Мейлі ғой, апарса апара берсін, ол Жазушылар одағының жеке жұмысы, біздің шатағымыз қанша деп жүргенде, бірде Сауытбек Абдрахманов екеумізді үлкен бастығымыз Қуаныш Сұлтанов шақырған. Ол кезде Қуаныш ағамыз Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі қызметінен Премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалып, Президент аппараты мен Министрлер кабинетіне ауысып келген шағы.
Сұлтановтан алған тапсырмамыз қысқа да нұсқа болды. Бексұлтан аға бастаған зиялы жұртшылықтың айтып жүрген әңгімесінің анық-қанығына көз жеткізу, шындығын анықтау. Аңырақайды оқығанбыз, Ордабасын білеміз, тіпті Үйгентас қырғыны мен Аягөз айқастарын да естігенбіз. Ал «Ор шайқасы» дегені – қайдан шыққан көйіт сөз? Ақын-жазушылар әлімсақтан қиялға бейім келеді, әр нәрсеге еліккіш, эмоциямен қосып та айта береді. Ертеңгі күні ел алдында ұятқа қалмас үшін бізге осы әңгіменің ақиқатын айқындау – міндет.
Республикалық деңгейде жобаланған, өңірлерде өткізілмек айтулы даталар мен ақын-жазушылардың үлкенді-кішілі салтанаттарын, мерейлі тойларын орталықтан үйлестіру жұмыстары менің мойнымда болатын. Содан да шығар, Қуаныш ағамыз: «Жазушысың ғой, Жаркентке сен барып қайт, ағаларыңның сөзінің рас-өтірігін анықта, шындығына көзіңді жеткіз, соған байланысты соңынан шешім шығарамыз», деп шаруаны шегелеп, тікелей маған тапсырған. «Бексұлтан ағамды ертіп алайын ба?», деп едім, Қуаныш Сұлтанұлы бұл ұсынысыма үзілді-кесілді қарсы болды. «Онда ағаңның мысы басып, сен оның айтқанынан шықпай қаласың, маған жазушының емес, Үкімет аппараты қызметкерінің пікірі керек!», дегендей уәжбен кесіп тастады.
Ертесінде ертемен салып-ұрып Бұрындай әуежайына бардым. Қуаныш ағамыз бәрін де хабарлап, бәрін де сақадай-сай дайындатып қойыпты. Екі ұшқыш мені күтіп отыр екен, құлағымызды тас бітеген құлаққап-наушникті киіп алдық та, дарылдатып шығысты бетке алып ұшып кете бардық. Әне-міне дегенше Талдықорғанның шетіндегі әскери әуежайдың алаңқайына да келіп қондық. Ол жерде біздің тікұшағымызға облыс әкімі Серік Ахымбеков, әкімнің орынбасары Гүлша Тәңірбергенова және милицияның бір генералы келіп отырды.
Аздан соң «шайқас болыпты» деген межелі жерімізге де ұшып жеттік. Тікұшағымыз ұзын төбенің ернеуіндегі тайпақ жазыққа жайлап қонды. Бұл жерде Жаркент ауданының әкімі Әділшайық Ыбыраймолдаев төмендегі шұрайлы тепсең үстіне киіз үй тігіп тастап, өзінің бірер нөкерімен бізді тағатсыздана күтіп жүр екен. Байқаймын, төбенің терістік жағы терең сай, шатқаяқ жыра, шапшыма тік тәрізді. Сай табанында қақ күмістей жалтырап әлдебір бұлақ ағып жатыр. «Ордың бұлағы» дегені осы болар. Төбенің оңтүстігі жадағайлау болғанымен, ұзаққа созылған жылмағай беткей екен де, төмендегі мұнарлы жазық, тұмарлы бел-белестер бұл биіктен алақандағыдай көрінген.
