Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
– 2020 жылы 24 желтоқсанда Бауыржан Момышұлының 110 жылдығына орай «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатыңызда батырдың қолтаңбасы қалған «көк дәптеріндегі» қолжазбалар мен жеке архивіндегі құжаттарды зерделеп жатқаныңызды айтып, қызықты мағлұматтармен бөліскен едіңіз. Содан бері де біраз уақыт өтіпті. Сіз ақтарып жатқан сарғайған архив парақтары тағы не дейді?
– Менің зейнет демалысына шыққан бетте бауыржантану іліміне шын беріліп, шын мәнінде «ауырып қалғанымды» жақсы білесіз. Екінші дүниежүзілік соғысты кезең-кезеңге бөліп қарасақ, Бауыржан Момышұлының даңқы шыққан, жарқ етіп есімі елге танылған уақыт 1941 жылдың күзі мен қысы, 1942 жылдың көктемі екен. Батырдың Мәскеу түбіндегі қиян-кескі ұрыс амалдары, ерлік жолдары, қолбасшылық дарыны туралы газет-журналдар да, әдебиет те жер-көкке сыйғызбай жазды. Халық шын мәнінде Бауыржан Момышұлының болмысына, жауынгерлік қасиетіне тәнті болды. Одан соң тарих жылнамасында үнсіздік басталады. Тиіп-қашты әңгімелер ғана алға озады. Сонда «Мәскеу қорғанысы кезеңінен соң Момышұлы шайқасқа қатыспаған ба?» деген сауал туады. Мен осы бағытта жұмыс істедім, «көк дәптерге» шұқшия отырып, осы төңіректе дәлелді, нақты құжаттарды іздестірдім.
– Сауалды өзіңіз қойып, өзіңіз жауап беретін болдыңыз. Журналист ағайындар арасындағы кәсіби ынтымақтастық деген осы болар. Тамаша, сөзіңізді бөлмейін... Сонымен?
– Баукең туралы әңгімелер қозғала қалса, ол кісінің құзыретінің күштілігі сол, «ә» дегеннен атағына сай аңыз-хикаяттар артынан ілесіп жүреді. Солардың бірі «Баукең 9-гвардияшылар дивизиясының командирі болып жауынгерлерді басқарғанда» деп басталады... Ақиқатына жүгінейік, құжаттар тілімен сөйлейін: «Момышұлы дивизия командирі болмаған, командирдің орынбасары болып тағайындалған». Бұйрықтың бірінші тармағында солай жазылған. Ал сол бұйрықтың екінші тармағында «Дивизия командирінің орынбасары Момышұлына дивизияның командирі міндетін атқару толық жүктелсін» делінген. Қызық дерек пе? Қызық дерек! Содан атамыздың 1944 жылдың қаңтарынан қазанына дейін бақандай он ай «міндетін атқарушы» болып жүргендегі соғысқа қатысты мәліметтерін таптым. Сол кезеңдегі соғыс іс-қимылдары туралы Бауыржан атамның (Бекет Момынқұл – Бауыржан Момышұлының немере інісі екені оқырман есінде болар деген ойдамыз – авт.) орыс-кеңес өнерінің танымал тарланы, кинорежиссер, мәскеулік Вера Павловна Строева (Рихтер) деген кісіге 1945 жылдың жаз айында жазған хаты бар екен. Бауыржан атам ол кісі туралы «Менің рухани ұстазым» деп талай жерде айтып та, жазып та кеткен. Сол кісіге жазған хатындағы мынадай сөз тіркестеріне тап келдім. «Ұйқысыз және тынымсыз өткен 15 күн мен 15 түннің ішінде жасаған біздің шабуылдарымыздың нәтижесінде белдеуіміздегі жаудың 14-танк дивизиясының түгелдей тас-талқаны шықты. 154 танк пен өзі жүретін артиллериялық ату құрылғысы түгелдей өртелді. Немістің 121-жаяу әскерлері дивизиясы да толығымен күл-талқан етілді. Олардың әр ротасынан 5-6 адамнан қалып, әйтеуір, шегініп қашып үлгерді. Сондай-ақ 126-жаяу әскер дивизиясы толығымен талқандалды (Үш дивизия кетті ме?). Майдан шебіне қосымша күшпен жеткен жаудың резервтегі 205 және 225-дивизияларын да әжептәуір есінен тандырып тастадық. Әуре-сарсаңға салып қойдық...» дейді. Біздің тарихшыларымыз бен зерттеушілеріміз Бауыржан басқарған 9-гвардиялық дивизияның қалай соғысқаны туралы осы күнге дейін тіс жармай келеді. Бауыржан атам да өз еңбектерінде ол туралы ашып айтпаған, мен соған таң қалып отырмын. Жалпыға мәлім әскери заңдылық деген бар. Шабуылдағы әскер және қорғаныста отырған әскер болады. Сонда шабуылдап келе жатқан әскердің құрам-саны қорғаныста отырғаннан үш есе артық болуға тиіс. Ендеше, шабуылдағы неміс дивизиясының әрқайсының әскері мен техника саны қорғаныста отырған Момышұлы дивизиясынан үш есе басым болуы керек емес пе? Осы арада әлгі айтқан әскери заңдылық бұзылып, қорғаныста отырған кеңестік бір дивизия шабуылға дайындық үстіндегі күші өзінен әрқайсысы үш есе басым дивизиялардың быт-шытын шығарған ғой. Бұл – әлі түбі ашылмаған құпия. Зерттеу жалғасып жатыр.
