Тұлға • 03 Мамыр, 2023

Қызылша егудің майталманы

417 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жетісу өңірінде уағында 4 қант зауыты жұмыс істеген. Ол тұста шаруа­лардың жауапкершілігін өкімет өз мойнына алатын. Ал тиісінше кәсіп иелері мемлекет бекіткен межені артығымен орындауға күш салатын. Бұл пропорция жүз пайыз елді ұйыстырған қарекет еді. Осы жайында бізге қант қызылшасын егуден өңірдің «чемпионы» атанған Әкімбай Зәкірбайұлы әңгімелеп берді.

Қызылша егудің майталманы

Сексеннің сеңгіріне шыққан қария­ның  сөзі «бұрын еңбектің бағаланға­ны­на разымын» деген ықыластан бастал­ды. Шы­нымен сол за­манда билік әлеумет­тік ұран­мен шаруаны шет ­қақпай, бауыр­ға басқан. Халық қырық жыл трактор ­айдап, мал баққан шаруа иесін қадір­леп, төрден орын берген. Елдің риясыз құр­меті азаматтарды шыңдай түсіпті. Соң­ғы жылдары мемлекет еңбек адамын қа­дірлеп, ауыл шаруашылығына көңіл бөле бастағаны қуантады.

Шыны керек, соңғы өңірлік қант тап­­шылығынан кейін Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасымен үкімет Жетісу же­рі­нде қант қызылшасының егіс көле­мін жыл­­­да­­ғы­дан арттырды. Бұл жос­пар жыл сайын жаңарып оты­ра­ты­н болды. Аграрлы облыс қайтсе де егінді бітік шы­ғарып, мақсатқа жетуге асық. Ал біз­ді осы ретте «қант қызылшасы бұрын қалай егілетін еді?» деген сауал мазала­ды. Қазіргідей заманауи техника жоқ кезеңде шаруалар бүгінгіден 2-3 есе көп өнім алған екен. «Оның себебі неде?», «Бүгінгі кәсіпкерлерге не жетіспейді?». Осы сұрақтар Қаратал ауданына қарас­ты Оян ауылында тұратын Әкімбай Зәкір­­байұлының шаңырағына жетелеп апарды. Балпық би, Айту би, Ескелді би, Жолбарыс батыр бабамыздың жерленген аймақтың іргесінде қоныстан­ған аядай ғана ауыл ескі заманда қант қызылшасының қайнар бұлағы бол­ған. Байырғы «Бірінші май» ұжымшары мен «Қа­ра­тал» асыл тұқымды қой кеңшары­ның» тыныс-тіршілігін ақсақал әдемілеп әңгі­мелеп берді.

«Әкем 1930 жылдары трактордың оқуын бітірген. Өзі мықты механик еді. Ауылда жер жыртып, егін екті. Екінші дүние­жүзілік соғыс басталғанымен, ол кісі­ні майданға жібермеді. «Сарбаз­дарға азық-түлік қажет» деп әскери комиссариат бронмен қалдырады. Сөйтіп, әкеме әйел­дерге трактор айдап үйрету тапсырылады. Қыз-келіншектермен жұмыс істеу оңай емес, екі рет майданға сұранып барады. Әйтсе де соғысқа үзілді-кесілді алмайды. Осылайша қызылша, бидай, арпа егіп, ауылда қалады», деді қария көңілі босап.

Әкімбай ақсақал бала күні егін басында өткен. Ауылдағы үлкен анала­рымен бірге қызылша сеуіп, оның арам шөбін шауып күнелткен. Ол тұста қы­зыл­шаны ескі трактормен себеді. Де­генмен кеңес техникасы қазіргідей тұ­қымды сиретіп салмайды, арасын жиі төгеді. Ал қызылша бітік шығу үшін арасы 10 сантиметр болуы керек. Сон­дықтан 10 жасар Әкімбай анасынан қалмай тұқымның арасын сиретіп отырады. Ол уақытта бір үйге бір тракторды жауапты қылып қойған. Талап сондай, өл-тіріл соны істеуің шарт. 5 қыр­күйекте қызылша жинау науқаны бас­та­лады. Бүкіл мектеп оқушыларымен қатар ауыл жұрты тегістей егінге шыға­ды. Бұл – жоғарыдан жеткен жарлық.

«Шешемді елден бұрын алып шыға­мын. Таң бозынан жылдам қимыл­дап ел­ден ерте бітіреміз. Басқа әйелдер мені көмекке шақырады. Шешем қайтсін «бар» деп айта алмайды. Жұмыс ауыр, өзім әулеттегі жалғыз баламын, маған алаң­дайды. Сол тұста гектарынан 200-250 цент­нер алатынбыз, кейін мен же­тек­ші болғанда үкімет гектарына 300 цент­нер алуды міндеттеді. Ол уақта гербицид деген жоқ. Жерді соқамен жыр­тамыз. Қазіргідей техника қайдан бол­сын. Культиватордың шамасы да бел­гілі, итшілеп істейсің», деді бала күнін есіне алып.

Ол 19 жасында шынжырлы трактор­дың шебері атанады. 1953 жылдары өкі­мет басына Хрущев келеді. Жаппай орыс тілінде басымдық беріле бастады. Ауыл­дағы жеті жылдық қазақ мектебін жа­бады. Шағым айтқан халықты «оқы­саң орысша оқы, оқымасаң қой» деп кейін қайтарады. Бүкіл аудан бойынша Үштөбеде жалғыз қазақ мектебі қалады. Әйтсе де білім ордасы қазіргі Оян ауылынан алыста орналасқан, оның үстіне автобус та жоқ. Сөйтіп, алтыншы сыныпты бітірген бала Әкімбай, бір сынып төмен түсіп, 5-сыныпты орысша оқиды.