Біз ертеде қазылған ордың кемерінде тұр екенбіз. Ежелгі оқпана-окоптың сұлбасы анық байқалады. Оқпананың етегі сүйірлене барып төмендегі қылдай мүйіске тіреліпті. Одан арғысы шыңырау шатқал, ақсиған тасқорым. Төмендегі терең сайдың табанында булыға шапшып, буырқана аққан тау өзені байқалады. Жоғарғы жағымызда күдері жон, мұң шақырғандай мұнарлы шыңдар сілемі. Оқпананың сорабы қасқа сүрлеудей қиралаңдай өрлеп, таудың тарғыл төбесіне іліне, көкжиекке сіңіп кетіпті.
Бұл биікте бабалардың асқақ үні, дауылпаз рухы, ұлтымыздың ұлылығы мен даналық ізі жатқаны шындық еді. Бұл араның, расымен, бабалар қанына суғарылған қасиетті топырақ, киелі өңір екеніне, мынау төбелі жал халқымыздың азапты тарихының айшықты бір беті екеніне, елдіктің ерен ерлігінің айғағы екеніне біздің титтей де шүбәміз қалмаған.
Кейін Алматыға қайтып оралған бетте ел арасында болатын артық-ауыс сөздің, әулекі әңгіменің алдын алайық деп, еліміздің бірер зиялы қауымын жинап, Орбұлақ жайын айтып ой тастағанбыз, еркін талқыға салғанбыз. «Ол мүмкін емес!» деп сонда біраз ағайын қос қолдарын көтеріп қарсы шыққан. «Сендер мына жағдайды да қазақтың лепірме қызбалығына басып, өтірік тарих жасағалы отырсыңдар. 600 сарбаз жаудың 50 мың қолын тоқтатыпты дегенге кім сенеді? Анау өркениетті Еуропа ғалымдары мұны естісе, бұл өтіріктеріңе беттерін шымшып күлетін болады. 600 емес, ескі құжаттарыңда бір нөлі түсіп қалған шығар, тым болмаса алты мың шығар, ол жағын да тексеріңіздер!» Келесі бір білгіштер: «Ой сендердің даурығып жүргендерің құр далбаса!» деп мұрындарын шүйіріп, қолдарын сілтеген. «Сендердің көріп келгендерің ол Жошы ханның баласы аңшылық құрып жүргенде құлан теуіп өлтірген жер. Ұлының қазасына қайғы жұтып, қапаланған хан ұзақ созылған терең ор қазғызып, құланның бәрін айдап әкеліп сол орға құлатып, қырып тастапты деген аңыз бар».
Апырмай, деп ойладық, көрмей-білмей тұрып кейбір ағаларымыз қисынға келмес қиялды айтатыны несі екен? Арқаның апайтөс жазығы емес, біздің көргеніміз таудың биік жалындағы тар қылта ғой. Қолға үйретілген үй малы болса бір сәрі, даланың асау бермес тентек тағысы сенің шапшыма биігіңе айдағанға көне ме? Оның үстіне Ұлытау өңіріндегі Жошы қайда, ит арқасы қияндағы Жоңғар Алатауы қайда?
Иә, арамызда ол жылдары өз халқының өткенін мансұқ еткен, кешегі қып-қызыл коммунист дүбара ағалар жетіп артылатын. Сондықтан өзіміз белсеніп шыққанымызбен, ағайынға сөзімізді өткізе алмасымызды да, сендіре алмасымызды да білгенбіз. Білдік те бұл жорамалдың да терістігін аузы қисайған замандастарына түсіндіру үшін Бексұлтан Нұржекенің өзін алға салдық: «Белжайлаудағы ордың Жошыханға еш қатысы жоқ!» деп жазды ағамыз. «Біріншіден, Жошыханның тұрағы да, бейіті де Ұлытау бойында. Аң аулаймын деп ұлы хан сонау Ұлытаудан қиян шеттегі Жоңғар тауларына келген екен деу қисынсыз. Екіншіден, қанша ақымақ болса да, құланды қуып әкеп осы жерге құлатам деп Жошыхан қыр биігінен ор қаздырмайды. Жотаның екі жағы да тік, мынадай биік бетке құланды қумақ түгілі артынан итеріп те шығара алмайсыз. Қысқасы, аңызда әңгіме болатын Жошыханның құланды қырған ор бұл емес, ол жорамалдарыңыз – ақылға қонбайды, бекер болжам!»