– Мәскеу түбіндегі 27 шабуылдың бірінде 100 жауынгермен-ақ Середа деревнясында ұрысқа дайындалып жатқан немістің 300 солдаты мен офицерін тұтқиылдан барып тас-талқан еткен жүректі командир Момышұлының ерлік жолы еске түсіп отыр.
– Иә, иә... Мына дивизиялардың сұрапыл шайқасы дәл сол Мәскеу түбінде өткен 1941-42 жылдардағы шайқастардың заңды жалғасы. Бауыржан Момышұлының қай жылы болсын, қай майданда болсын жау шебінде «қимылсыз қарап жатпағанының» айқын дәлелі. 1944 жылы Алматыға жолсапармен келіп, еліміздің Ғылым академиясындағы оқыған дәрісінде «Біздің 3 дивизия жаудың 6 дивизиясының тас-талқанын шығарған кездер болған» деген сөзі жоғарыдағы менің сөзіме саяды. Баукең – әскери қолбасшылықтың керемет өнер екенін дәлелдеген командир. 1944 жылы қаңтардан басталған соғыс қимылдары дивизия командирінің міндетін атқарушы мен оның жауынгерлерінің басынан кешкендерінен «сыр шертеді».
– Мәскеудегі әскери академияны бітірген соң 7-8 ай жұмыссыз жүрген даңқты «Мәскеу қорғаушысы» – Момышұлының 1948 жылы Сібір аймағына жұмысқа жіберілгені де қызық. Негізі беделді командирлерді «Сібір аудару» тәжірибесі КСРО Қорғаныс министрілігінің, оның заңды мұрагерінің тәжірибесінде күні бүгінге дейін кездеспейді. Осы жағына назар аударып көрдіңіз бе?
– Көрдім. Оның да өз тарихы бар. Баукең Алматыда жүргенде Орталық комитеттің идеология хатшысы Ілияс Омаров ақсақал екеуі жақсы араласқан екен. Сол кісі бір күні Бауыржанға «Түркістан әскери округінің қолбасшысы армия генералы Петров осы аймақта жүр. Сенімен жүздескісі келеді» дейді. Баукең уақытты оздырмай Алматыдан 40 км жердегі әскери бөлімге аттанады. Қырымды неміс фашистерінен тазартуда ерекше көзге түскен армия генералы Иван Ефимович Петров бірінші кездесіп тұрғанымен, Баукеңді өте жақсы қарсы алады. Содан Петров былай дейді. КСРО Қорғаныс министрінен Ташкенттегі әскери округке гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлын Қазақстанның ДОСААФ (бұрынғы ДОСАРМ) ұйымына басшы етіп тағайындау туралы бұйрық түскен. Бұйрықтың шығып қойғанын Баукең Петровтың аузынан естиді. «Сен әлі жассың, небәрі 38-десің, сен үшін ДОСААФ қызметі армиядан кеткенмен тең деп ойлаймын. Бұл ұсыныстан бас тарт. Жақында мен Ташкентке ораламын, Мәскеумен – Қорғаныс министрімен өзім сөйлесемін, сені өз округіме не дивизия, не бригада командирі етіп қабылдауға рұқсат аламын», дейді ғой сенімді түрде. «Мен осылайша Петровпен екеуара әңгімеден соң ДОСАРМ басшылығы қызметінен бас тарттым», деп жазыпты Баукең дәптерінде.
