Тұлға • 03 Мамыр, 2023

Абзал аға

429 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Бұл 1966 жылдың ақпаны еді. Алматыда жапалақтап қар қалың жауып­ тұрды. Бірақ соған қарамастан адамдар екіден-үштен Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтына, Ғылыми кеңестің мәжілісіне келе жатыр. Мұнда профессор Қажым Жұмалиевтің талантты шәкірттерінің бірі – Сейфулла Құспанов «Проблемы перевода поэзии Абая» атты кандидаттық диссертация қорғамақшы. Біздер де, Академияның аспиранттары мен ғылыми қызметкерлері, мәжіліске келіп, залдың орта тұсына орналастық.

Абзал аға

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Әне-міне дегенше қорғау басталып та кетті. Сәлден соң Ғылыми кеңестің төрағасы, профессор Серғали Еспембетұлы Толыбеков:

– Cлово предоставляется первому­ офи­циальному оппоненту, доктору фило­логических наук, профессору Заки Ахметову, – деді.

Мінбеге жарқ-жұрқ еткен көзілдірігі бар, қап-қара қою, бұйра шашты, әдемі, тіпті сұлу десе де болады, жап-жас қара­торы жігіт шықты да, қағазға жазып алған пікірін орыс тілінде мәнеріне кел­ті­ре оқи жөнелді. Жұрт тына қалды. Оның себебі де бар еді. Осыдан дәл бір жыл бұрын, 1965 жылдың ақпан айында Ака­де­мия­ның Біріккен ғылыми кеңесінде Зәки Ахметов «Казахское стихосложение»­ атты­ кітабы бойынша докторлық диссертация қорғап, 37 жасында ғылым докторы деген дәрежеге ие болған еді. Зәкеңмен сол жолы танысып, содан бері үзбей жұмыс бабымен де, іссапар жолымен де, отбасымен де тығыз араласып жүрдік. Алғаш рет «амандық – ағадан» деп, үйіне апарып, қонақ етті, әңгімелестік. Содан былай ағалы-інілі, ұстаз-шәкірт ретінде болдық. Зәки аға өзі туралы сирек айтатын. Әңгімесінің көбі – ғылым, мәдениет, әдебиет, Абай, Мұхтар болушы еді. Өзінің құрбы-құрдастары туралы да өте жақсы лебіз айтып жүретін. Олар да Зәкеңді қадірлеп, қастерлеуші еді, оған еш қызғаныш көрсеткен емес. 1975 жылы көктемде Зәки Ахметов Ака­де­мияға корреспондент-мүше болып сай­ланды. Өзімен сайлауға бірге түскен Зей­нолла Қабдолов Зәкең өткенде бірге қуа­нып, Зәки ағаның үйіне барғанда: «Зәкидің өтуі – орынды әрі заңды. Ол ғы­лымға бәрімізден бұрын келді. Мен шын­ жүректен қуанып тұрмын!» деген еді. Осындай ойды кейін Серік Қирабаев та айтты. Өзінің 75 жасқа толған мерейтойын­да Серағаң ғылымға өзі қатарлы бір топ жігіттің бір мезгілде келгенін айта келіп, Зәки Ахметовті ерекше атап өтті. «Зәки бізден бұрын ғылым кандидаты болды, – деді ол кісі. – Менің Спандияр туралы кандидаттық диссерта­ция­ма Мұхтар Әуезов – бірінші, Зәки екінші оппонент болған. Жалпы, Зәкидің Ленин­град­та­ алған ғылыми мектебі – өте мықты фун­да­мент болды. Ол ғалым ретінде өзін ерте танытты».