Орбұлақ шайқасы – ақылға сыймайтын теңдессіз құбылыс, қиялмен қоңсылас ескі әңгіме екені рас. Содан да болар, қоғамдық пікір Бексұлтан ағамыздың тастай дәлелімен де тоқтаған жоқ. Жұрттың күдігін сейілту үшін шамамыз келгенше, өреміз жеткенше тағы да маман тарихшыларға, беделді ғалымдарға жүгінгеміз.
Обалы қанша, мамандарымыз қалтқысыз айғақтарын халықтың алдына жайып салған. Алдымен ертеректегі И.Я.Златкин, А.И.Левшин сияқты дуалы ауыз тарихшылардың жазып кеткен деректерін, 1644 жылдары орыс елшілері Г.Ильин мен К.Кушеевтің Тобыл воеводасы Г.Куракинге жазған хаттарын көлденең тартысқан. Сол жылдарғы Г.Ильиннің жазбасынан «Как де он, контайша, ходил на Янгира-царевича и на Ялантуша войною, и взял де он, контайша, две землицы алатай-киргизов да токмаков тысяч за 10. Янгир де к контайша пошел навстречу с войском, а войска де было с Янгиром 600 человек. И Янгир де, покопав шанцы меж камнем, и в те шанцы посадил 300 человек с огненным боем, а сам с тремя стами в прикрытье за камнем. Янгир и побил де у контайши на тех двух боях людей тысяч за 10» деген дерек табылыпты. Бұл Орбұлақ жайындағы хатқа түсіп, ресімделген алғашқы ресми құжат екен.
Орбұлақ оқиғасын тұңғыш зерттеуші деп әйгілі түркітанушы, ресейлік ғалым Алексей Левшин (1799-1879) саналады. Ол кісі өзінің «Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей» атты еңбегінде былай деп баян етіпті: «Не смея вступить в сею горстью людей в открытый бой, он поместил одну половину оной между двух гор ущелье, которое окопал глубоким рвом и обнес высоким валом, а с другою половиною скрылся сам за горою. Зюнгары, подойдя к укреплению, напали на оное, и в то время, когда они теряли множество людей в сражении весьма не выгодном для осады, по причине узкого пространства, Жангир устремился на них с тыла. Неожиданность сего удара, отважность воинов, избранных для оного, и отличные ружья, которыми все они были снабжены, нанесли Багатыру (Батуру) сильный урон».
Ал Алаштың айтулы қайраткері, шежіреші инженер Мұхаметжан Тынышбаев (1879-1938) та жоғарыдағы ойларға кіндіктес тұжырым жасапты: «Қазақтан кек алу мақсатымен жоңғар қонтайшысы Батур 1643 жылы 50 мың әскерімен алаштың байтағына басып кіріп, оның елеулі бөлігін өзіне қаратып алады. Қапыда қалған Жәңгір қол астына бар болғаны 600 сарбаз жинап үлгереді. Әлбетте, азғантай жасақпен қанша батыр болса да, ашық майданға шыға алмасын білген ол, тар қыспақтың бірінен тосқауыл құрып, терең ор қазып, оны үлкен тастармен қоршап қояды. Ол тосқауылға жасағының жартысын қалдырып, өзі қалған жартысымен тау асып кетеді. Жоңғарлар әлгі бекініске лап қойғанда, Жәңгір жаудың ту сыртынан айналып соғады да, от пен оқтың астына алады. Қалмақтар 10 мыңдай әскерінен айрылып, бытырай қашады. Көп ұзамай Жәңгірге 20 мың жасағымен Самарқанның әскербасы, Әлім руынан шыққан әйгілі төртқара Жалаңтөс батыр көмекке жетіп үлгереді. Жоңғарлар күйрей жеңіліп, кейін серпіледі».
