Талдықорған қалалық сотының үкімімен С.М.Күдебаев «Қаңтар оқиғасы» кезінде билікті асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтей отырып, полиция генерал майоры арнайы атағынан айырылды.
С.М.Күдебаев Қазақстан Республикасы Конституциясының, Мемлекет басшысының «Төтенше жағдай енгізу туралы» Жарлығының, «Құқық қорғау қызметі туралы» және «Ішкі істер органдары туралы» заңдарының нормаларын бұзып, сондай-ақ ведомствоішілік бұйрықтар мен арнайы жоспарлардың талаптарын орындамаған.
Төтенше жағдай кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің орнына, С.М.Күдебаев жеке құрамға ғимараттан кетуге бұйрық берген. Жергілікті жердің коменданты ретінде жедел штабтың тиісті жұмысын және аймақтағы жағдайды тұрақтандыру бойынша уақтылы шаралар қабылдауды қамтамасыз етпеген.
Бұдан соң тонаушылар сауда үйлері мен бизнес нысандарын тонады. Банкоматтар мен супермаркеттердің дүңгіршектерін қиратып, облыс әкімдігі, «Amanat» партиясы ғимараттарына шабуыл жасап, өртеді.
Қылмыскерлер құқықтық тәртіп күштері болмаған кезде облыстық Полиция департаменті мен Талдықорған қаласы Полиция басқармасының ғимараттарын басып алу кезінде 500-ге жуық қару мен 28 мыңнан астам оқ-дәрі ұрланған, олардың біразы әлі табылған жоқ.
Мемлекетке, азаматтарға және кәсіпкерлерге келтірілген залалдың жалпы сомасы шамамен 5 млрд теңгені құрады.
2022 жылғы 7-16 қаңтар аралығында Полиция департаментінің ғимаратында 23 азаматқа қатысты жаппай азаптау қолданылды.
Сонымен қатар С.М.Күдебаевтың көз алдында оның қарамағындағылар департамент аумағында жеткізілген адамдарды ұрып-соққаны бейнекамераларға жазылған.
Тыйым салынған тергеу әдістерінің нәтижесінде аталған азаматтардың денсаулығына әртүрлі дәрежедегі зиян келтірілген.
С.М.Күдебаевтың кінәсі қылмыстық іс бойынша жиналған дәлелдемелер жиынтығымен толық дәлелденді.