Кейінгі жылдары өндірісті шаһарда бау-бақша ұстайтындардың қатары күрт сиреген. Көптеген бау-бақша серіктестіктеріндегі жер учаскелерінің тең жартысына дейін игерусіз бос жатыр. Жастар, жас отбасылар ала жаздай бел жазбай еңбектенуден қашады. Бау-бақша бүгінде тек зейнет жасындағы адамдардың сүйікті ісі ғана болып қалғандықтан, жергілікті әкімдік жерлерді түгендеп, бос жатқан учаскелердің кадастрын жойып, мемлекет иелігіне алуға тиіс еді. Алайда жер қатынастары бөлімінің ісі де шалағай болып, өңдеусіз әрі иесіз жатқан саяжайлар тізімі ұзарып барады. «Саяжайда адам аз жүргендіктен қауіпсіздік пен бақылау, күзет мәселелері де көп ескеріле бермейді», дейді төтенше жағдайлар қызметінің мамандары. Жиілеп кеткен өрттің себебі де осыдан шығып отыр.
Павлодар қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ринат Валишановтың айтуынша, сәуір айында шаһардағы бау-бақша кооперативтерінде 5 ірі өрт тіркелген. Атап айтқанда, «Металлург», «Яблонька», «Южное», «Энтузиаст» және «Нефтяник» серіктестіктерінде тараған өрттен саяжай иелері қатты зардап шеккен. Мысал үшін «Металлург» бау-бақша кооперативінде 300 учаске, соның ішінде қолданыстағы 90 учаске түгі қалмай күйіп кеткен. Ал «Яблонька» бақшалығында 106 учаскені (35-і қолданыста) қызыл жалын шарпыған.
«Барлық өрт оқиғасы бойынша кінәлі тұлғалар іздестіріліп жатыр. «Металлург» бойынша өрттің таралуына себепкер азамат анықталды. Ол осы жердегі сайжайдың иесі, зейнет жасындағы адам болып шықты. Қыстан қалған күл-қоқыс пен шөп-шалаңды өртеп, бақылаусыз қалдырған. Салдарынан өрт өзге учаскелерге шығып кеткен. Әлгі бау-бақшалықта өрттің аумағы 30 гектар жерге дейін таралды. Басқармаға қарасты өрт сөндіру бөлімдеріндегі барлық 200 қызметкер, 35 өрт сөндіру техникасы, жергілікті әкімдіктің су таситын көліктері мен орман қорғау қызметінің мамандары бірлесіп жүріп, өртті әрең ауыздықтадық. Кінәлі адамның зейнет жасында екенін ескере отырып, оған 30 мың теңге мөлшерінде айыппұл салу қарастырылды. Байқайтынымыз, саяжайларды маусымға дайындап жүргендердің барлығы – қариялар. Олар қыстан қалған өсімдік қалдықтарын жаққанда бейқамдық танытатынын көзіміз көріп жүр. Ауа райының жағдайын есепке алмайды. Соңғы апталарда секундына 28 метрге дейін екпінді жел соғады деген ескертулер күн сайын келіп жатқанына қарамастан, ашық жерге от жағады. Дауыл әлгіндей өрттерді өршітіп жібереді. Оның үстіне саяжайларға әзірге су берілмеген, суға қосу шаралары 10 мамырға дейін жалғасады», дейді Р.Валишанов.
Оның айтуынша, көптеген саяжай иелері жерге меншік құқы болмағанына қарамастан заңсыз құрылыс жүргізіп, шағын ғимараттар тұрғызатыны мәлім. Өрт салдарынан осындай шағын үйлердің көбі түгі қалмай жанып кеткен. Қазіргі күні өрттен келген шығынның көлемі анықталып жатқанымен, саяжай иелерінің барлық шығыны өтеледі деуге болмас. Себебі саяжай серіктестіктерінде тек жерді пайдалануға арналған акті ғана бар. Ал құрылыс салғандар оны заңдастырмайтыны, сәйкес құжаттар алмайтыны мәлім. Нақты дәлелдейтін құжат болмаған соң өтемақы талап ету де қисынсыз.
Негізі бау-бақшаларда өрттің шығуы жыл сайын қайталанады. Төтенше жағдай қызметінің мамандары бұған бос жатқан жер учаскелерінің бақылаусыздығы да әсер етеді деп есептейді. Кейінгі 4-5 жылда жергілікті әкімдік өкілдері бос жатқан аумақтарды түгендеуді үзбей жүргізіп, анықтау үстінде. Ресми статистикаға сүйенсек, қала маңындағы бау-бақша серіктестіктерінде шамамен 43 мыңдай жер учаскесі бар болса, соның жартысынан көбі өңделмейді екен. Айналасына шөп пен қалың қамыс өсіп кеткен мұндай бақшаларға өрт тисе, кеуіп тұрған учаскелер қау ете қалады.
«Яблонька» бау-бақша серіктестігінің төрағасы Гүлнар Жақыпова өрттің саяжай аумақтарында тез тарап кетіп жатқанына қала әкімдігінің немқұрайдылығы себеп деп санайды. Өйткені жер қатынастары бөліміне 2018 жылы тұтыну кооперативі бос жатқан 1,5 мың жер учаскесін қайтарып беріпті. Арада 5 жыл өткеніне қарамастан жауапты мекеме олардың кадастрлық нөмірін жоймаған, мемлекетке қайтару рәсімін мүлде жүргізбеген.
«Осы уақыт ішінде бос жатқан аумақтарды қалың қамыс басып кетті. Негізі қамыс мәселесі біздің кооператив үшін өте өзекті, уақтылы шауып, өртеп отырмаса, тез таралады. Бұл жолы қалың қамыс өскен жерлерден өрт сөндіру көліктері өте алмады. Ал қамысқа өрт тисе, оны сөндіру өте қиын екеніне көзіміз жетті. Өрт сөндіру қызметінің техникалары мен мамандары бізге көмектеспесе, саяжайларымыздан айырылар едік. Қала әкімдігіне көктемнің басынан бері қамыстарды жою туралы өтініш жасап келеміз. Алайда ауа райының қолайсыздығын сылтауратқан шенеуніктер мәселемізді шешпей отыр», деп қынжылады Г.Жақыпова.
Аталған серіктестікте қазіргі күні 2,5 мың жер учаскесі қолданыста тұр. Алайда бос жатқан аумақтардың саны да жыл өткен сайын ұлғайып келетін көрінеді. Жергілікті бағбандар енді бір 10 жылда бұл жерде бақша ісімен айналысатын адам таппай қаламыз ба деп алаңдап отыр. Саяжайларда дұрыс инфрақұрылымның жоқтығы, күзет мәселесінің толыққанды шешімін таппауы, табиғи және техногендік апаттардан қорғалмауы бау-бақша кооперативтерін бүгінде тығырыққа тіреп отырғаны байқалады.
ПАВЛОДАР