– Қызық енді басталып келеді, Бауыржан Момышұлы Қазақстан ДОСААФ-ына басшылыққа ұсынылған деген әңгімеден батыры туралы ақиқат пен аңызға құлағы түрік жүретін көзіқарақты халық жақсы хабардар деп ойлаймын.
– Хабардар болса тіпті жақсы, әрі қарай жалғайын. Әңгіменің қалай өрбігенін, немен аяқталғанын біліңіз. 1948 жылғы қазанның 5-інен 6-сына қараған түні, сағат 02.17-де Түрікменстанның астанасы – Ашғабадта магнитудасы 7,3 балдық жер сілкінісі болады. Қала түгел қирайды. Армия генералы Петровтың жан дегенде жалғыз офицер ұлы мыңдаған құрбан қатарында жер астында қалады. Өз қайғысы қажытқан қарт генерал Бауыржан Момышұлы туралы басталған әңгімені ұмытады. Баукең де селт етпеген. Сол тұста Мәскеу Баукеңді орталыққа шұғыл шақырып, ұсынған қызметтен (ДОСАРМ) бас тартты деп, Сібірге «жер аударады». Сібір әңгімесі осылай басталған. Сібірдегі ол қызмет атқарған 49-бригада Темрюг бригадасы деп аталады екен. Ол да қызық! Түркі атауы шығар деп ойлаймын. Бауыржан атам тұмауратып Иркутск қаласындағы әскери гарнизонның емханасына түсіп қалады. Сонда ол қаланы қазақша Ерқұт қаласы деп жазыпты «көк дәптеріне». Алты айдан соң денсаулығына байланысты кері қайтады. Калинин Жоғары әскери академиясына сабақ беруге ауысады. Бұл арада да ақтарылмаған үлкен сыр жатыр...
– Бауыржан атамыз күнделік жазу ісіне өте мұқият қараған дейді. Әскери жазушы атануына сол қасиеті себепші болғаны анық қой?
– Иә, оған мен сенімдімін. Өз қолымен жазғандарын құдайдың құтты күні он сан аударыстырып оқимын. Күнделік жазбалардың жоғалғаны, қолды болып кеткендері қаншама! «Арпалыс» («Волокалам тас жолы») кітабында Александр Бектің өзі жазатындай пойызда ұмыт қалдырған дорбасында кеткен күнделік ше? Баукеңнің «Мен оның (Бектің) жазғандарын 100 рет түзеткен шығармын» деген жазуы архивте сақтаулы. Мәскеу түбіндегі шайқаста батальонның штаб бастығы Хабиболла Рахимовтың сызған сызбалары мен өзінің 27 рет шабуылға шыққандағы тактикалық ой өрнектерінің өзі қалың бір дәптер екен. Полк комиссары Петр Логвиненко сол жазбалармен танысу үшін сұрап алған да, кейін ұрыс жағдайын сылтау қылып, көпе-көрнеу жоғалтқан. 27 тұтқиыл шабуылдың мазмұны! Александр Бек соның тек үзінділерін жазып үлгерген.
– Кезінде Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толуына орай 30 томдық жинақ жарыққа шықты. Деректер жеткілікті. Батырға қатысты барлық аңыз әңгімелер сол жерден ақиқатқа негізін табады емес пе? Дегенмен, батыр атамызға қатысты ел арасында аңыз әңгіме айту басылар емес, меніңше, онысы жарасымды да секілді.
