Денсаулық • 03 Мамыр, 2023

Жүрекке түскен салмақ, ғашықтық МРТ-дан да байқалады

715 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мақаламыздың тақырыбы романтикаға тұнып тұрғанымен, өте өзекті мәселенің бірін қозғауға мәжбүрміз. Бүгінде жүрек-қан тамырлары аурулары жастарды да жағалап жүргенін, тепсе темір үзетін жастағы азаматтарымыздың өмірі кенеттен үзіліп жатқанын көріп жүрміз.

Жүрекке түскен салмақ, ғашықтық МРТ-дан да байқалады

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Махаббат – биохимиялық үдеріс

Сонымен кейінгі бірнеше жылда елі­мізде өлім-жітім қайта азайып, пандемияға дейінгі қалпына оралды деуге болады. Ұлттық статистика бюросы берген мәлі­мет бойынша 2022 жылы 134,7 мың адам қайтыс болса, бұл бұрнағы жылмен салыс­тыр­ғанда біршама аз екен. Бірақ жалпы қай­тыс болғандардың 22,6%-ы қан та­мыр­лары кеселдерінен екен. Тіпті бұл ке­сел­дің кесірі онкологиялық дерттердің өзін жолда қалдырады (10,3%). Тыныс жол­­­дары ауруларына 9,7% тиесілі болса, қал­­­ған 40,1% қайғылы оқиға немесе 54 мың өлім бүкіл кесел біткеннен келеді екен.

Ал енді сау адамның жүрегін сырқат қылатын себептер қандай дегенде, түр­лі мамандардың пікіріне жүгініп көр­ге­німіз жөн. Мәселен, Алматыдағы Пре­зи­дент Іс басқармасы медициналық орта­лығы – Орталық клиникалық ауруханасы басшысының орынбасары Данияр Аманғалиев: «Дәрігерлер махаббатты био­химиялық үдеріс деп есептейді. Керек де­сеңіз, функционалдық МРТ да ғашық­тықты көреді. Адамда ғашықтық сезімі болғанда жағымды әсер тудыратын дофамин – нейромедиатор бар органның «жанданып» тұрғаны кескіннен байқалады. Рентген адамның – қимыл, есту, көру және эмоциялық сезімін көрсетеді. Мысалы, «жүрегім қарс айырылды», «жүрек драмасы», «сен менің жүрегімдесің» деп айтып жатамыз, неге бауыр, асқазан немесе көкбауырмен байланыстырмаймыз? Махаббат сияқты басқа да күйзеліс, қорқыныш, құса болу, торығу сезімдері – бұл жүрек қағысы, бас айналу және әр­түрлі химиялық реакциялар тудыратын эмо­циялар», дейді.

Осы орайда хирург кез келген уайым адреналин сияқты гормондар бөліп, ол қан тамырларын тарылтатынын, нәтижесінде, жүрегіміздің шаншығанын, ауырғанын, жиі соға бастағанын, яғни жүрекке салмақ түскенін сезуге болатынын айтады.

«Жүрекпен қабылдау дегеніміз де – осы. Ғашықтық сезімін де жүрекпен байланыстыру әлмисақтан бар. Айтқандай, қазақтар жақынын «бауырым» дейді, себебі бауыр да аса маңызды ағза болып саналады, әйтсе де сүйікті адамын кө­біне жан дүниесімен байланыстырады. Әрине, махаббаттың да пайдасы бар, адам­ды құстай ұшырады. «Beatles» да «Сізге ең керегі – махаббат» деп ән салмай ма? Басқа эмоцияларға қарағанда, адам­дардың махаббаттан көретін зияны аз. Алайда «жаралы жүрек синдромы» қауіпті болуы мүмкін, адамдар табыспа­ған сезімдерімен, соның ішінде тіпті, инфарк­пен де дәрігер-кардиологтерге ке­леді, бұл дегеніміз – күйзеліс, уайым, то­рығу, невроз. Өз басым жүрекпен емес, ақыл­мен жақсы көруге кеңес беремін. Сезім санада пайда болады, ал жүрек болса, ағзадағы өзгерістерді көрсетеді, ол ма­хаббатты түсінбейді, қорқыныш, күй­зеліс, қауіптілік, үрейлену кезіндегідей гормон­дар­дың бөлінуі әсерінен оның соғысы жиі­лейді. Психологиялық жағдайы бір­қалыпты, байсалды әйелдер мен ер адамдар да осындай шағыммен жиі келіп жатады. Қазір де Қозы Көрпеш пен Баян сұлу­лар бар шығар? Бірақ бүгінгі таңда неше­ түрлі ақпарат, еліктіретін дүниелер өте көп, осы эмоциялардың бәріне көз де қаты­са­тындықтан өз ағзаларымызды қадаға­ла­ғанымыз, сақтағанымыз жөн», деді Д.Аманғалиев.

