Руханият • 03 Мамыр, 2023

Ұлылар үндестігін ұғыну

489 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таяуда филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Үсеннің «Абай мен Шекспир: адамтану биігі» атты зерттеу кітабы жарық көрді («Эверо» бас­пасы). Автор па­йымынша, Абай әлемді біртұтас қабылдаған. Ол Шығысты да, Батысты да жатырқамай, одан үйренуді, оның рухани байлығын сіңіруді, түсінуді мақсат еткен. Қазақ руханиятын, өнерін, әдебиетін осы кең де, ғажап, бай, алуан түрлі рухани қазынамен толтырып, өзі де оның бір бөлігіне айналған.

Ұлылар үндестігін ұғыну

Ақын ұлтының өркениеттен қал­мауы үшін өзінше оқып, ізденіп, үйреніп, ұғып, қабылдап, сол бағытта шығарма­лар жазып, елінің асыл өнерін жоғары дең­гейге көтеріп, эстетикалық талғамын биіктетіп, интеллектуалдық әлеуетін арттырған. Озық әлемнің рухани болмысын, құндылығын қабылдап, сіңдіріп, өзінің бір сапасына айналдыру арқылы қазақ дүниетанымын кеңейткен, сөз өне­рінің деңгейін жоғары көтерген. Сон­дықтан, зерттеуші пікірінше, Абай әлемін өзге әлемнен бөлек қарастыру, рухани сапасын әлемдік болмыстан бө­ліп саралау, шығармашылық тұлғасын әлемдік көркемөнерден тыс таразылау – шығармашылық айдынының кең аясын тарылтумен, биігін аласартып, құндылығын арзандатумен бір есеп.

«Абайдың ауызша айтуы бойынша көп елге жайылып, ертегі болып кеткен Лесаждың «Ақсақ жын», А.Дюманың «Үш мүшкетер», «Он жылдан соң», «Король әйел Марго» романдары соған куә. «Қызыл сақал» деген ертегі түрін­де айтылған заманының инквизиция туралы бір романы, Африка, Америка, Аустралия тұрғындары туралы әңгімелер, «Валентин Леви», «Аза жүрек», «Ягуар Медуленец», т.б. әңгімелер дер кезінде қағазға түсіріліп, жазылып қалғанда қан­ша қыруар құнды материалдар осы шы­ғармалардың қазақ топырағындағы қыз­ғылықты варианттары болып қалған бо­лар еді» деген академик Шәмшия­­бану Сәтбаева пікірін сабақтаған про­фес­сор Айгүл Үсен дара ақынның әлемдік әдеби танымының тереңдігін Еуропа қа­ламгерлері өресінде байыптап, талайды оқыған Абай Шекспирді білмеуі мүмкін емес деген қорытынды жасайды.

 Кітаптың тағы бір маңызды қыры – Абай мен әлем классиктерінің өрке­ниетті мәдениеттің даму бағытына, ық­па­лдастық пен сабақтастыққа, диалог­­ке қатысты биік ұстанымдарын салыс­тыра қарастыруы. Автор Абай мен И.Гете, А.Пушкин, М.Лермонтов шығар­ма­шы­лық сабақтастығын ақын аударма­лары аясында қарастыру ақынның шы­ғар­машылық әлемін шектейді деген тұжы­рымға келеді. Сондықтан Абайдың шығармашылығын әлемдік рухани даму аясында бағалау, жалпы адамзаттық құн­дылық негізінде таразылау ұлы ақын шығармашылығының жаңа сипаттарын ашуға мүмкіндік береді.

Еңбектен Шекспир мен Абай мұра­ла­рын саралай отырып, олардың туынды­ларына тән ортақ белгілерді тапқаны оқыр­манды тәнті етеді. Ғалымның зерт­теуін­ше, шығармашылықтағы ортақ прин­цип­тері, біртұтас идеялары, дүниетаным мен көз­қарастарындағы жақындық, көр­кем­­дік жүйесіндегі сабақтастық, тіл­дік қолданыстағы ұқсастық Абай мен Шекс­пир­дің көркемдік әлемін жақындастыра түседі.

Ұлылылар шығармашылығының өзегі – адам және қоғам. Адамның қоғам­ның құрамдас бөлігі, оны жасау­шы ­субьект ретіндегі әрекеті. Бұл тұрғы­дан алғанда, Абай – ақындықтан да жо­ғары тұрған шығармашылық тұлға. Осын­дай тезистерді оқырманға талдап көр­сеткен ғалым: «Поэзия – көбіне адам­ның ішкі жан-дүниесіне негізделген лири­калық жанр, оның айқындаушы эмо­ционалдық-экспрессивтік сипаты. Абай өлең­дерінде сезім, эмоциясынан гөрі қоғам­дық, әлеуметтік мәселелер өзекті. Ақын сезімі мен көңіл-күйі өзінің жеке басы­ның емес, ел-жұрт, әлеуметтің тірші­лігі мен әрекетінен, мінез-құлық ерекше­ліктерінен туындайды. Сондықтан Абай өлеңдері уақытпен, кеңістікпен шектеліп қалмайды. Оның ұлылығының сыры осында» деп тұжырымдама жасайды.

Сондай-ақ ғалым ақын өзі өмір сүрген қоғамының түрлі қатынастары мен заман­дастарының бүкіл болмыс-бітімін, мінез ерекшелігін толық танытатынын, шынайы өмірдің көркем бейнесін жасау жолында көп ізденгенін бағамдайды.

«Абай – өз қоғамының, өз халқы­ның көркем галереясын түгелдей дерлік сом­дап берген бірегей тұлға. Шекспир де шы­ғармаларында өз дәуірінің қоғам­дық-тарихи даму сипатына сай адам­дар­дың болмысы мен мінез-құлық ерек­ше­лі­гін, психологиялық иірімдеріне бой­лап, терең ашады. Екі алыптың адамтану­ды басты шығармашылық­ кредо деп ұқ­қан­дығына туынды­ларындағы көркемдік әдістер мен тәсілдер, кескін-келбеттер мен психологиялық портреттер, сан алуан эмо­ционалдық-экспрессивтік бояулардың молдығы дәлел болады» деген жазған автор бұған елеулі мысал да келтіреді.

Қоғамды адамдар арқылы тану, қо­ғам­­ның даму бағытын адамдар әрекеті мен психологиясы арқылы айқындау, қо­­ғамды адамдардың құндылықтарына қа­рай бағалау сарыны – ұлылар шығарма­ларына ортақ сарындар. Адам құбылысын мәдениет пен әдебиет арқылы салыстыра зерттеуде профессор Айгүл Үсеннің «Абай мен Шекспир: адамтану биігі» ат­ты зерттеуі – осы саладағы тың еңбек.

Ғылыми кітаптан оқырман Шекс­пир драмаларының кейіпкерлерін Абай поэ­зиясынан танып, қазақ ақы­ны өлең­деріндегі образдар мен психоло­гиялық портреттерді Шекспир драмаларынан көріп, қос алыптың адамды танудағы білімпаздығына, қырағылығына, шебер­лігіне, көрегендігіне тәнті болады. Бұл еңбек қазақ-ағылшын мәдени, рухани байланысын жаңаша тануға олжа салады.

 

Жамбыл Тілепов,

мәдениеттанушы