 1976 жылы жазда Зәки Ахметов Ака­де­миядағы Қоғамдық ғылымдар бөлім­ше­сінің академик-секретары болып сай­ланды. Жұмысқа құлшына кірісіп кет­ті. Сол жылы қыркүйекте Алматыда Бүкіл­одақтық түркологиялық конференция­ өтті.­ Бұл 1926 жылы Бакуде болған түрко­­ло­гиялық съезден кейін өткен жалпы­ түр­кілік жиын еді (Ол съезге Ахмет Бай­­тұрсынұлы қатысқан болатын). Алға­­шында Мәскеуге «түркологиялық съезд»­ өткізу туралы ұсыныс жасалған-ды. Бірақ Кремль біздерге «съезд» дегенді қимай, кон­­фе­ренция деңгейіне түсіріп жіберді (Ол кез­де жыл сайын Халықаралық сла­­вис­тер съезі өтіп тұратын). Соған қара­мас­тан конференция съезд деңгейінде өтті.­ Осы істің басы-қасында Зәкең бо­лып, қыруар жұмыс атқарды. Кон­фе­рен­цияға 300-ден аса шетелдік және Ресей ғалымдары, сондай-ақ басқа рес­пу­б­ликалардың оқымыстылары келді. Түркологтердің съезіне қатысқан Сум­ба­тзадеден (Баку) бастап, әлемге мәш­һүр­ түркологтер Дерфер (Германия), Ярринг (Швеция), Текин (Түркия), Цир­тау­тас (Америка), Кононов, Баскаков, Ломидзе, Овчаренко, Короглы (Мәскеу), Шера­лиев (Баку), Азимов (Ашхабад), т.б. көптеген маман ғылыми баяндама­ жа­са­д­ы. Келген адамдардың бәрі де Зәки Ахме­товтің біліміне, эрудициясына риза болып, таңғалысты әрі оны талантты, шебер ұйымдастырушы деп бағалап кетті. Шынында да, Зәки аға орасан білім­ді, эрудициясы мол, әдебиеттануды терең­ меңгеріп қана қоймай, қоғамдық ғылым­дар­дың әр саласына жетік ғалым болатын. Әсіресе Шығыс пен Батыс мәдениетін ұштас­­тыра зерттеп, адамзат өркениетінің заңды­лықтарын жақсы білуші еді. Өз ең­бектерінде осы қасиеттерін барын­ша­ айқын көрсете білетін. Оның осы­ ерекшелігін, білгірлігін КСРО әде­биет­танушылары толық мойындайтын, жоға­ры­ бағалайтын. Мұны мен бірнеше рет көр­дім.

 1982 жылы ақпанда Рымғали Нұрға­лиев екеуміз Мәскеу түбіндегі жазушы­лар­дың «Малеевка» деп аталатын шығар­ма­шылық үйінде әрі демалып, әрі жұмыс істе­дік. Әр республикадан, Мәскеуден, Ленин­градтан келген ақындар мен жазу­шы­­лар,­ сыншылар мен ғалымдар, әсіресе, Мұс­тай Кәрім, Кирей Мерген, Александр Овча­ренко, Юрий Корякин, Новиков, Нико­лаевтар – бәріміз күнде жүздесіп, ара-арасында бір-бірімізді қонаққа шақы­рып жүрдік. Қазақтың дәмін татсын­ деп­ алып барған қазы-қартамызды дас­­­тар­қанға қойып, біз де оларды қонақ­ еттік. Қызу әңгіме жүріп жатыр. Тақыры­бы­мыз­ – әдебиет, өнер, мәдениет, ғылым мен­ саясат. Бір кезде КСРО Ғылым ака­де­­миясының құрамындағы Әлем әде­биеті институтында Горькийді зерт­тей­тін­ бөлімнің меңгерушісі, профессор Алек­сандр Овчаренко орнынан тұрып, бәрі­мізді өзіне қаратты да былай деді: «У нас­ в Союзе очень мало исследователей Лер­мон­това. Их можно сосчитать по пальцам.­ Один­ из крупных лермонтоведов страны – Заки­ Ахметов. Предлагаю тост за его здоровье. Казахи могут им гордиться!». Отыр­ған жұрт шу етіп, қолдап кетті. Рым­ғали екеуміздің көңіліміз өсіп, қатты қуан­дық. Қуанбағанда ше? Овчаренко – дүние­ жүзіне белгілі ғалым. Ол жылына екі рет Америкаға барып, орыс әдебиеті бо­йынша дәріс оқиды. М.Горький шы­ғар­маларының академиялық толық басы­лы­мын басқарады. Осындай кісінің аузынан­ өңкей ығай мен сығайдың алдында әлгіндей бағаны естігенде, көңілің қалай­ өспейді?

 КСРО-ның қай республикасына бар­сам­ да, әдебиет пен ғылым мәселесі сөз­ болса, әріптестер міндетті түрде Зәки Ахметовті сұрайтын еді, оның еңбек­тері мен өзі туралы әңгімелеп кете­тін.­ Мәскеуде, Ленинградта, Киевте, Ки­шиневте, Ташкентте, Ашғабадта, Фрун­зеде, Якутскіде Зәки ағамен бірге халықаралық, бүкілодақтық кон­фе­­рен­ция­ға қатыстым. Сонда әдебиеттанушы ғана­ емес, тарихшы, өнертанушы, тілші ғалым­д­ардың Зәкеңе деген ықыласы мен құрметі айрықша екенін талай рет көрдім.

