Заң • 04 Мамыр, 2023

Латифундистер заңға бағынбай ма?

472 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 19 сәуір­де еліміздің әлеуметтік-эконо­ми­калық даму мәселелері жөнін­дегі кеңейтілген кеңесте сөйле­ген сөзінде: «Жария етілген көпте­ген реформа әлі де баяу жүріп жа­тыр. Оны мойындауымыз керек. Сондықтан Үкімет ескі жұмыс тәсілін түбірімен жою үшін ерік-жігер танытуға тиіс», деді. Пре­зиденттің бұл сыны жер қатынас­тарын реформалауға да қатысты деп білеміз. Себебі ел өңірлерінде жер дауы әлі басылмай тұр. Бұған өткен жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне 9500-ден астам арыз-шағым түскені айғақ.

Латифундистер заңға бағынбай ма?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Даудың басы – заң бабында

2003 жылғы 20 маусымда қабылданған Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 76-бабында «Кепiл берушiге жеке меншiк құқығымен немесе жер пайдалану құқығымен тиесiлi жер учаскесi кепiл мәнi болуы мүмкiн», делінген. Осы бап инвестор атын жамылған кейбір алаяқтардың ауыл тұрғындарының өздеріне сеніп тапсырған жер үлестерін пайдалану құқығын қаржы институттарында заңсыз кепілге қойып, қыруар несие алып, кейін оны қайтармауы себепті кепіл­ге салынған жерлердің аукцион ар­қылы сатылуына жол ашып беріп тұр.

Нақтырақ айтсақ, өткен ғасыр­дың тоқсаныншы жылдарын­да жүзеге асырылған жаппай жеке­ше­лендіру кезінде бұрынғы кеңшарлар мен ұжымшарларда еңбек еткен ауыл тұрғындарына белгілікті мөлшердегі жер үлестерін пайдалану құқығы 49 жылға берілген болатын. Ауылдағылар осы мүмкіндікті пайдаланып, шаруа қожалықтары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер құрып, өздеріне тиесілі жер үлестерін сенімгерлік басқаруға берген. Содан бері іскер де иманды азаматтар басқарған шаруашылықтар өз үлескерлеріне жыл сайын әжептәуір пай төлеп, немесе олардың қалауларына қарай ұн, астық, жемшөп, отын дайындап беріп, көмектесіп келеді.

Алайда серіктестік құрарда ауыл адамдарына үйіп-төгіп берген уәделерін тез арада естен шы­ғарып, мойындарына алған мін­деттемелерін орында­май, жұрт есе­бінен жеңіл жолмен байып қалу­д­ы ойлаған теріс пиғылды пы­сық­айлар да бар болып шықты. Он­дайлар үлескерлерге күзде бір-екі қап ұн, немесе астық қал­дығын беріп, алдап-сулап, түс­кен табыстың негізгі бөлігін өз қал­та­ларына басып жүр. Кейбіреуі тіп­ті ауыл тұрғындарының жер үлес­­терін пайдалану құқығын жал­­ған құжаттар жасау арқылы қар­­жы институттарына кепілге қо­йып, мол несие алып, кейін қарыз­дарын өтемей, екіжақты да тақырға отырғызған.

Міне, осындай қауіп төнген Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Бірлестік, Дәуқара, Светлое, Қарақамыс, Егін­діағаш ауылдарының тұр­ғын­дары 2020 жылдың басында аудандық әкімдікке жиналып, аудан басшылары мен жергілікті құқық қорғау органдарынан араша сұраған. Себебі, олардың жер үлестерін пайдалану құқығын сенімгерлік басқаруға алған «Жарқын СҚ» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі 2017 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамынан 600 миллион теңге несие алып, оның кепіліне 42 мың гектар егістік жерді заңсыз қойған. Кейін серіктестік алған несиесін уақтылы төлей алмағандықтан, «Аграрлық несие корпорациясы» сотқа жүгініп, кепілде тұрған ауылдықтардың егіс алқаптарын пайдалану құқығын өз меншігіне алған. Іле ол жерлерді аукцион­ға салып сатып, аталған серіктес­тікке несие­ге берген қаржысын қай­тар­мақ­шы болады. Мұны естіген ауыл­дықтар дер кезінде дабыл қағып, Парламент Мәжілісінің депу­татына дейін арызданып, ол өз кезегінде Бас прокуратураға жүгінген. Соның нәтижесінде 5 ауылдың тұрғындары көтерген жер дауына Солтүстік Қазақстан облысының құқық қорғау органдары араласып, кепілде тұрған жерді пайдалану құқығын аукцион арқылы сатуға тыйым салынды. Үш жылға созылған сот үдерісі ақыры ауылдықтардың жеңісімен аяқталып, жерлері түгел қайтарып берілді. Ал үлескерлердің болмаған жалпы жиналысының жалған хаттамасын жасап, алаяқтыққа барған «Жарқын СҚ» ЖШС басшылары қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң жазаларға тартылды.

