– Көпшілік оқушылар кітапханаға барып, Алаш зиялыларының сөздерін оқи бермейді. Оған біз кінәлі емеспіз. Дәуіріміз цифрланып кеткендіктен шығар. Сондықтан да заманға қарай алашордашылардың сөздерін жасөспірімдердің сұранысына қарай «стикер пак» арқылы жеткізуді жөн көрдім, – дейді Асыл Сұңғатқызы.
Алаш айтқан асыл сөздерді аудиторияға қарай икемдеп, оқырман тартып жүрген Асылдың бұл әдісін үлкен шеберлік дер едік. Тіпті бойынан суретшіліктен бөлек менеджерлік қасиетті де байқадық.
Жасаған «стикер пак» деп аталатын жапсырма қағазын қараңыз. Мағжанның портретін айнытпай бейнелеген. Жоғарғы жағында «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты. Мен жастарға сенемін!» деп ақынның өлең жолдарын келтірген. Дәл осы «стикер пакты» ноутбуктеріне, қалта телефондарына жапсырып алып жүрген жастарға рух беретін осыдан артық қандай сөз керек?
Айта кетерлігі, Өскемендегі №3 мектептің оқушысы Асыл Сұңғатқызы бұған дейін Әлихан Бөкейханның өмір жолын баяндайтындай суретті кітапша шығарып, оқырман қауымға ұсынған. Іле шала «Ер Төстік» ертегісі комикс жанрында кішкентай оқырмандарға жол тартты. Сөзі аз, суреті көп мұндай жанр бүгінгі оқырман үшін өте тиімді әдіс болып тұр. Бұл – оқырманды кітаптан алшақтату емес, керісінше аз сөзбен көп мағлұмат берудің бір жолы дер едік.
Асылдың алдағы арман-мақсаты – балаларға арналған қазақ тілді контент қалыптастыру. Себебі балабақша жасындағы балалардың өзі «ютуб» арнасынан орыс тіліндегі бейнероликтерді көріп, сусындап жүр. Бүгінгі тілмен айтсақ, «тәрбие – телефоннан басталады». Ендеше, Асыл десе асыл оқушының ой-арманы жүзеге ассын деп тілейік.
Шығыс Қазақстан облысы