Қазіргі күні аймақтың денсаулық сақтау саласындағы білікті медицина қызметкерлерінің саны 2 мыңның үстінде. Былтыр ел бойынша медициналық жоғары оқу орындарын тәмамдаған үш мыңға жуық түлектің небәрі 112-сі ғана біздің өңірге жіберілген. Емдеу мекемелеріне қосымша 150-ге жуық маман қажет екен. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында ауылдағы медициналық мекемелерге жұмысқа орналасып жатқан жастарға материалдық көмек жеткілікті деңгейде көрсетіліп отыр. Былтыр ауылдарға барған жас мамандарға 318 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы және баспана сатып алуға 4,7 млн теңгеге дейін арзан несие берілді. Алайда бұл жеңілдікті пайдаланып отырғандар тіпті аз. Ауылдарға былтыр оқу орындарын бітірген небәрі 17 жас дәрігер ғана барыпты.
Дәрігерлердің жетіспеушілігі Железин, Успен, Шарбақты аудандарында ерекше байқалады. Мәселен, Железин ауданы орталығындағы ауруханада эндокринолог жоқ. Бұл мәселені айтып хабарласқан жергілікті тұрғын (аты-жөнін атағысы келмеді) өзінің екінші топтағы мүгедек екенін, дәрігерге бару үшін сонау 200 шақырым жердегі Павлодар қаласына жол жүруге мәжбүр болатынын жеткізді. Оның үстіне үйіндегі 74 жастағы шешесін қараусыз қалдырып кететін көрінеді. Аудан басшылығы да, өңірлік денсаулық сақтау басқармасы да бұл түйткілді шешуге қауқарсыз.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтің сөзіне сүйенсек, жалпы Железин ауданында 4 арнайы дәрігер және бір жалпы тәжірибе дәрігері жетіспейді. Бұл тығырықтан шығу үшін өңірдегі штаттан тыс дәрігер мамандардың көшпелі қабылдауларын тұрақты ұйымдастырып келе жатқандарын, жуырда ақ желеңділер бригадасы Железинде болып, 68 тұрғынды қабылдағанын мәлімдеді.
– Бізде жылжымалы медициналық пункттер бар. Оның бірі осы шалғай ауданның халқына қызмет көрсетеді. Биылғы жылы аймақтағы емдеу ұйымдарына 58 арнайы дәрігер жаңадан келеді деп күтілуде. Өкінішке қарай, олардың арасында эндокринологтар жоқ. Облыс бюджетінен медицина қызметкерлерін даярлауға 50 грант бөлінуі керек болған. Бас дәрігерлер медициналық жоғары оқу орындарын аралап, жас мамандарды шақыру шараларын үнемі ұйымдастырады, дейді ол.
Ертіс-Баян аумағында арнайы дәрігерлердің жетіспеушілігі көп жылдан бері жалғасып келе жатыр. Әсіресе, пандемия уақытында олардың тапшы екені айқын білінді. Емдеу ұйымдары әлдеқашан құрмет демалысына шығып кеткен ардагерлерін жұмысқа шақыруға мәжбүр болды. Бұл жағдай өңірдегі медицина кадрларының жетіспеушілігін шешуге бұған дейінгі басшылар бас қатырмағанын байқатса керек. Пандемиядан бері үш жылға жуық уақыт өтсе де, «баяғы жартас – сол жартас» болып, түйткіл сақталып қалып отыр.
Атап өтерлігі, кейбір әкімдіктер дәрігерлерді тарту үшін аудан орталығында тұрғын үйлер салуға бет бұра бастаған. Мұндай жобалар Шарбақты мен Успен аудандарында басталып та кетті. Аймақтың бұл саладағы кадр тапшылығын шешуге деген кешенді жоспары әзірленбей, ауылдағы медицинаның деңгейін көтеру ойға сыймайтындай.
Павлодар облысы