Құрылысы сонау 2019 жылы жобаланып қойған жаңа көпірдің мәселесі ұзақ уақытқа созылып келді. Өткен жылдың соңында өңірімізге жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодардың орасан зор транзиттік әлеуеті бар екенін атай келіп, Ертістен өтетін ескі көпір көлік-логистика саласын дамытуға мүмкіндік бермей отырғанына тоқталған. «Көпірдің апатты жағдайда тұрғанына біраз жыл болды. Көпір арқылы жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған. Бұған дейін облыс орталығын айналып өтетін жаңа көпір салу жоспарланған. Үкіметке келесі жылы осы жобаны бастауды тапсырамын. Жолды күтіп ұстауға баса назар аудару қажет», деген еді Президент.
Бұл тапсырманың нәтижесі көп күттірген жоқ. Былтыр қараша айында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жаңа көпірдің құрылысы 2023 жылы басталады деп сүйіншіледі. Жалпы ұзындығы 2,7 шақырым, төрт жолақтан тұратын жаңа стратегиялық нысан ескі көпірдің жанынан салынатыны белгілі болды. Оның құрылысына ел бюджетінен әу баста 40,3 млрд теңге қарастырылса, кейін сома 39 млрд теңгеге дейін қысқартылды.
«ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамының ақпаратына сүйенсек, жаңа көпірдің құрылысы алдағы бір-екі айда басталады. Сәуір айында құрылысты жүргізетін мердігер – «Қазақжолқұрылыс» ЖШС-мен шарт жасалған. Аталған компания кезінде Астана – Өскемен тасжолының бөлігі саналатын «Нұрлы жол» көпірін тұрғызғанын айтып өтуіміз керек.
– Ертістің үстінен өтетін жаңа көпір ескі көпірдің оң жағынан 40 метр жерден салынады. Жол полициясының бекеті жаңа көпірдің сол жағында қалып қояды. Құрылысы жағынан көпір Американың ірі қалаларында жиі салынатын экстрадоз типіндегі аспалы нысан ретінде тұрғызылмақ. Құрылысты 4 үлкен тірек ұстап тұрады. Мұндай конструкция өзінің беріктігін дәлелдеген. Әрі жасалған жоба да мемлекеттік сараптамадан сәтті өтті. Нысанда ванталы көпірлердегі сияқты болат арқандар да қарастырылған. Көпірге түсетін салмақты құрылыстың барлық тіректеріне бірдей тарату үшін жүйенің артықшылығы басым. Көпірдің құрылысы күрделілігі басымырақ типке жатады. Жұмыстар қыс айларын есепке алмағанда, шамамен 25 айға созылуы керек. Бастапқы кезеңде дайындық жұмыстары жүргізіледі. Себебі болашақ көпірдің тіректері қағылатын қала аумағы бөлігінде инфрақұрылымдық коммуникациялар орналасқан. Ермак, Ракетная көшелеріндегі кәріз желілері мен жылу және байланыс тораптарын қысқарту, қайта құру үшін техникалық шарттарды рәсімдедік. Құрылысқа өте көп мөлшерде темір арматуралар мен бетон қажет. Аралық құрылысты жүргізуге арналған арнайы тайғақ қалыптардың өзін әзірлеуге ұзақ уақыт қажет. Айтпақшы әлгіндей қалыптар бұған дейін Қазақстанда жасалмаған, мамандар оны тек осы көпірге арнап құрастырмақ, дейді «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Алексей Логвиненко.
Көпірді салу кезінде қолданылатын материалдардың 95 пайызы отандық өндірістікі болады деп шамалануда. Тек ванталы болат арқандар мен аралық қосылыс жүйелерін, деформациялық тігістерді Қытайдан алдыру көзделген. Себебі мұндай өнімдер біздің елдің аумағында шығарылмайды екен. Жаңа көпірдің ұзындығы 691 метрді құраса, оған қатысты барлық жолдың ұзындығы 2,7 километрге жетеді. Норматив бойынша жаңа көпірдің құрылысы 25 айда салынуы керек. Одан соң ескі көпір бұзылып, бөлшектеліп алынады. Оған шамамен қосымша 14 ай жұмсалады. Жоба барлығы 39 ай ішінде еңсерілуге тиіс.
Айтып өтейік, өзен үстіндегі ескі автомобиль көпірі құжат бойынша 1961-1962 жылдары тұрғызылған екен. 2018 жылы мамандар көпірді тексере келе оның тіректері мен аралық бетон қабаттары әбден тозғанын айтып, үлкен жүк көліктерінің өтуіне тыйым салған. Бүгінде салмағы 10 тоннаға дейінгі көліктер ғана көпір үстінен жүре алады әрі көлік құралдарының арақашықтығы 30 метрден кем болмауы керек деген ереже бар. Астана немесе Қарағанды бағытынан шыққан үлкен жүк көліктері Ресейге барар болса, Павлодар қаласын оңтүстік-шығыс жағынан, «Нұрлы жол» көпірі арқылы айналады. Бұл – артық 48 шақырым жол жүру керек деген сөз. Тіпті күз бен қыста жергілікті кеніштерден қалаға көмір тасығанда да ауыр жүк көліктері шаһарды айналып келуге мәжбүр. А.Логвиненко бұл қолайсыздық 2025 жылға дейін жалғасатынын айтады. Жаңа көпірде барлық жайлылық қарастырылатын болады. Төрт жолақтан тұратын жаңа стратегиялық нысанның екі беткейіне қауіпсіздік жолақтары және жаяу жүргіншілер жолдары да салынады деп жобаланған.
ПАВЛОДАР