Суицид • 02 Мамыр, 2023

Жас өрім және өмір дағдарысы

715 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше әлемде жыл сайын жасөспірімдердің 10 пайызы өз өміріне қол салып, соның 60 мыңнан астамы көз жұматын көрінеді. Технология өрлеген жаңа мүмкіндіктер дәуірінде жан түршігер жағдайлар одан бетер жиілеп, статистикалық деректер жаға ұстатады. Елімізде бұл проблема тіптен өршіп тұр.

Жас өрім және өмір дағдарысы

Суицидтің себеп-салдары неде?

Алматы іргесіндегі Қарасай ауданына қарасты білім меке­ме­ле­рінде айналасы аз уақытта төрт бірдей жеткіншектің өз-өзіне қол салып жантәсілім етуі қоғамда қызу талқыланды. Өмірге енді қадам басқан өрімдей өрендерді өлімге жетелеген не нәрсе? А.Бай­сал­баев атындағы мектептің 10-сы­нып оқушысы үйге келіп, екі сағаттан кейін дарға асылған күйі табылған. Ал қаңтар мен наурыз айларында осы аудандағы Б.Қосынов орта мектебінде екі бірдей суицид тіркеліпті. Жыл басында Қарасай мектебінің тағы бір оқушысы өмірмен қош айтысып, жақындарын зар жылатып кеткен. Аталған ауданның Алмалыбақ орта мектебінде өмірін қимақ болған оқушы ғайыптан тайып аман қал­ған. Қазір қайғылы оқиғаларға қа­тысты медициналық сараптама тағайындалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Аталған ауданда биылдың өзінде оқушылардың өз-өзіне қол жұмсау оқиғасы төртінші рет тіркелгенін ескерсек, жағдай жіті бақылауды қажет етеді. Деген­мен бұл оқиғалардың арасында қандай да бір байланыстың бар-жоғы әзірге белгісіз.

Мұндай келеңсіз жайлар елі­міз­дің әр өңірінде жыл сайын қайталануда. Суи­цид­тің себеп-сал­дарымен күрес мәсе­ле­сіне ба­ғыт­талған түрлі іс-шаралар қолға алынғанымен, нәтиже көңіл көн­­шіт­пейді. Әсі­ресе біз айтып отыр­ған жасөспірімдер мен жастар арасында өз болашағына балта шабу фактілері азаймай тұр. Айталық елімізде 2018 жылы 3 533 адам суицидке барған болса, оның 200-ге жуығы – кә­ме­лет­ке толмаған жеткіншек. 2019 жылы өзіне қол салған 3 794 азаматтың 180-і – өрім­дей жас. Оның 47-сі – 14 жасқа тол­­маған уыздай балалар. Ең өкініштісі, жыл өткен сайын бұл статистикада айтар­лық­тай өзге­ріс жоқ.

Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-эко­но­микалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте осы мәселеге айрық­ша тоқталып: «Балаларға қатысты жан­түр­шігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұн­дай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз қажет. Бұл тұрғыда әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау іс-шараларын заңмен күшейту керек», деп атап өтті. Президент аталған мәселе кешенді іс-шаралар қабыл­дау­ды қажет ететін өткір проблема екенін баса айтты.

 

Күйзелістен құтылудың жолы бар ма?

Ақпараттық технологиялардың кең­ге құлаш сермеуі қыруар жұ­мыс­ты же­ңіл­деткенімен, адамзат алдына жаңа қауіп-қатерлер әкел­ді. Жаһандық маман­дар соң­ғы 10 жылдың бедерінде жас­өс­­­пірімдердің ғана емес, жалпы әлем жастарының психикалық денсаулығында айтарлықтай кедер­гі­лер туындағанын айтып дабыл қағуда. Дамыған елдердегі сияқты, дамушы елдерде де жастар пси­хи­калық дертке ұшырауда. Мәселен, табысы жоғары елдердің өзінде 11 мен 15 жас аралығындағы балалардың төрт­тен бірі күніне екі не одан да көп рет әл­сі­реу, ашу­шаңдық, күйгелектену немесе ұй­қы­ның бұзылуы сияқты психологиялық бел­гілерді бастан өткеретін көрінеді. Егер оларға дер кезінде көмек көрсетілмесе, өмір сүру сапасының төмендеуі мен суи­цид­­тік мінез-құлыққа әкеліп соғуы әбден мүмкін.

Жасөспірімдер арасындағы суицидтің салдары сан алуан. Отбасындағы жанжал, жауапсыз махаббат, қоғамда өзін қораш сезіну, қатарластарынан теперіш көру және тағы басқа дегендей. Психология ғы­лымы тұлғаның өз өміріне қол салуын психикалық нормадан ауытқумен байланыстырады.