Өкінішке қарай, Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданындағы Балуан ауылының тұрғындары жалпы көлемі 4322 гектар жер үлестерін сенімгерлік басқаруға тапсырған фермерлік шаруашылық басшысы сол жердің бәрін осыдан он жылдан астам уақыт бұрын басқа заңды тұлғаға сатып жібергенін дер кезінде біле алмай, қолдарын кеш сермегендіктен, жер пайдалану құқықтарынан айрылып қалды. Олар енді ғана құқық қор­ғау органдарына арызданып, сот арқылы әділдік іздеуге кірі­сіп жатыр. Сондай-ақ жуырда Қызылжар өңіріндегі Ғабит Мү­сі­репов атындағы аудан­ның «Чис­тополье-2» ЖШС үлес­­­кер­лері де өз жер пайдалану құ­қық­тарынан заңсыз айрылып қалғаны себепті сотқа шағымданды.

Демек, Үкімет пен Парла­мент депутаттары Жер кодек­сін тағы бір қарап, оған ауыл тұрғындарының ауыл шаруа­шылығымен айналысуға арнал­ған жер үлестерін пайдалану құ­қығын қаржы институттарында кепілге қоюға тыйым салу жөнінде түзету енгізу мәселесін қарастырғаны жөн. Айтпақшы, мұндай түзетудің қажеттігін Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов та ашық айтып жүр.

 

Латифундистердің аты неге аталмайды?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыр­күйектегі «Сындарлы қоғам­дық диалог – Қазақстанның тұрақ­тылығы мен өркендеуінің негізі» алғашқы Жолдауында жер ресурс­тарын тиімсіз пайда­лану мәселесі өте өзекті болып отырғанын айта келіп: «Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болған­дардың көп­шілігі жерді игермей, бос­қа ұстап отыр. Елімізде «шөп қоры­ған иттің» кебін киген «лати­фундистер» көбейіп кетті. Пай­даланылмай жатқан ауыл шаруа­шылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді», деген еді.

Содан екі жарым айдай уақыт өткенде Президент Ақмола облысына жұмыс сапары барысында жер қатынастары мәселесіне қайта оралып: «Мен Жолдауда жерді өңдеумен айналыспайтын латифундистерден оны қайтарып алу міндетін қойдым. Бұл өте маңызды тапсырма қызыл сөз үшін берілген жоқ. Адал да еңбекқор фермерлер, шаруалар мал бағатын жер таппайтын жағдайға дейін жеттік. Алайда менің тапсырмам өте баяу орындалып жатыр. Қазіргі жағдайды өзгертпеуге мүдделі адамдардың қысымына ұшырағандықтан, бұл жұ­мысты созбаққа салу ұйға­рыл­ған сияқты», деп мәлімдеген еді.