 ММУ-да 1989 жылы 2 маусым күні мен докторлық диссертация қорғайтын бол­дым. Бірінші оппонентім – академик­ Зәки Ахметов, екінші оппонентім – профессорлар Халық Короглы (ММУ-дан), Сергей Азбелев, (ЛМУ-дан). Олар бәрі уақытында келді. Бірақ Ғылыми кеңестің мүшелері – түгел емес. Сағат екі болды. Үш кісі әлі жоқ. Бұл кезең – қайта құрудың үдеп тұрған шағы болатын. Андрей Сахаров бастаған демократтар­ күн­ ара Лужникиде 100 мың кісі жинап,­ митинг өткізеді. Оның үстіне КСРО ха­лық депутаттарының съезі жүріп жат­қан. Тікелей телетрансляция елді теле­ди­дарға байлаған. Әлгі үш кісі соның қай­сы­сында екені белгісіз, әлі жоқ. Сағат 14-тен 15 минут кетті. Мен қауіптене баста­дым. Зәкең маған қарап күліп қояды. Кеңестің төрағасы Василий Ивано­вич Кулешов сағатына қарады да: «Кво­рума нет. Может быть, защиту отложим?» – деді орынбасары Владимир Проко­пье­вич­ Аникинге бұрылып. Содан соң В.Куле­шов басын көтеріп, залға көз таста­ды.­ Абырой болғанда – Зәкеңді көре қал­ға­ны! Көрсе сап, В.Аникинге: «Ой, здесь­ Заки Ахметович сидит. Неудобно перед­ ним. Давайте начнем. Остальные члены­ подойдут!» – деді де, Ғылыми кеңестің мәжілісін ашық деп жариялап жіберді. Ал, В.Кулешов деген кісі жанды менсінбейтін, тәкаппар адам-тын, ММУ-да орыс әдебиеті кафедрасын меңгеретін және КСРО ЖАК-ында сараптау комиссиясының төрағасы болатын. Ол – классикалық орыс әдебиетінің тарихына, орыс әдеби сынына арналған іргелі зерттеулердің авторы, бүкіл Одаққа беделді профессор еді. Міне, соның өзі Зәки ағаны мойындап, құрмет тұтатынын ашық көрсетті.

 Шынын айту керек, кеңес өкіметі кезін­де Мәскеу мен Ленинград оқымыс­ты­ларына өзіңді таныту, мойындату­ – өте қиын іс болатын. Ал Зәки ағаны жоға­рыдағы атақты ғалымдардың жоғары­ бағалауына, сөз жоқ, ол кісінің өте жоғары теориялық дайындығы, энци­кло­пе­диялық білімі, логикасының күштілігі, зерт­теулерінің іргелі сипаты негіз болды деп ойлаймын. Соның ең негізгі дәлелі – әйгілі «Казахское стихосложение» атты зерт­теу монографиясы.

 Жалпы, Зәки Ахметовтің аталған еңбегінде қазақ әдебиеті теориясының поэзияға қатысты ең іргелі проблемалары зерттелген. Атап айтқанда, қазақ өлеңінің құрылысы, халық поэзиясындағы ән мен өлең түрлері, қазақ өлеңі құрылымын дамытудағы Абайдың рөлі, қазіргі өлең мен өлең құрылымындағы жаңашылдық...

 Зәкең поэзия теориясын, өлеңтану (сти­ховедение) мәселелерін өмір бойы зерт­теді, әр кезде оның әртүрлі аспектісін қарас­тырып отырды. Тіпті бертінгі кез­дің өзіңде қайта-қайта поэзия теориясы­на­ көңіл бөліп, 1994-1995 жылдары қазақ­тың­ «жыр» өлшемін түрік өлеңімен және «Манас­тың» өлеңдік құрылымымен салыс­­тырмалы түрде зерттеп шықты. Сондай-ақ 2002 жылы «Основы теории казах­ского стиха» атты монография жария­­лады. Мұнда ғалым қазақ өлеңін басқа қырынан қарастырды. Мәселен, қазақ поэ­зиясындағы өлең құрылымының жүйесі, тармақтың ырғаққа бөлінуі, сил­ла­биканың ырғақтық әрі буындық негізі сияқты бұрын жеткілікті деңгейде зерт­телмеген проблемалар өз шешімін тап­­ты. Зәкеңнің ең соңғы еңбегі де поэ­зияға арналған. Ол «Поэзия шыңы – дана­лық»­ деген атаумен Зәки аға дүние­ден көш­кен­нен кейін, жақында жарыққа шықты.