– Жарасымды болатынында дау жоқ, мәселе оның кейде шындыққа мүлдем жанаспай, өтірікке айналып кететіндігінде. Оған өзіміздің әріптестеріміз де себепші болып жүр. Аңыздың өзі ақиқаттың негізінде құрылады емес пе? Осыдан аз уақыт бұрын бір телеарнадан көрген сюжетіме таң-тамаша қалдым. Елге танымал журналист келіншек былай деп көсілді. «Бір жиында дивизия командирі Ревякин «Неге сендер осы панфиловшылар, панфиловшылар деп өзеуреп қоймайсыңдар, неге ревякиншілер емессіңдер?» деп төтесінен қойып қалады ғой. Сонда ашуға булыққан Момышұлы тапаншасын суырып алып генералды көздеп тұрып екі-үш атады. Құдай сақтап, дивизия командиріне оқ тимеген. Қасындағы офицерлер Момышұлына жабылып, тапаншасын тартып алады. Содан Бауыржанға сол күні басқа ат беріліп, қызметі төмендетіліп, өзі «жердің түбіндегі» бір полкке ауыстырылып жіберіледі. Бұл – енді аңыз емес, нағыз өтірік. Мен дәлелдейін. Бауыржан атамның қолжазбаларын оқысам, генерал Ревякинмен оның қатынасы өте жақсы болған. Журналистің айтып отырғаны Спиридон Чернюгов деген генерал. Ол шын мәнінде ішіне қыл айналмайтын қызғаншақ кісі болған дейді. Майдан шебіне Қырғызстаннан делегация келеді. Кездесу өтіп жатады. Сөйлеушілердің дені «Біздің панфиловшылар, біздің панфиловшылар» деген сөзді көбірек айтып жіберсе керек, шамданған генерал Чернюгов «Сендер немене панфиловшы, панфиловшылар деп үзіліп барасыңдар» деп жекіген сыңай танытады. Сонда Момышұлы «Жолдас генерал, панфиловшылар деген Үкімет бекіткен атау, біз енді оны бұрмалап «чернюговшылар» дей алмаймыз ғой» депті. Түтігіп кеткен генерал орнынан атып тұрып, «Момышұлы, залдан шық!» деп бұйырады. Ертесіне ашулы генерал полк командирі Момышұлын жазалап, майданның алғы шебіне, оттың ортасына, барлауға жібереді. Мұны естіген корпус қолбасшысы генерал Кутузов Чернюговті шақырып алып әскери заңдылықты бұрмалап, «өзім білемге» салынғаны үшін сөгіс жариялайды, сөгіс жариялап қана қоймай, екі аяғын бір етікке тығады. Бұл – бір. Екіншіден, жоғарыдағы әріптесім айтқан әңгімеге қатысты қосарым, Бауыржан Момышұлының мергендігінде шек болмаған! Үш рет атқан оғы генералға дарымай, қиыс кетуі мүлдем мүмкін емес. Ол атса, генерал сол жерде тіл тартпай кетер еді де, Момышұлы басқа полкке ауыстырылмай, әскери трибунал алдында мейлінше қатал түрде жауапқа тартылар еді. Қиыр Шығыс әскери округінде жүргенде мергендігі жағынан алдына жан салмаған, атақты генерал Чистяковпен де сол округтегі ату алаңында танысқан, сыйласып, достасқан. Ізденген журналистке Бауыржан Момышұлы туралы дерек бүгінгі таңда жеткілікті. Аңыз айтудың жөні осылай екен деп шектен шықпағанымыз абзал.
– Беке, сізбен үзеңгілес әріптес ретінде 100 пайыз келісемін!
– Бәлкім, ол кісі туралы естіген боларсыз, ілгеріде біздің Жамбыл облыстық теле-радио мемлекеттік комитетін басқарған, өзі тарих ғылымдарының докторы Көкіш Рысбаев деген көкеміз өткен өмірден. Бауыржан атаммен көп сырласқан кісі. Гвардия полковнигінің көзі тірісінде ол кісі туралы облыстық «Еңбек туы» (қазір «Ақжол») газетіне жазған «Батырдың беймәлім сырлары» деген бір мақаласын архивтен тауып алдым. «Мәскеуден қайтып келе жатқан Баукең, әдеттегідей, Жамбылда атбасын ірікті...» деп бастайды әңгімесін Көкіш атамыз. Сталин дүниеден озған кез. Қонақүйде Баукең портфелінен бір бума қағаз шығарып, «Әй, Көкіш, сенің ағаң Мәскеуді шарлап, сандалып, демалып жүр деп ойлама. Екі ай Подольскідегі архивте көз майымды тауысып отырып құжат ақтардым, қажетті дегендерін көшіріп жазып алып келе жатырмын», деп темекісін шиырып шекті, сол жерде маған «мынау Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің қатынас қағазы деді», дейді. Ол қатынас қағазда Қазақстан КП Орталық комитетінің Бауыржан Момышұлына генерал атағын беруге келіспейтіні туралы ресми жазылған екен. Әңгімені әріден бастасақ, ол былай.
