Медицина • 04 Мамыр, 2023

Медицинадағы елеулі оқиға

287 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі медицинадағы озық тех­но­логиялар бұрын мүмкін бол­­маған талай дертті жеңіп, сыр­­қат жандардың өмірін ұзар­­­тып, қалыпты өмірімен қауыш­­­ты­рып жатқаны сөзсіз. Мы­салы, ел медицинасындағы елеу­­лі оқи­ғалардың қатарына Алматы­дағы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да жүрек­тің қолқа қақпақшасына биоло­гия­лық протез салынғанын қосуға болады.

Медицинадағы елеулі оқиға

Тарқатып айтсақ, Сауд Арабия­сынан келген кардиохирург, Король­дік мемлекеттік кардиохирургия сала­сындағы клиниканың директоры Мұхамед Саллах Алрешхидан шебер­лік сабағы барысында жүректің қолқа қақпақшасын ауыстыратын ең жаңа «Avalus» биологиялық протезін 52 және 60 жастағы екі пациентке имплантациялады.

Инновациялық операцияға өңір­лердегі жетекші кардиохирургиялық клиникалардың хирургтері да ортақ­тасып, олар жүре келе пайда болған және туабітті қолқа (аорта) қақпақшасы кеселіне биологиялық протезді имплантациялау жөніндегі оқытудан өтті.

Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басқарма төрағасы Марат Пашимов: «Клиникамыздың базасында ТМД аумағында алғаш рет Сауд Арабиясының жетекші кар­диохирургінің қатысуымен жүректің қолқа қақпақшасын ауыстыру үшін соңғы буындағы биологиялық протез имплантацияланды. Бұл биологиялық жүрек қақпақшасының протезін инно­вациялық тұрғыда жетілдірудің 40 жылдық тәжірибесіне негізделген. Бүкіл әлемдік тәжірибедегі ең үздік­терін біріктіре отырып, осындай қақ­пақша құрылса, ол жоғары гемо­дина­микалық көрсеткіштерімен, пайдалану жеңілдігімен, беріктігімен, Вар­фаринді қолдану қажеттілігі болмауымен ерекшеленеді», дейді.

Осы операциядан өткен, яғни қолқа қақпақшасының қызметінде кінәраты бар екі науқас жүрек айналасының қысып ауыруы, көп қимылдаған ке­зінде ентігу, тез шаршап қалу сияқты шағым­дарымен стационарға түсіп, оларға дәрігерлердің хирургиялық араласуы қажеттігі көрінген.

«Жүрек қақпақшаларын протездеу технологиялары үздіксіз дамып келеді. Жүрек қақпақшаларын протездеу операциясы жүректегі қан ағымын қалыпқа келтіруге, жүрек жеткіліксіздігінің дамуына жол бермей, жүрекке қосымша салмақты жою үшін жүргізіледі. Ал асқыну қаупі жоғары және егде жастағы науқастарға жүрек қақпақшаларының биологиялық протездерін қолданған жөн. Биологиялық қақпақшалардың маңызды артықшылықтарының бірі – қанды сұйылтатын дәрілер-антико­агулянттарды өмір бойы қабылдаудың қажеттілігі тоқтайды», дейді кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев.

Мамандардың айтуынша, жаңа буын жүрек қақпақшасының биологиялық протезі оңай және ұзақ қызмет етеді. Қақпақша имплантациясы үшін стандартты тәсіл де, стернотомияны қажет етпейтін, ағзаға барынша зақымы аз техника да қолайлы, бұл кеуде қуысы қаңқасын сақтауға, инфекциялық асқы­нулардың қаупі мен жанға бататын ауырт­палықты төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ операциядан кейін тыныс алу жеңілдеп, ұзақ уақыт бойы корсет кию қажеттілігі жойылады да, қалыпты өмірге тезірек оралуға мүмкін­дік ұлғаяды.

 

АЛМАТЫ