Шынтуайтында, жер қатынас­тары саласында қалыптас­қан келең­сіз жағдайды өзгертпеуге, ең алдымен, өңірлердің әкімдік­тері мүдделі болғаны анық. Себебі, көптеген жер заңнамасын бұзушылықтар солардың тарапынан жасалып келді. Жер учаскелері аукцион немесе конкурс өткізілмей, «бармақ бас­ты, көз қыстымен» беріліп жат­ты. Жер ресурстарын бас­қару комитетінің мәліметіне қара­ғанда, орталық уәкілетті орган­ға тек жер мәселелері бо­йын­ша жергілікті атқарушы ор­ган­дардың үстінен 2020 жылы – 2614, 2021 жылы 1613 арыз түскен. Осыған орай, «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қа­ты­настарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» заң әзір­леніп, Мемлекет басшысы оған 2021 жылғы 30 маусымда қол қой­ды. Осы заңға сәйкес 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жергілікті атқарушы органдардағы жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау функция­лары Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігіне қайтарылды және Үкі­меттің былтырғы 19 қаң­тар­дағы қаулысымен өңір­лерде Жер ресурстарын бас­қару комитеті­нің аумақтық депар­таменттері құрылды. Сөй­тіп, Президент тапсырмасын то­лық­қанды орындау, шын мәнін­де, былтыр басталды деуге бола­ды. Ауыл шаруашылығы министр­лігінің мәліметі бойынша өткен жылы мемлекетке 5,2 миллион гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып беріл­ген ауыл шаруашылығы жер­лері қайтарылған. Тиісті ескерту алғаннан кейін жер пай­да­ла­ну­шылар 1,85 миллион гектар алқапты игеруге кіріскен. Атал­ған көрсеткіштер 2021 жылмен салыстырғанда 10 есе көп. Бұған Мемлекет басшысы 2022 жылы 9 тамызда жер қатынастары сала­сындағы тексерулерге мора­торий­ді алып тастағаны да қолайлы мүм­кіндік туғызды.

Дегенмен, Парламент Мәжі­лі­сінің былтырғы желтоқ­сан айын­да болған жалпы оты­ры­­сын­да кей­­бір депутат­тар Ауыл шаруа­шы­­лығы министрі келтірген мә­лі­мет­­тер­ге сенімсіздікпен қарап, ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтары әлі де жайы­лым­­дық және егістік жерлер­дің тапшы­лы­ғынан құтылма­ған­дығын, сондай-ақ уәкілетті орган басшысы жерін қайтарған бірде-бір латифундистің атын атамағанын сынады.

Расында да, осы жылдың басында іске қосылған Мемл­е­кеттік жер кадастрының авто­мат­т­андырылған ақпараттық жүйе­сінен де ірі ауыл шаруашылығы құры­лымдарының атауын ғана білуге болады. Ал ондаған мың гектар жерге иелік етіп отыр­ған серіктестіктердің құрылтай­шылары һәм латифундистердің кім екені туралы ақпарат жоқ.

Мемлекет басшысы былтыр­ғы 8 ақпанда болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Жерді ұтымды пайдаланудағы маңызды міндеттердің бірі – оның бір қолға шоғырлануына жол бермеу. Бірқатар өңірде мәслихаттардың шешімдерімен жер телімдерінің мөлшерлері ғылыми-негіздеу тәсілінсіз бекітілген: Атырау облысында – 98 мың гектар, Алматы облысында – 96 мың гектар, Шығыс Қазақстан облысында – 69 мың гектар. Сол-ақ екен, Ауыл шаруашылығы министр­лігі бір қолға 98 мың гектар ауыл­шаруашылық жерін беруге рұқсат ететін қаулы жобасын әзірлей қойды. Бұл шамадан тыс жерге ие адамдардың қазіргі иелі­гін бекіту, яғни нормативтік база ретінде айқындау әрекеті сияқ­ты көрінеді», деп латифундистер­ге бүйректері бұрып тұрған Ауыл шаруашылығы министрлігі шенеу­нік­­терінің шын пиғылдарын әш­кере­лей айтты. Ал осы жылдың басын­да Үкімет қаулысымен ауыл шаруа­шылығы жер учаскелерінің ең жо­ғары шекті мөлшері заңды тұлғалар үшін – 51 мың гектардан, ал шаруа қожалықтары үшін 35 мың гектардан аспайтын болып белгіленді.

Әрине, бұл жаңалық бірнеше жүз мың гектар егістік жерге иелік етіп отырған латифундистерді абыр­­жытып тастағанымен, ма­ман­­дар­дың айтуынша, олар бұл шек­­теуді айналып өту жолдарын таба алады екен. Сондай құйтыр­қы­лықтарға жол бермеу үшін де лати­фундистердің аты-жөнін жұрт­шылық білуге тиіс. Бұл рет­те қолданыстағы заңнамаға, со­ның ішінде «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңға тиі­с­ті өзгерістер енгізу де қажет болар.

 

Кәрібай МҰСЫРМАН,

«Egemen Qazaqstan»