Шаруашылық • 28 Сәуір, 2023

Техника толықтай дайын

264 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкімет үйінде «Реформалардың түпкі мақсаты – халық өмірін жақсарту» атты еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңейтілген кеңес өтіп, онда Президент агроөнеркәсіптің даму барысы туралы бірқатар мәселелерге тоқталды.

Техника толықтай дайын

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Соның ішінде «Өндірістен са­тылымға дейін бүкіл жолға жіті қарап, бағаның өсуі қайдан туындайтынын түсіну керек. Агроөнеркəсіптік ке­шенді бас­қарудың қазіргі моделі сала­ның əлеуетін аша алмайды. Үкі­мет алдында агроөнеркəсіптік кешеннің тұрақты өсуін қамтамасыз ету міндеті тұр», деген болатын. Шын мәнінде, ауыл шаруашылығын жетілдіру оңтайлы болмаса, елде азық-түлік қауіпсіздігіне қол жеткізу қиын. Осы міндетті өңір­лер де жақсы қабылдап, оны түсі­ніс­тікпен іске асыруға кірісіп жатыр.

Жуырда Солтүстік Қазақ­стан облысының әкімі Айдар­бек Сапа­ров­тың төрағалығы­мен Прези­денттің сындары мен тапсыр­ма­ларын орындау бойын­ша Ауыл­ шаруашы­лығы министр­лі­гінің өкілдері мен аудан әкім­­дері, тыңайтқыш өнді­ру­­ші­лер мен техника жасаушы­лар, ғылыми орталықтар маман­дары мен диқан­ қауым қатыстырылған «Агро­Қызылжар-2023» атты үл­кен кеңес өтті. Онда Прези­дент­тің сындары орынды деп таны­лып, оны түзету бағытында ұсы­ныс­тар мен пікірлер айтылды. Мәселен, Мемлекет басшысы ауыл­ шаруашылығы өндірісін субсидиялау бойынша былай деген еді: «Агроөнеркəсіп кешенін дамытуға бөлінетін бюджет қара­жаты тиімді жұмсалуға тиіс. Мұны мұқият қада­ға­лау қажет. 2019-2021 жылдары өнім өңдеуге берілген субсидияны алайық. Бұл қаражаттың тең жартысы субсидия аламын деушілердің 10 пайызының ғана қолына тиген. Субсидия алған кейбір пысықай­лар өндірісті өркендетудің орнына бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген. Ал қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қиынның қиыны. Оның үстіне субсидия беру жүйесі өте күрделі жəне қажетті мəлімет көпшілікке қол­жетімді емес. Субсидия бөлуді рет­тейтін жаңа цифрлық жүйе бұл түйткілді шеше алмай тұр. Əри­не, біршама жұмыс атқарылды. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бұл бағыттағы жұ­мыс­­ты аяғына дейін жеткізу керек». Осы мәселе бойын­ша биыл­ғы ахуалды баяндаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағамбетов облысқа бөлінген биылғы субсидия көлемі 63,3 млрд теңге екенін айтты. Оның 19,6 млрд теңгесі өсімдік саласын дамытуға бағытталмақ. Мал ша­руа­шылығын дамытуға бөлі­не­тін мемлекеттік қолдау  9,6 млрд теңге екен. Ал қалған 33,7 млрд теңге өңдеу саласына, инвести­ция салуға, ынталан­дыру мөлшерлемесіне және т.б. жұмсалмақ. Алайда Марат Тасма­ғамбетовтің айтуына қара­ғанда, осы көлем облысқа аздық ететін көрінеді. Облыс­тың өсімдік сала­сын қолдауға ғана 35 млрд теңге субсидия қажет. Оның 2 млрд тең­гесі тұқым алуға, 5 млрд теңгесі мине­ралды тыңайтқыштарға, 10 млрд теңгесі пестицидке және т.б. жұм­салуы керек. Бүгінгі таңда Пре­зиденттің талабы ескеріліп, өндіріске ғана жұмсауды көз­деген субсидия алатындардан өтініштер қабылданып жатыр. Осы күн­дері диқандарға 8,9 млрд теңге суб­си­дия берілген және әлі беріліп жатыр. Ал мамыр айынан бастап пестицидті субсидияландыру жұмысына да кіріспек.