Қазақ сарбаздарының шағын тобының қара бұлттай қаптаған қалмақтарды кенеусіз қырғынға ұшыратқан осы оқиға Сәкен Сейфуллиннің (1894-1938) де назарынан тыс қалмаған тәрізді: «Есімнен кейін оның баласы Жәңгірді қазақ хан көтерді» деп жазыпты Сәкен. «Орта Азияның құба жондарына қамалған қазақтың Жәңгір тұсында қалмақпен соғысуы тіпті жиіленеді. 1643 жылы қалмақтың 50 мыңдай қолы қазақты келіп шауып, біраз жерін бағындырып алады. Жәңгір хан алты жүздей ғана қол жинауға шамасы келіп, бір тар асуда бекініс жасап, алты жүз кісіні екіге бөліп, сол бекініс тар асуда қалың қалмақтың екі жағынан тиіп, қашырады. Қалмақ пен қазақтың ол соғысында, Самарқанда әскер басы болып тұрған Әлім руынан (кіші жүз) шыққан Жалаңтөс батыр жиырма мың қолмен келіп қалмақты қуысады».
Энциклопедиялық кітаптардың баршасы ғылыми деректерге құрылып, күмәнсіз дәйек ретінде қабылданатыны белгілі. Ел арасында «Қозыбаевтікі» деп аталып кеткен, жетпісінші жылдары жиырма том болып жарық көрген «Қазақ энциклопедиясы» да – осындай іргелі еңбектің бірі. Сол энциклопедияда мынадай тұжырым бар: «1643 жылдың қысында Батур қазақ жерлеріне тағы да шабуыл жасады. Жетісудың едәуір бөлігі мен Алатау қырғыздарының 10 мыңдай адамын жоңғарлардың тұтқынға алғанын естіген Жәңгір хан болмашы қолмен (600 адам) Батурға қарсы аттанды. Қазақтардың азаттық күресі жолындағы осы бір ерлік уақиға туралы архив материалдарында былай делінген: «Жәңгір өз тобының бір бөлігіне жоңғарлар тар асудан асып келгенше екі таудың арасындағы тар жылғада ор қазып, бекініс жасауға бұйырады, ал өзі екінші бөлігімен таудың арғы бетіне жасырынды. Қонтайшы ор қазып алып, ерлікпен қорғанып жатқандарға қарсы шабуыл жасады. Осы кезде Жәңгір жаудың ту сыртынан лап берді. Сөйтіп, жоңғарларды қатты жеңіліске ұшыратқаны соншалық, дұшпандар жағынан он мыңдай адам қаза тапты. Ұрыс бітуге жақындағанда 20 мыңдай әскермен Самарқан билеушісі атақты Жалаңтөс батыр Жәңгірге көмекке келді. Батур кейін шегінуге мәжбүр болды».
Бұл шайқас жөнінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Виль Галиев те тиянақты ой түйген екен: «В 1643 году Батур захватил земли двух больших казахских и киргизских родов. В планы входило уничтожение всего казахского войска. Тогда Жангир обратился за помощью к эмиру Жалантосу, ивестному влиятельному сановнику Бухарского ханства. Была достигнута договоренность и с владетелями тянь-шанских киргизов. Они обещали свою помощь. Но обстоятельства требовали срочных действий. С собранным ополчением в 600 человек Жангир направился в Джунгарское Алатау. Но, по всей видимости, это были отборные дружинники... Малочисленность воиск Жангира можно обьяснить сложившимися тогда реалиями. Для действия в горах, для участия в засаде нет необходимости в большом числе воинов. Лишние люди могли только помешать в осушествлении замысла. Ведь это не сражение на местности. Конечно, определенную роль играла и оперативность – ожидать подкрепление не было времени. А потом подошел из далекого Самарканда казахский батыр Жалантос, бывший эмиром в Бухарском ханстве. На помошь Жангиру прибыли и киргизские ополченцы».