– Психикалық қалыптан ауытқу – адам психикасын жаралайтын қиын жағ­даят­тардың ықпалымен өмірден өту­дің ұғынылған тү­рін­­дегі актісі бол­ған­­дықтан адам өмірі ең қымбат құнды­лық ре­тін­де­гі мәнін жоғалтады. Өмір­де­гі ең қымбат құндылықтың мәнін жоғалту – адамның ішкі болмысына жасалған жа­уыздығы. Суицидке көбіне-көп ру­хани әлсіз, психикалық тұрғыдан тұрақ­сыз адамдар шалдығады. Күнделікті күйзеліс, қысым, адамға әсер етеді. Жо­ға­ры суицидтік тәуекелдік шең­­берінде жүр­гендердің қата­ры­на депрессиядағы адам­дар, ішімдік және наша қолданатын жеткіншектер, отбасы мүшелерінің өз-өзіне қалай қол салғанына куә болған ба­лалар жатады. Деген­мен кей жағдайда аса дарынды балалар, оқу үлгерімі төмен жет­кін­шектер, аяғы ауыр қыздар, зорлық-зомбылықтың құрбаны болғандар, діни секталардың ықпалына түскендер де бұл санаттан орын алады. Суицидтік әрекетке ұшыраудың факторлары – болашаққа шарасыздықпен қарау, арман-мақсаттың болмауы, өмірден түңілу, әлеуметтік қолайсыздық, қоғамнан оқшаулану һәм шеттетілу. Бұл дегеніңіз – қор­шаған ортамен қарым-қаты­насқа түсуден қашу. Ата-ана та­ра­пынан балаға тиісті көңіл бөлінбеу, мейірімсіздік, қаталдық көрсету, ата-ананың айырылысуы, отбасындағы жағымсыз ахуал, елеусіз қалу, тұрмыс тап­шылығы, құрбы-құрдастарымен қа­рым-қатынастағы жағымсыз әсерлер. Қазіргі біздің қоғамда суицидке баратындар – өмірдің мәнін іздеп таппаған өрімдей балдырғандар. Суицидке қарсы тұратын факторлар – рухани жаңғыру, тәлім-тәрбиелік құндылықтарды оқып түсіну, психикалық тұрақтылық, кез келген жағдайға бейімделе білу, өмі­р­лік құндылықтарды ескеру, өмір сүруге құштарлық, суицидтік ойлар­дың күнә екенін сезіну мен діни сенім деңгейінің жоғарылығы. Бұлар адам­ның психологиялық қорғанысын қуат­тай­ды. Өзіне жақын тұлғалардың ай­рық­ша құрметі, аманат сезімін және жауап­кершілікті сезіну, өзіне зақым кел­ті­ру­ден қорқу, денсаулығына мән беру, шы­ғармашылық һәм өмірлік жоспар құ­ру тұлғаны жаман ойдан арылтады. Күйзелістен құтылудың жолын қарастыру қажет. Біреу мақтаса, мейлі әлдекімнен ауыр сөз естісе де оны жүрекке жақын қабыл­дамау жеткіншекті бұл бағытта шың­дай түседі. Болған жағдай сол орында қалуы керек. Осы қағидатты ұстанған адам күй­зелістен міндетті түрде арылады, – дейді «Психолог өркені» психологиялық қол­дау орталығының басшысы Сағым Нағашыбаева.

Маманның айтуынша, адам шарасыз­дық­қа ұшырағанда әр­түр­лі сайттардан «өмір сүруден шаршадың ба?» деген сауалға жауап іздей бастайды. Атыс-шабыс, қарақшылық бағытындағы сюжеттерге негізделген фильмдерді жан-тәнімен тамашалап, ішімдік пен есірткіні татып көргісі келеді. Ғылымда суицидтік кезең екіге бөлінеді. Алғашқысы суицидке қатысы бар кезең ретінде бағаланып, ал екіншісі секунд аралық және жыларалық болып жіктеледі. Мәселен, қатерлі ше­шім­ге біреу санаулы сағаттар ішінде бел байласа, біреулер жылдар бойы осы ойлардың шырмауында жүруі мүмкін.

