11 Шілде, 2014

Күнсанда үздік танылған

392 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
04-077 Қазақ жазушысы Жұмагүл Солтиеваның «Әйел махаббаты» пьесасы бойынша қойылған спектакльді Оңтүстік Корея көрермені хош көңілмен қабылдады Корея сапарынан келген кү­ні-ақ Жұмагүл әпкеміз телефон соғып, сүйіншілеген болатын. «Егеменде» біраз жылдар бо­йы бас редактордың орынбасары қыз­метінде болған әріптесіміздің абырой­лы шығар­ма­шылық табы­сына біз де қуанып қалдық. Алматыдағы Ме­млекеттік республикалық корей театрының әртістері Корея Рес­публикасында оның арыс ақын Мағжан Жұмабаев пен әйелі Зылиханың өмірі туралы мис­тикалық драмасын көрсетіп келіпті. «Әйел махаббаты» спектаклі Күн­сан қаласында өтіп жатқан 32-ші Халықаралық театр фестивалі аясында қойылыпты. Осы орайда, фестивальді ұйымдастырушылар – Корея Республикасының Мәде­ниет министрлігі мен театр қайрат­керлері одағы Қазақстанның корей театрының спектаклін арнаулы грамотамен, ал театр ұжымын – екіжақты мәдени байланыстарды дамытқаны үшін берілетін медальмен атап өткен екен. Біз де дереу корей театрының бас­­­па­­сөз қызметіне хабарластық. Ен­ді солардан алған мәліметтерге жү­­гі­нейік. Корея Республикасы теа­тр қайраткерлері одағының төр­ағасы Юн Бон Гудың айтуынша, оларды қазақстандық корей театры­мен көптен бергі әріптестік қаты­настар байланыстырып келе­ді. Ата­мекендегі көрермендер ұжым­ның жаңа ілкімді жұмысына қатты сүйсініпті. Сондай-ақ, Кореяның театр қай­рат­­керлері одағы пьеса авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы драматург Жұмагүл Солтиеваға алғыстарын білдіріпті. Бұл туралы жазушының өзі былай әңгімелейді: – Отызыншы жылдары Мағжан қазақ қоғамының барлық ардагер арыстары сияқты қуғын-сүргінге ұшы­рады. Әйелі Зылиха лагерьде жат­қан оған он бір рет барады. Кейін ол Мәскеуде Максим Горькийге жо­лығып мұңын шаққан. Ұлы жазу­шысы ақынды босатуға септігін ти­гі­зеді. Бірақ 1936 жылы Мағжанды қай­тадан тұтқындап, оның тағдыры ұзақ жылдар бойы беймәлім болып қал­ды. Зылиха соңғы күндеріне де­йін жарына деген адал махаббатын сақтап, оның әдеби мұрасын хал­­қына жеткізді. Алғашында мен Алаш­орданың барлық көсемдерінің тағд­ырын көрсетуді ойлағанмын. Ақы­рында, тек Мағжан мен Зылиха тағдырына, олардың тауқыметке толы аяулы махаббатын көрсетуге бекіндім. Иә, драматург тақырыптың алтын арқауын таба білген. Ол – қазақ әйелінің ерлігі мен қайсарлығы, адалдығы. Өзінің күйеуіне ғана емес, туған халқына деген адалдығы. Осы бір шерлі драма арқылы барлық Алаш арыстарының асыл жарларына, олардың азап арқалаған аяу­лы махаббаттарына ескерткіш қойылғандай әсер қалады. Қазақ әйелінің осы бір қырын, тереңдігін, абзал қасиеттерін шетелдік көрер­мен­дер танып біліп, таңдай қаққан. Бір қызығы, «Әйел махаббаты» әлі қа­зақ тілінде қойылған жоқ. Оның есесіне ол корей театрында соңғы жылдарда өте табысты өтіп жатыр. Өз тарихында корейлер де қуғын-сүргінді қазақтан аз көрген жоқ. Драманың соншалықты жар­қын шығып, оны Оңтүстік Ко­рея көрермендерінің аса жылы қабыл­дауы, сірә, сондықтан болар. «Әйел махаббаты» мистикалық драмасының тұсаукесері осыдан бір жыл бұрын болған еді. Спектакльді режиссерлер Елена Ким мен Анна Цой қойды. Осы екі қыз сонымен бірге Зылиханың рөлін де орындайды. Ал ақын бейнесін Әлішер Мақпыров тамаша сомдап шыққан. Спектакльде сондай-ақ Галина Хан, Эдуард Пак, Наталья Ли, Виталий Нам, Игорь Шин, Борис Югай, балет тобы: Сон Суден, Лаура Ержігітова, Ма­рия Ким және Юлия Цой өнер көрсетеді. Драмадағы сахна безендірілуі өте қарапайым. Бірақ шынайы да нанымды. Адам тағдыры, қасіреті би қимылдары арқылы да көрініс тапқан. Ал сазгер Георгий Юн музыкасы аяулы махаббатты да, замана шерін де, қиын жылдардың қиянатын да шебер өрнектей білген. Халық әні «Япырай» нұсқалары спектакльдің өне бойында қалықтап, бір мұңды сырға батырғандай. – Менің кейіпкерімнің бойында қасірет те, өкініш те, аяныш та бар. Оның өзі де тағдыр тәлкегіне ұшы­раған жан, – дейді режиссер Анна Цой. – Біз сүйікті кү­йеуі үшін қиямет мехнат кешкен қазақ әйелінің өмірін көрсету ар­қылы өзгенің ойлануын қаладық әрі сол мақсатқа жеттік деп ойлаймын. Қазақстандық корей театры атал­мыш фестивальға 12-ші рет қа­ты­сып отыр. 2012 жылы Мұхтар Әуезов­­тің «Қарагөз» драмасын апарып, талғампаз қауымның жоғары баға­сын алған. Сөйтіп, театр ұжымы Ко­рея мен Қазақстан арасындағы өзін­дік бір мәдени көпір қызметін абы­ройлы атқарып келеді. Зылиха рөлі­нің тағы бір орындаушысы, режис­сер қоюшы Елена Ким өздерінің шетел­де қазақсандық театр өнерін паш ет­кендерін мақтат тұтатынын жа­сыр­мады. «Әлбетте, – дейді ол, таң­даудың нақ осы «Әйел махаббаты» драмасына түсуі тегін емес. Себебі, Мағжан мен Зылиха тарихы арқылы көрермендер алдында бүкіл Қазақ елі тарихының бір тарауы тізіліп өтеді». Қазақстандық корей театрының табысты өнерін көрермендер ғана емес, сонымен бірге, режиссерлер мен театр сыншылары да атап өтіпті. Кореялық режиссер Кан Те Щиктің айтуынша, бұл өте жоғары деңгейдегі туынды болған. Режиссерлік жұмыстан, драмалық әртістердің ойыны мен бишілердің қимыл өрнегінен жаңа уақыттың лебі сезіледі. Әсіресе, пьеса авторына алғыс молырақ айтылған. Залдағы әрбір көрермен әңгіменің не жайында болып отырғанын терең ұғынған. Бұл – корейлердің жан-жүрегіне өте жақын тарих. Кан Те Щиктің пайымдауынша, «Әйел махаббаты» драмасы биылғы фестивальдің үздік спектаклі болып шыққан екен. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.