1944 жылы Армия қолбасшысы майданнан Баукеңді Мәскеуге шақырып алып, Жоғары әскери академияның алты айлық кәсібін жетілдіру курсына қатыстырады. Сол тұста КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен барлық одақтас республикалар дербес республика ретінде танылыпты. Заң жағына жүгінсек, біз, Қазақстан, тәуелсіздікті сол жылы алған болып шығамыз, білдіңіз бе?! Сәйкесінше, енді барлық республиканың Қорғаныс халық комиссариаты, Сыртқы істер халық комиссариаты болуға тиіс. Мұның астарында жатқан сыр – соғыстың жеңіспен аяқталарына әбден көзі жеткен Сталин соғыс аяқталған соң Біріккен Ұлттар Ұйымынан көп дауыс жинау үшін осындай қадам жасаған. Сонда Мәскеу Момышұлына генерал шенін беріп, Қазақстанның Қорғаныс министрі етіп тағайындамақ болған. Сол кездегі тілмен айтқанда, Қазақстан Қорғаныс халықкомының басшылығына ұсынылған бұл үміткерге Қазақстан басшылығы неге екені беймәлім, қарсылық білдірген. Келіспей қойған. Содан арада он жыл өткен, Сталиннің жеке басқа табынушылық әрекеті әшкереленіп жатқан тұс дейді. Көкіш көкем Баукеңнен «Бұл құжаттарды шынайы өмірде енді қалай жария етпексіз?» демей ме?! Сонда Бауыржан орысша: «Болтаете! Тарих үшін мен екі мәрте батырмын, қос шенді генералмын, нақұрыстар үшін бар болғаны полковникпін», деп әлгі құжаттарды жинастырып, портфеліне салып алды дейді.
– Ол құжаттардың түпнұсқаларын табуға қам жасап көрмедіңіз бе?
– 2021 жылы көктемде Ресейдің Қазақстандағы елшісі Бородавкинмен жолықтым. Ол менің Подольскіге барып архив ақтаруыма рұқсат қағазын алып берді. Мен архив маманы емеспін. Ойлана келіп, Қазақстан мемлекеттік архиві мекемесімен байланысып, оның басшысы Сәбит Шілдебаймен сөйлесіп, соларға ұсыныс жасадым. Олар Подольскіде үш-төрт ай табанды жұмыс істеді. Бірақ мен айтқан маңызды құжатқа әлі жете қойған жоқ. Алдағы күндерден үміттіміз. Қазір Сәбит ініміз қайтадан жолға жиналып жатыр. «Екі мәрте батыр, қос шенді генерал» құжатына қол жеткізсек, бұл біздің тарихымызды «төңкеріп» тастар еді, қоғамда зор сілкініс туғызар еді. Енді басы ашық сауал, 1944 жылы біздің бірінші хатшымыз кім болды? Ол есім тарихта жазулы тұр. Ал мен атамның сол Подольскіден өзі көшіріп алып келген қағаздарын осы күнге дейін архивінен таба алмадым.
– Ол оқиғаны тұғырлайтын қосымша құжаттар жоқ па екен?
– Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдулиннің Баукеңе жазған хаттары бар. Өте құнды дерек көздері дер едім. 1944 жыл, 26 ақпан. «Алматыда жаңа наркоматтар құрылып жатыр деп естідім. Қазақ халқы – батыр ел. Осы елге соғыс ғылымын қарату, әскер өнерін үйрету үшін сол ұлттың өзінен шыққан адамдарды тағайындау керек. Осы жөнінде мен сізді Алматыда алып қалады ғой деп ойлап жүруші едім. Соған дәмеленіп қуанушы едім...». Екінші хат. 1944 жыл, 22 наурыз. «Қазақстанда жаңадан құралмақ наркоматқа Бауыржан тағайындалмақшы деседі. Нарком болады деген хабардың өзіне қуанып жатырмыз. Бізде бұрын әскери мамандар, офицерлер болмаса, қазір бар. Соның ішінде ардақтысы Баукең ғой. Түрі ұлттық, мазмұны социалистік военный искусствоның жасалуына жағдай туар еді. Ұлы дүбір қолма-қол майданға қатысқан адам ғана нарком бола алады. Ондай адам – Бауыржан!». Демек жаңағы өзіңіз сұраған қолдаушы құжат осы, кеңес одағы көлеміндегі әлгі көтерілген мәртебелі әңгімені бұлтартқызбай дәлелдеп тұр.
Әңгімелескен
Талғат СҮЙІНБАЙ,
журналист, арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін
АЛМАТЫ