 

Жастардың 47%-ы жүрек ауруын түсінбейді

Ал енді ғалымдарға сөз берсек, жас­тар инфарктан жиі зардап шеккені­мен, бұл кеселдің дамуына қандай қа­уіп­ті факторлар әсер ететінін бағамдай бер­мейтінін алға тартады. Нақты мысал кел­тірсек, Огайо штаты университетінің зерт­теушілері 45 жасқа дейінгі 2 мың адаммен сауалдама жүргізгенде, 47%-ы жүрек ауруы­ның қаупі бар екенін біл­мейтінін көр­сеткен. Қатысушылардың үштен бірі инфарктың не екенін де білмеген.

«Жастардың жүрек ауруына шалдығу қаупін сезінбейтіні алаңдатады, бірақ бұл – таңғаларлық жағдай емес. Олардың көп­шілігі инфаркт тек егде жастағыларға тән деп ойлайды, шындығында олай емес», дейді Огайо штатының Векс­нер Медициналық орталығының про­филак­тикалық кардиология бөлімінің дирек­торы, доктор Лакшми Мехта.

Тағы бір дереккөз жыл сайын елімізде 40 мыңнан аса адам жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болатынын, жастар арасында кенеттен қайтыс болу оқиғалары жиілегенін көрсетеді. Кенеттен қайтыс болғандардың 90%-ында жүректің қызметі бұзылған. Мұндай жағдайлардың саны жыл сайын артып келеді және тәуекел аймағында жастар бар. Статистикаға сәй­кес, өлім шамамен 13%-ға өскен, оның 24%-ы – кенеттен болатын өлім.

Алашапқын өмір, күйзеліс пен зиян­ды әдеттер жүрек пен қан тамырлары ауру­ларын бара-бара жастарға да таңып жа­тыр. Бұл аурулардың өршуі бүгінгі өмір сал­тынан да туындайды. Мысалы, шылым­қорлық қан тамырлары қызметін нашарлатып, жүректің ишемиялық ауруының даму қаупін арттырады. Аз қимылдау мен артық салмақ та жүрек кеселдерін өршіте түсетіні аян. Сондықтан дәрігерлер инфаркт белгілерінен хабардар болу мен жедел жәрдемге дер кезінде жүгіну өмірімізді ұзарта алатынын айтумен келеді.

Мысалы, Алматы қалалық кардиология орталығы кардиология бөлімі­нің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Жәмила Алдабекова: «Бұрын жүрек ауру­лары көбіне егде жастағыларды айнал­дырса, қазір орта жастағы адамдарда атал­ған кеселдің өршуі байқалады. 35-40 жас аралығындағылардың кардиолог­қа бірінші рет келуі – сирек кездесетін жағ­дай емес», дейді.

 

Инфарктың басты белгісі

Сонымен қандай жағдайда кардио­логке жүгіну керек деген сауалға жоғары санаттағы дәрігер: «Егер сізде ентігу, аяқ­тың ісуі, жүректің себепсіз жиі соғуы, қан қысымының 140/90-нан жоғарылауы, физикалық күш түскеннен кейін, яки психоэмоционалды күйзелістен кейін пайда болатын кеуденің сол жағындағы ауырсыну шағымдары болса, дәрігерге қаралу керек», дейді.