Қыл үстінде тұрған халқының тағдырын шешкен әскери тұрғыдағы теңдессіз тапқырлығы мен ерлігі үшін халқы Жәңгір ханға Салқам (Айбынды) деген жанама ат беріпті.
Осы шараға байланысты Үкімет қаулысын дайындап жүрген кезде тағы бір шетін мәселе жөнінде Бексұлтан ағамызбен, Манаш Қабашұлымен ақылдасуға тура келген. «Бұл шайқастың тарихи атауы әлі қалыптаса қоймаған тәрізді: Ор шайқасы дедіңіздер, Ордың бұлағындағы соғыс деп те жазасыздар, Белжайлаудағы қырғын дегенді де естідік, Жоңғар тауындағы ұрыс деп те жүрсіздер. Ендеше осы атауды «Ор» деп шолақ қайырып, тілімізді тұтықтырмай, поэтикалық бояқтағы бір ізге түсірейік те? Шүкір, терең ор бар, сай табанында сылдыраған күміс бұлағымыз бар, «Орбұлақ шайқасы» деп деп атасақ қайтеді?» дегендей төтенше ұсыныс жасағанбыз. Екеуі де бас шұлғысып, жөн екен деп келісімін берген. Содан Премьер-министр С.Терещенконың қолымен 1993 жылдың 7 маусымында «Орбұлақ шайқасының 350 жылдығы туралы» Үкіметтің қаулысы жарыққа шығып, нақты жұмыстар содан кейін қайнап жөнелген. Лауазымды тұлғалар қатысатын протоколдық шаралардың сценарийін мен жазатын болдым да, Белжайлауда өтетін театрландырылған қойылымды, концерттік бағдарламаны жергілікті өнерпаздар өздері жасайтын болып келістік. Белжайлау жағын аудан әкімі Әділшайық Ыбыраймолдаев өзі қатаң бақылауда ұстайтын болып шештік.
Үкімет қаулысы шықпай тұрып, Бексұлтан ағамыз «Шекаралық аймақ қой, осы ордың бойына белгі тас орнатып қойсақ жақсы болар еді» деген көңілге қонымды тағы бір ұсыныс жасағаны бар. Расында да, іргеде алпауыт империя, қазақтың жерін айшықтап тұрғандай бір тұспалды шекаралық белгі орнатқан әбден дұрыс болар еді. Сондай-ақ ол белгі кейінгі ұрпаққа дәстүр сабақтастығының дәнекеріндей көрнекі жәдігер болмағы тағы даусыз. Осындай оймен Бексұлтан ағамыздың ұсынысын қолдап, тапсырманың бірі ретінде Үкімет қаулысына енгізіп жібергенбіз.
Тасқа бекітіп орнатар жазудың мәтінін ойластырып, Қазақтың Ескерткіштер қоғамымен бірлесіп, күмісше жарқыраған болат темірге жаздырған Бексұлтан ағамыз еді. Сондағы ескерткіш тасқа жапсырылған тот баспайтын болаттағы жазу былай-тын: «Бұл жерде 1643 жылы Салқам Жәңгір бастаған қазақтың 600 жауынгері ор қазу тәсілімен қалмақтың 50 мың қолын тоқтатып, 10 мыңын жойып жіберген. Осы кезде бұларға Самарқаннан Алшын Жалаңтөс баһадүр 20 мың қолмен көмекке жетіп үлгереді. Ұлы жеңіске Шапырашты Қарасай, Арғын Ағынтай, Төртқара Жиембет, Қаңлы Сарбұқа, Найман Көксерек, қырғыздар Көтен мен Табай, Дулат Жақсығұл, Арғын Қомпай, Суан Елтінді батыр, тағы басқа ерен ерлер үлес қосты. Батыр бабалардың аруағы алдында бас иеміз!»
* * *
Орбұлақ жүз елу жылға созылған қазақ-жоңғар теке-тіресінің бастамасы ғана еді. Бұл теке-тіресте біздің батырларымыз елінің амандығын, жерінің тұтастығын сақтай білді. