұласып, білім саласына, әріптес­те­рі­не шуағын төге береді деп сене­міз.

        

Қайратбек ЖЕТПІСБАЕВ