– Қазір жеткіншектер арасында буллинг пен кибербуллинг қарқын алып тұр. Бұл – үлкен проблема. Буллинг дегеніміз – бірнеше адамның із кесіп, қудалап-қорлауы, кемсітуі, күш көрсетуі. Оқушылар арасында бір-бірін қорқыту, бопсалау, ар-намысқа тию өтпелі кезеңде тұрған жеткіншектерге қатты әсер етеді. Мектеп психолог­тері мен мұғалімдер, ата-аналар балалармен тығыз қарым-қатынас жасау арқылы мұның алдын алуы керек. Ата-аналарға балаларын кибербуллингтен қорғау үшін мынадай кеңес айтар едім. Компьютерді үйдегі ортақ бөлмеге орналастырыңыз. Балаңыз қолданатын сайттардың мекенжайы көрсетілген «Таң­дау­лар тізімі» сақтық үшін болуға тиіс. Желіде құпиялылық ере­же­лері бола­тынын үйретіңіз. Балаңызға желідегі алаяқ­­тар мен қаскүнемдердің теріс пи­ғыл­да­ры жайлы мысалдар айтып алдын ала сақтан­ды­рыңыз. Өзі танымайтын виртуалды таныстық бойынша кездесуіне тыйым салыңыз, – дейді Сағым Нағашыбаева.

 

Ұлттық құндылықтар құтқара ма?

Уақыт ағымы алға жылжыған са­йын, таным-түсініктер де өзгеріске ұшы­рап отырады. Педагог-психолог Дина Хасенованың пайымынша, бала тәр­бие­сінде ұлттық құндылықтардың өзе­гі­нен ажырамауымыз қажет. «Жаңа мүм­­кін­дік­тер кезеңінде бала құқын қор­ғай­­мыз деп олардың тәлім-тәрбиесіне кері әсер етіп жатқан тұстар да бар», дейді маман.

– Қазір бала тәрбиесі – аса жауапкер­ші­лік­пен қарауды қажет ететін нәзік мәселе. Қауіп-қатер құшағында өмір сүріп жатырмыз. Кейде балаларымызды қор­шаған ортадан қорғаймыз деп асыра сілтеп жібереміз. Олардың әр қадамына араласамыз. Өз бетінше ше­шім қабылдауына жол бермейміз. Өз өмі­ріміздің түрлі мысалдарын оларға таң­ғымыз келеді. Нәтижесінде, жасқан­шақ, жауапкершілігі төмен, өз бетінше шешім қабылдай алмайтын жасық буын қа­лыптасып жатыр. Байырғы қазақ қо­ға­мында жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы тым сирек еді. Ол ұрпақ Отан алдындағы, ата-ана алдындағы, өз өмірі алдындағы жауапкершілікті жіті сезінді. Қазір заман өзгерді, құндылықтар алмасты, агрессивті, талапшыл буын қалыптасты. Алғашқы сынаққа шыдай алмай сынып кететін, психикасы әлжуаз жеткіншектер көп. Әскери өмірге бейімделе алмау, жеңіл жолмен ақша табуға ден қою жастар арасында жиі кездеседі. Баламызға дауыс көтерген ұстазға үрпие қарап, сенің құқың, сенің жеке шекараң деп кішкентай кезінен тым өбектеп өсіретін болдық. Бір сөзбен айтқанда, еркінсітіп те алдық. Басынан сөз асырмайтын, үлкенге құрметі аз, өмірді технократиялық түйсікпен қабылдайтын жансыз ұрпақ, өкінішке қарай, өз өмірін қия салатын жағдайға дейін жетті. Ал қазақы тәрбиеде, қиындық көрген са­йын қайралып, сүрінген сайын ширығып, өмірге талпынуды алға ұстайтын едік. Қазір ҰБТ-дан ұпай жинай алмаса, өле салатын болды. Мектеп пен қоғамнан бұрын ата-ананың уыз тәрбиесі ауадай қажет. Отбасында дұрыс тәрбие алған бала мұндай қадамға бармайды. Балаңызбен сырласыңыз, сөйлесіңіз, сенім артыңыз, жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік бері­ңіз. Қанша жерден заман өзгерді десек те, өзі­міздің ұлттық тәрбиенің шеңберінде өмір­ге баулыңыз, – дейді Д.Хасенова.

Қазір жаңсақ ойға жол берген жас­тар­ды сауықтыратын орта­лық­тар көп. Олармен арнаулы мамандар жұмыс істейді. Же­лі­де кезінде қателікке ұрына жаздап, ке­йін бұл әрекетінен мүлде бас тартқан жас­өспірімдер өз ойларымен бөліскен. Өзіне қол салмақ болғандар психолог мамандармен сырласқаннан кейін ойлары күрт өзгергенін, тіпті осы әрекеттері үшін ұял­ғандарын жазған. Мамандар қазіргі заманда әрбір төртінші адамның ден­сау­лығында психикалық кінәрат барын, тіпті күйзеліске ұшырағандар саны жүрек қан-тамырлары дер­тіне шал­дық­қан­дар­дан асып түсетінін алға тартады. Қалай айтқанда да, ешбір тіршілік иесі өз-өзіне қасірет келтірмеуге тиіс.

 

АЛМАТЫ