Мамандар инфарктың басты белгісі денеге физикалық күш түскеннен немесе психоэмоционалды күйзелістен кейін кеуденің сол жақ жартысынан сол қолға, жауырын астына, мойынға таралатын, 15-20 минуттан аса уақытқа созылып, осыдан кейін жанға қатты батып ауыруы дейді. Қосымша симптомдарына кенеттен ентігуді, қан қысымының төменде­уін, адамның есінен тануын жатқызу­ға болады.

«Бұған дейін бәріміз инфарктың се­­бебі холестериннің жоғарылауынан деп кел­­­дік. Бірақ әлемдік ғылыми қауым­дас­тық­тың соңғы еңбектері тіпті қандағы холесте­рин деңгейі төмен адамдарда жүрек со­ғы­сы болуы мүмкін екенін көр­сетті. Негізгі себеп – коронарлық тамыр­лардағы түйін немесе олардың спазмалары. Түйіншек­тер жоғары холестерин деңгейіне емес, ағзаның ұзақ мерзімді жүйелі ауруларына байланысты болуы мүмкін. Мысалы, ковид пандемиясынан кейін инфаркпен ауыратын науқастардың саны күрт өсті, өйткені коронавирус тек өкпеге ғана емес, тұтас бүкіл денеге, со­ның ішінде жүрек тамырларының ішкі қа­бығына әсер етеді», дейді кардиологтер.

Сонымен қатар қант диабеті, созылмалы аурулармен ауыратындардың мысалы, ревматоидты артрит, онкологиялық науқастардың жүрек тамырларының зақымдану қаупі жоғары. Сол сияқты қандастарымыз майлы етті сүйсініп жеге­німен, көкөністерге аса әуес емес, бұл да денсаулыққа айтарлықтай әсер етеді. Әрине, жоғары холестериннің тұқым қуалайтыны бар, олар тұқым қуалайтын дислипидемиялар деп аталады. Сондықтан 30-дан асқаннан кейін жыл сайын холестерин мен оның барлық фракцияларын – липидограмманы анықтап жүрген маңызды.

Ең бастысы, мамандар әркімнен естіп алған, жүрек ауруына қарсы дәрі-дәрмекті өз бетімен қабылдауға болмайтынын айтады. Өйткені кардиологиялық қана емес, барлық препараттың дәлелденген әсер ету механизмі, белгілі бір көрсеткіштері мен мөлшері бар.

«Науқастар көбіне жарнамадан көріп, аспирин препараттары – тромбопол, тромбоасс, кардиомагнил, астромбин жүрек­ке жақсы әсер етеді деп жаңылысып жата­ды. Әрине, бұл дәрілер қанды сұйылтқаны­мен, оны өз бетінше қабылдау асқазан жара­сын тудырады. Сондықтан егер препаратты теледидардан көріп, туыстары­ңыз бен көршілеріңізден естіп, өз бетінше ішетін болсаңыз, керісінше зиян тигізуі мүмкін», дейді дәрігерлер.

Мамандар басқа да сұрақтарға жауап бере келе, жүрек ауруларын невроло­гия­лық аурудан қалай ажыратуға болатынын айтты. Өйткені екеуінде де жүрек шан­шуы мүмкін. Егер ауырсыну бірінші рет пайда болса, онда сіз медициналық қыз­меткерлерге, емханаға барғаныңыз жөн немесе жедел жәрдем шақыру керек. Нев­рологиялық ауырсынулар тұрақты, қоз­ғалыс кезінде күшейеді. Кеуде қуысын қол­мен басқан немесе тыныс алған кезде ауыр­сыну күшейсе, онда неврологиялық кесел­дерден күдіктенген жөн. Бірақ дерт­тің нақты диагнозын мамандар ғана қоя алады.

Сондықтан кардиолог Жәмила Алда­бе­кова «ауру – астан» деген мәселені аттап өтпей, жүректің жұмысына пайдасы зор азық-түліктерді де тізбелеп шықты.

Қорыта айтқанда, білетін адамды, мәселені түсінетін маманды тыңдаған жөн. Бір ғана Алматы қалалық кардиология орталығына жылына 15 мыңдай науқас түсетіні бәрімізді ойландыруы керек.

 

АЛМАТЫ