 Академик Зәки Ахметовті Одақ көле­­міне мәшһүр етіп, мойындатқан – тек­ теориялық еңбектері ғана емес. Аса көрнекті ғалым деген атаққа ие қыл­ған­ сондай-ақ оның әдебиет тарихы, әде­би­ байланыс, текстология мен аударма­ жөнін­дегі зерттеулері екені сөзсіз. Әсі­ре­се­ оның Мәскеу мен Ленинградта жария­­лаған еңбектері, соның ішінде «Тур­ге­невский сборник», «Лермонтовская энци­клопедия», «История всемирной литературы», «История советской многонациональной литературы», «Краткая лите­ратурная энциклопедия», «Народы мира»­ атты өте беделді, маңызды әрі қомақты басылымдарда шыққан мақа­ла­­лары мен очерктері, эсселері Зәки Ахме­тов­ті Кеңес Одағындағы ең көрнекті әде­биеттанушы ғалымдардың алдыңғы қата­рына шығарды. Сөз жоқ, ол кісінің КСРО көлеміндегі ғалымдар арасында өте беделді болуының тағы бір себебі – орыс­тың классикалық әдебиетін, Пуш­кинді, Лермонтовты, Тургеневті жетік біліп қана қоймай, оларды Ресей ғы­лы­мының деңгейінде зерттегенінде де еді. Ол қазақ әдебиеті тарихындағы Шоқан, Абай, Шәңгерей, Мұхтар, Ғабит сияқ­ты­ ұлы классиктерді де сол биіктік талабынан зерделей алды. Бұл да оның ғалымдық тұлғасын сипаттады. Зәки аға еңбек­терінің ағылшын, армян, белорус, мол­даван, татар, түрік тілдерінде бірдей төгіл­те жазып, сөйлеп, ойын мүлтіксіз жет­кізе білуі де ол кісінің кең масштабты, жан-жақты білімі бар оқымысты екенін де жақсы айғақтады.

 Зәкеңнің тұла бойы тұнған әдемілік еді, жаны да, тәні де, іші де, сырты да сұлу болатын. Нағыз эстет еді. Скрипкада тамаша ойнайтын. Елу жасқа келгенінде Өмірзақ Айтбаев, Мекерия Атымов, Қабиболла Сыдиықов төртеуіміз құттықтай үйіне бардық. Өте қонақжайлылықпен қарсы алды, небір қызықты әңгіме айтып, ақжарқын, ашық күлкісін бәрімізге сыйлап, тамаша отырды. Бір кезде скрипкасын алып, құлағының бұрауын келтіре бастады. Біз елең ете қалдық, аң-таңбыз әрі дән ризамыз. Маған домбыраны, Өмірзаққа мандолинаны алып келді. Біз құлақ күйін келтірдік. Содан соң Зәкең қазақ әндерін бірінен соң бірін ойнап кетті. Біз де қосылып кеттік. Халық әндері, Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Ахмет Жұбанов шығармалары орындалды. Өмірзақ ән салды, бәріміз айтамыз. Ара-арасында Зәкең аяғымен ырғақ тактісін, темпін күшейтіп қояды. Сәлден соң бізге ұлдары Мұрат пен Мұхтар аккордеон мен гитара­ны алып қосылды. Зайыбы Зия апамыз күліп, рахаттанып отыр. Өте жақсы бір кеш өткіздік.