«Жеті жылдықты бітірген соң, оқуға бару керек. Ол кезеңде 7-сынып қазір­гі 9-сынып есебінде жүреді. Сөйтіп, Тал­ды­қорғанның арғы жағындағы Шұбар ­ауы­лында орналасқан ауылшаруашы­лық техникумына құжат тапсырдым. Ба­ғым жанып, агроном мамандығына оқуға түстім. Аздап сырқаттанған мені әкем алысқа ұзатқысы келмеді. Мен үйде жалғыз баламын, бауырларымның бәрі қызылшадан қайтыс болып кеткен. Сөйтіп, бір-ақ семестр ғана оқыдым», дейді ақсақал.

Әкесінің бір ауыз сөзін жерге таста­маған кейіпкеріміз оқудан шыққан­нан кейін қол қусырып үйде жатпайды. Бір күні «Бірінші май» ұжымшарының басшысы Рахым Байтілеуов ауылдағы жігіт­терді шақырып, МСХ №24 те оқу­ға жібереді. «Бірінші майға» төрт ауыл қарайды. Атап айтсақ, Оян, Жаңа­талап, Ұмтыл, Май ауылдары. Осы төрт елді мекеннен жиналған 22 жігіт оқуға аттанады. Ұжымшар басшысы аман-есен оқуды бітіріп келгеннен кейін, әр­қайсысына бір-бір трактордан беремін деп уәде етеді. Өкінішке қарай, оқу орыс тілінде, ауылда орыс көрмеген балалар тілді қайдан білсін, көбі түсінбей елге қайтады. Ал қалғаны сонда бір жыл білім алып, елге білікті маман болып оралады.

«Ауылға жаңа трактор келе бастапты. Техниканы толық меңгергенше трак­торшының көмекшісі болдым. Бір күні маған шынжыр табан трактор бұйырды. Оны 8-9 жыл айдадым. Қолда бар бульдозер және К-700-бен арық тазалаймыз, канал қазамыз. Жұмыс Жаңаталап ауылында, Шәкен аға екеуіміз күнде қатынап істейміз. Басшымыз екі аптада бір босатады. Әйтеуір қызылша басталғанда босадық. «Әлі жаспын, ауылдан қатынап істейін» деп бригадирден дөңгелек трактор сұрап ал­дым, Ақкөңіл кісі еді, бірден көне кетті. Жұ­мыс бітпейді, жоңышқа жинаймыз, оны престейміз.

1976 жылы Қаратал асыл тұқымды қой кеңшарында жұмыс істеймін. Қыс­тауға мал айдаймыз, шөп дайындаймыз дегендей... Трактормен кетіп бара жатыр едім, жолда директор көріп, ша­қырды. Шошып кеттім, арбада жат­қан шөпті көріп қалды ма деп зәрем қал­ма­ды. Қасына асықпай барып едім, «Құт­тықтаймын» деп бауыры­на бас­ты. «Газеттен оқыдым, Үшін­ші дәрежелі «Ең­бек даңқы» орденімен мара­пат­тал­дың» деді. Көп ұзамай аудандық партия комитеті орденді кеудеме тақты. Қай жер­де жұмыс жүрмей жатады, мені жі­берді. Жаспыз, жанып тұрмыз, ерінбей ең­бек етеміз», дейді қарт көңілі жадырап.

1983 жылы ұжымшар басшысы Әкім­бай ағамызды шақырып алып, 50 гектар жер береді. Қасына он жұмысшы, екі трак­тор алып, қант қызылшасын егуді сұрай­ды. Сұрап қана қоймай, гек­тарынан 300 центнерден өнім алуды мін­деттейді. Істің ретін білетін шаруа иесі бұл мін­детті абыроймен алып шығады. Тіпті бірінші жылы гектарына 404 центнер­ден беріп, ауданда рекорд орнатады. Сөй­тіп, өңірдің үздігі атанады. Келесі жылы гектарынан 480 центнерден ­жинап, үкіметтен екі мың сом алады.

Әкімбай ақсақалдың айтуынша, кеңес уағында көктем келе жер ылғалда қызылшаның тұқымын себеді. Енді өне бастағанда, жерге минералды тыңайт­қыш береді. Тұқым да қазіргідей емес, үкі­мет арнайы шетелден салмақты әрі са­па­лы тұқым әкеледі. Оның үстіне ­2 жыл сайын жерге демалыс беріп отырады.

«Ол уақытта шикізатты қазіргі Көксу зауытына өткіземіз. Ұжымның көліктері өздері тасиды. Ақсу зауыты да істеп тұрды, оған қоса Үшаралда да кішігірім қант зауыты болды. Екі жылдан соң қызылша шаруашылығы тоқтады. Жер тозды деп, жүгері егуге бет бұрдық. Ол да жаман болған жоқ, еңбегіміз ақталды», деп әңгімесін аяқтады қария.

40 жыл талмай-тыңбай еңбек еткен Әкімбай Зәкірбайұлы облыстық партия комитетінің мүшесі де болған. Бүгін­де алпыс жыл отасқан жары Мәкен апамызбен бірге бала-шағаның қызы­ғын көріп отыр.

 

Жетісу облысы