Театрдағы екі күнгі аншлагтан алған әсеріміз ұшан-теңіз. Әсіресе Бекжан Тұрыс сомдаған Абыз бейнесі, Алмат Құрақ кейіптеген Жапал, Нұрғиса Қуанышбайдың Есен батыры тарих қойнауынан қайта тіріліп келгендей әсер қалдырды. Болат Әбділмановтың Еспембеті, Саят Мерекеұлының Кеңгірбай биі, Ерлан Біләл ойнаған Көбей бейнелері де бүгінгі көрерменді өзгеше толғандырғанын іштей сезіп отырдық. Сондай-ақ Жомарт, Кембай, Қараменделер де өз мінез ерекшеліктерімен есте қалды. Әсіресе Еңлік рөліндегі Захира Рахымжанның жан мен тән сұлулығы әдемі үйлесім тапқан. Ал оның сүйген жігіті – Кебек рөліндегі келбетті де батыр мүсінді актер Әділет Базарбайұлының сахнадағы орны тіпті ерекше. Бейкүнә махаббаттың құрбаны болған қос ғашықтың бір-біріне деген ыстық көңілі мен жүрек лүпілі қазіргі жастардың да ішкі әлемін алай-дүлей етіп, сезім қылын қозғап кеткені сөзсіз.
Талантты жастарға жол көрсетер, арқасүйер аға буын актерлердің еңбегі де өз нәтижесін бергені көрініп тұрды. Жаңа қойылымның бірден-бір жетістігі осы деуге әбден болады. Мәселен, бұған дейін 1996 жылы режиссер Жанат Хаджиев қойған «Еңлік-Кебекте» де Болат Әбділманов тасбауыр би Еспембетті сомдаған. Түсі суық, қабағы қатыңқы келген Еспембеттің бейнесін актер бұл жолы жаңа қырынан танытты. Оның аузынан асықтай иіріліп шыққан отты сөздер арқаңды мұздатқандай. Әуелі сарабдал бастап, бірте-бірте күш көрсете сөйлегенде, еріксіз сескендіреді. Актер ойынының негізгі желісі – сөздің ішкі күші, одан туған іс-әрекеті мен психологиялық толғаныстары.
Ж.Хаджиевтің режиссурасы бойынша Кебекті сомдаған Ерлан Біләл кезінде көрермендер мен театр сыншыларының қошеметіне бөленген болатын.
Ал келбеті келіскен жас актер Әділет Базарбай кейінгі Кебектің сахналық бейнесін тудыру кезінде Ерлан Біләл өзіндік тәжірибесімен бөлісіп, біршама көмек бергенін жеткізді. «Дайындық барысында сахнадағы әр қадамыма қарап отырды. Әр сөзімдегі дыбысқа, әр қимылым мен көзқарасыма дейін бақылайды. «Кебек ондай емес, Кебек олай айтқан жоқ» деп қателерімді түзетіп береді. Ол кісіден үйренерім әлі көп», дейді актер ризашылықпен.
Бұл ретте әйгілі режиссер Шәкен Аймановтың «Жақсы актер болу үшін дарынды болу аздық етеді. Ол үшін әр актер, ең алдымен, өз бетінше ізденіп, кейіпкерінің ішкі күйіне еніп, оны тереңірек зерттеуге талпынуы қажет», деген қағидасы еске түседі. Кебектің батыр да батыл, бүкіл әлемді дос санаған сахналық көркін бұзбай, рөлін жақсы меңгеруі – соның дәлелі болса керек. Осы орайда актер Әділет Базарбай өзі сомдаған кейіпкерін зерттеу және ойнау кезінде туған ішкі сезімдерін былай жеткізді: Кебек – сыршыл да сезімтал, ақылды, ұлты мен еліне жаны ашитын, бір сөзді, жалғыз өзі
15 батырды жеңген Тобықты елінің бетке ұстар азаматы. Кебекті іштей түсінемін, оның үстіне кейіпкерім дәл қазіргі менің жасымда болған екен. Мен де бойдақпын, мен де өз теңімді әлі тапқан жоқпын. Ал Кебек сүйгенін тапты. Махаббат жолында ата дәстүрді бұзып, еріксіз атастырылған, бірақ атастырылған адамын сүймейтін қызды алып қашты. Бар кінәсы осы. Іштей махаббат та, қызғаныш та, армандар да және ең ауыры – өкініш те бар... Қойылымға келген жастар бұл трагедиядан сабақ алуы керек деп ойлаймын.
Жапалдың апатайына деген шексіз махаббаты мен қиял-шалқарында шарықтаған нәзік дүниесі, Кебектің ата дәстүрден аттағаны үшін өкініші мен қорқынышы, Еңліктің махаббат жолында құрбан болуға ынтық сезімі, билердің қатал шешімі, сол шешімді жастардың өліміне қарай бұрып, соңында өкінгеннен Есен батырдың өзін өзі қамшымен сабағаны, оқиғаның басы мен аяғына дейін Абыздың мұңды шермен зарланып, қасіретке толған үні мен қимылдары жаңа қойылымда көрерменге мүлдем басқаша әсер қалдырады.
«Еңлік-Кебекті» жаңша қойған режиссер Әлімбек Оразбековтің бір ерекшелігі – бұған дейінгі әрбір «Еңлік-Кебектің» элементтерін ұтымды пайдаланған. Мәселен, Ә.Оразбековтің Абызы мұнда ата-бабалардың аруағы ретінде бейнеленген. Әрбір сәтте елес кейпінде көрініп, жан тебірентер монологін айтып, тіпті Кеңгірбай биге аян беріп, ел тыныштығы үшін күресіп жүреді. Ал Ж.Хаджиевтің қойылымында Еңлік пен Кебекті Жәуетай есімді кейіпкер тау-тастан іздеп табады. Ә.Оразбековтің режиссурасында оларды Жапал іздеп барады. Бұл жолы қос ғашықтың баласы тауда ұмытылып кетпей, Жапалға табысталған. Ал кейбір сахналар екі мағыналы етіп жеткізілген: Жапал бейкүнә сәбиді Абызға береді, Абыз өз кезегінде оны аспанға ұшырып жібереді. Бұл жерде әр көрермен өзі тұжырым жасауы керек. Сахналық көрініс, декорация көзге ерекше түседі. Тау-тас бейнеленген қабырғалар, жылан, садақ, қылыш тәрізді реквизиттер, кейіпкерлердің әр кезеңге сай өзгертіліп отырған киім-кешектері көрермен назарын еріксіз өзіне тартады.
Премьера кешінде сөйлеген актер Болат Әбділмановтың пікірі де түрлі ойларға жетелейді: Мұнда халық пен мемлекеттің қалыптасуына ықпал ететін трагедиялық терең мән-мағына жатыр. Режиссер Ә.Оразбеков ең басты мәселені билердің алдына қойып отыр. Бұл спектакльдің бұған дейінгі «Еңлік-Кебектерден» ерекшелігі де осында. Бұрынғы заманда дәстүр бұлжытпай орындалуы керек болған. Осы қасаң қағида қос ғашықтың қасіретіне әкеліп соқты. Адами құндылықтың шырқау шыңы – махаббат. «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» деген Абай өсиеті тағы да алдымыздан шығады. Дәстүрді замана заңы десек, ол заң уақыт талабына сай өзгеріп, жаңғырып отыруға тиісті. Олай болмағанда кез келген қоғам, мемлекет тығырыққа тіреледі. Өркениет ауылы алыстай береді...
Аға буын мен жас буын актерлердің ойы бір арнада тоғысты: «Әлімбек Оразбеков қойған «Еңлік-Кебектің» ерекшелігі – дәстүрден аттамау. Сөйте отырып, дәстүрдің озығы да, тозығы да бар деген ұстанымды алып шыққандығында. Билер сахнасында бұл кеңінен көрсетіледі», деді әйгілі актер Асанәлі Әшімов.
Ендеше, ауыз әдебиетінің асыл маржандарынан сүзіліп, бүгінге қаймағы бұзылмай жеткен махаббат айнасы «Еңлік-Кебек» жыры ғасырдан-ғасырға жасай береді.
Аружан ЖЕҢІСБЕКОВА,
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ журналистика факультетінің студенті