 Бірде Мәскеудің Чистопрудный буль­ва­рында қыдырып, Пушкиннің 190 жыл­дығына арналған іс-шараларды қызық­тап жүрдік. Әңгіме тақырыбымыз әр алуан. Бір сәтте «Зәке, скрипканы қайдан үйрендіңіз?» – деп сұрадым. «Ой, ол бір қызық жағдай, – деп Зәкең біраз­ естелік айтты. – Мен Алтайдың оң­түстік батысындағы Айыртау деген­ сіле­міне орналасқан ауылда туған екем.­ Қиыншылық болған соң ата-анам Лени­но­­горға көшіп барыпты. Мектепте сонда оқы­дым. Әкем ісмер кісі еді. Етік тігетін. Көр­ші үйде бір ауып келген еврей ме, біл­мей­мін, зиялы адам болды. Содан, әкем келіс­кен екен, музыка сабағын ала бастадым,­ бірте-бірте скрипка тартып,­ нота­ бойынша ойнайтын болдым, ресми түр­де музыкалық оқу орнында оқығам жоқ.­ Әкем көп сөйлемейтін, мінезі салмақ­ты, іске тыңғылықты адам болатын. Ал анам ақжарқын, көпшіл, әзілқой, ашық,­ мінезді еді, ән де салатын. Сол бала кезден скрипка тартам, студент кезім­де де, аспирантурада оқығанда да таста­ғам жоқ. Қазір уақыт та жоқ, қол да бұ­рынғыдай жүрмейді», – деп аяқтай бер­генде: «Зәке, Зия апаймен қалай таныс­ты­ңыз?» – деп сұрап қалдым. – Өй, оны ке­йін тағы бір реті келгенде айтармын!» – деп­,­ әңгімені басқа жаққа бұрып жіберді.

 Бір бойында ғылым, әдебиет, өнер тоғыс­қан Зәки Ахметов не нәрсенің болса да әде­мі болуын қалайтын. Ол әдебиетті – өнер, өлеңді – эстетика деп түсінетін. Поэ­зия­ны өте жақсы білумен қатар аса бір зеректікпен танитын, қызғана қор­ғай­тын. 1975 жылы Академияға бір жігіт Абай­дың «Қансонарда» өлеңінің варианты деп бір текст алып келді. Екінші жолы «Таудан түлкі табылар аңдығанға» болып келеді екен. Осыны оқи сала Зәкең: «таудан» емес, «тастан». Абай «таудан» деп айтпаған, айтуы да мүмкін емес. Өйткені ақынның айтпағы – түлкінің қолға оңай түспейтіні. Таудан түлкі аңду – еш қиын емес. Ал тастан аңду, тастың арасынан табу – қиын, әрі поэзия үшін бұл өте ұтымды!» – деп қайырып тастады.

 Абай шығармаларына Зәки аға өте­ сақ­тық­пен қарайтын. Ұлы Мұхтар Әуезовпен бірге­ 1957 жылы Абай шығармаларының екі томдық жинағын баспаға даярлап, шығар­ғаны белгілі. Сонда Мұхаңның әр сөзге қаншалықты мән бергенін, қан­дай мұқият текстологиялық жұмыс жүр­гіз­генін өз көзімен көргенін, Мұхаң­ның:­ «Абай өлеңін көбейтеміз деп, көбік­тен­ді­ріп алмайық, сақ болыңдар деген» сө­зін­ жиі айтатын. Мұхтар Әуезов сияқты Абай­ поэзиясын түгел жатқа білетін Зәкең­ ұлы ақын шығармаларын 6 рет жинақ­ етіп құрастырып, ғылыми түрде жарық­қа шығарыпты. Осының өзі оны, үлкен­ текстолог маман ретінде толық мінез­­десе керек.

 Зәки Ахметов – ішкі мәдениеті өте жоға­ры, мейлінше кішіпейіл, жаны таза­ азамат еді. Көрініп қалуға, жақсы көрі­ну­ге ұмтылмайтын (Содан да болар,­ бірде- бір орден алмапты). Кісінің қас-қабағына, көңіл күйіне үлкен мән беріп, жағдайын түсі­нуге тырысатын. Жақсылық істеуге даяр­ тұратын, адамдарға өзі секілді қарап,­ үлкен сенім артатын. Кейде сен­гіш­­тігі өзіне зиян әкеп жатса да, сабыр­лық­ танытып, ұстамдық көрсетуші еді.­ Алайда 23 жасында ғылым кандидаты, 37 жасында ғылым докторы болған, Кеңес Одағына атағы тараған талантты­ ғалым Зәки Ахметовтің өмір жолы ылғи да­ шуақты болған жоқ. 1986 жылғы Жел­тоқсанның ызғары оған да тиді. Қазақ КСР Ғылым академиясының вице-президенті әрі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­сі­нің депутаты болып тұрған кезінде Г.Кол­биннің қаһарына ілігіп, нақақтан-нақақ­ жапа шекті. Қызметтен алынды,­ депутаттық ман­да­тын тапсыртып, өкілеттігін тоқтат­тыр­ды. Ол аз болғандай, 1987 жылы жаз­да Зәкеңнің партиялық мәселесін қарат­ты. Институттың партия жиналысына­ са­лып, оған қатаң сөгіс жария­лап, есеп кар­точкасына жазу талап етілді. Бір жақсы­сы – институттың партия ұйымы оған бар­ған жоқ. Рас, партия жиналысы өте қызу­ әрі ауыр өтті. Қатаң сөгіс беруге­ мен­ қарсы шықтым. Осы тұста Борис Ерза­ко­вич, Зейнолла Серікқалиев, Ләйла Әуе­зова Зәкеңнің кінәсі жоғын дәлелдеп, прин­цип­тілік көрсетті.

 Әділетсіздікке тап болған Зәки аға, әрине, іштей қынжылды, бірақ мойыған жоқ.­ Ол өзін нағыз ғалым, шынайы интеллигент, үлкен жүректі азамат ретінде көр­сетті, ешкімді кінәлаған жоқ, ғайбат сөз­ге бармады. Өзінің сүйікті ісі – әде­биет­ті зерттеуге түгелімен берілді, содан өзіне­ жұбаныш тапты. Талантына қоса ора­сан еңбексүйгіштігі арқасында тағы төрт­ монография жазып, ондаған мақала жария­лады. Нәтижесінде, 1995 жылы Мем­ле­кеттік сыйлыққа ие болды.

 Зәки аға – шын мәнінде шығар­ма­шы­лық адамы еді. Үнемі ізденіс үстінде, ойда­ жүретін. Жұмыстан шаршаған кезде­ далаға шығып, ылғи 1-2 сағат таза ауада жүреді (Жалпы, өзі жаяу жүр­ген­ді жақсы көретін). Сол әдеті бойын­ша­­ 17 желтоқсан күні Астанада басылып жатқан кітабының гранкаларын оқып отырып, кешкі сағат 17-лерде таза­ ауа жұтуға асығыс киініп, далаға шы­ғып­ кетіпті. Содан үйге оралған жоқ. Көз­ді ашып-жұмғанша, апақ-сапақта ға­йып­ болды. Қайда? Неге? Түсініксіз... Қай­да кетті? Жұмбақ... Әлде өзі айтып жүре­тін Мұзтауға қыран боп, самғап кетті­ ме? Әлде көк аспанға ұшып, жұл­дыз­ға айналып кетті ме?.. Әйтеуір, бәрі­мізді өкіндіріп, өзегімізді өртеп кетті.­.. Өкіндіретіні – Зәки Ахметовтің ада­ми­ да, ғылыми да әлеуеті мол еді. Ат­қа­­рамын деп жүрген жоспарлаған жұмысы да көп-ті. Соңғы жылдары өте жемісті еңбек етіп, бірінен соң бір кітап шығарып, мақалалар жазып жүрді. Көп­те­ген ғылыми конференцияда баян­да­ма жасады. Дулат Бабатайұлының шы­ғармашылығы, оның әдебиет тарихын­да­ алатын орны туралы өте салиқалы баян­дама жасап, Семей елін риза еткен­ бола­тын. Дулаттың, Шәкәрімнің, Сұл­тан­­­махмұттың ғылыми жинақтарын даяр­лауға басшылық жасады. Әсіресе, 2003 жылы тойланатын Махамбеттің 200 жыл­­дығына орай ақынның 4 томдығына шұ­ғыл кірісіп, үлкен іс атқарып жүрген-ді.­ Осының бәрін аяқтай алмай кеткеніне өкін­дік.

 Өзегімізді өртегені – Зәкидей абзал,­ жү­зінен нұр тамған, жаны таза азаматтың күт­пеген жерден мерт болуы. Ондай адам­ның­ өмірі бұлай қиылмауға тиіс еді. Амал не,­ тағдыры солай болды. Көңілге медеу бола­тыны ғалымның өте құнды ғылыми мұра­сы қалды, көптеген шәкірті бар, солар оның ісін жалғастырады деген сенім бар. Ал оның еңбектері еліне, халқына, Отанына әлі де ұзақ уақыт қызмет етіп, пайдалы болатыны күмәнсіз. Ендеше, оның есімі ұмытылмайды.

 

Сейіт Қасқабасов,

ҰҒА академигі