Облыс әкімі Айдарбек Сапа­ров­тың айтуына қарағанда, мемлекет қазір ауыл шаруашылығы құры­лымдарының алдындағы міндетін толық орындаған. Қаржылық қам­сыз­дандыру институттары ке­дер­гісіз жұмыс істейді. Жеңіл­детілген бағамен босатылатын дизельді отынның әрбір литрі 224 теңге болып, 73,6 мың тонна көлемінде бөлінген.

Тұқымның сапасы толық тек­се­­ріліп, оның 97%-ы 1-2 сынып­ты егу стандарттарына сәйкес екендігі анықталған. Тұқымның элиталық сұрыбын алудың 70% субсидия беріледі. Минералды тыңайтқыштар, пестицидтер мен гербицидтерді субсидиялау ең төменгі нарық құнының 50%-ы көлемінде.

Бүгінгі таңда облыс көктемгі егіс жұмыстарына кірісуге да­йын деп айтуға болады. Биыл Солтүстік Қазақстан облысы бар­лы­­ғы 4,5 млн гектар жерге тұқым сіңір­мек. Мемлекет бас­шы­сы­ның ауыл­ шаруашылығы өндірісін әрта­раптандыру талабын ескере отырып, соның 3,2 млн гектарына дәнді дақылдар, 960 мың гектарына майлы дақылдар, 353 мың гектарына жемазық дақылдары, 34,1 мың гектарына картоп және 6,2 мың гектарына көкөніс егілетін болады. Облыс азық-түлік қауіпсіздігін ескере отырып, ішкі нарықты толықтыру мақсатында бұршақ дақылдарын егуді былтырғы 3 мың гектардан биыл 9 мың гектарға дейін арттырып отыр. Сондай-ақ картоп 1,5 есе, сәбіз 2 есе, қырыққабат 2,2 есе көп отырғызылған.

Соңғы жылдары облыс­та мал шаруашылығы жақсы қар­­қын­­мен дамып келеді. Осы­ны еске­ріп, биылғы егіс науқа­нын­да көпжылдық шөп көлемі 204 мың, біржылдық шөп 100 мың гек­тарға жеткізілді, ал жүгері 26 мың, жемазықтың басқа түрлерін егу 21,4 мың гектарға дейін арттырылды. «Зенченко и К», «Тайын­ша-Астық» ЖШС, «Дашка Нико­лаевка» ЖШС, «Астық Стем» ЖШС, «Es Global» ЖШС сияқты шаруа­шылықтар жема­зық­тың құнарын арттыруды көз­деп, оларды суару жұмыстарын биыл да қолға алмақшы.

Қазір кейбір озат шаруашы­лық­тар тұқым сапасын арттыру­ды көздеп, оны алыс шетелдерден де алдырып жатыр. Мы­са­лы, биыл 67 тонна тұқым Еу­ро­­па елдерінен, 10,5 мың тонна Ресей Федерациясынан әкелінді.

Облыс агроқұрылымдарына көк­темгі егісті уақтылы өткізуі үшін жобамен 13 мың трактор, 14 мың тұқым сепкіш және 1,4 мың жо­ғары өнімді себу кешендері қа­жет екендігі анықталған. Биыл­­дың өзінде жаңадан 3,8 млрд теңгеге 104 жаңа трактор са­тып алынған. Айта кететін болсақ, германиялық «Claas» зауытының Петропавлдағы құрастырушы филиалы былтыр 70 трактор, 136 комбайн, 36 себу кешендерін жинап, облыс диқандарына өткізді. Облыс әкімінің ауыл шаруашылығын бақылайтын бірінші орынбасары М.Тасмағамбетовтің айтуына қарағанда, қазір барлық техниканың 99 пайызы да­йын. «Қазір диқандар арасында жоғары сапалы жаңа тұқымсепкіштер сұранысқа ие. Былтыр 1,2 млрд теңгеге 476 тұқымсепкіш сатып алынған еді, биылғы 2,5 айда тағы 189-ы сатып алынды», деді ол.

Сонымен солтүстікқазақ­стан­дық диқандар көктемгі егіс нау­қанына дайын деп нық сеніммен айта аламыз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы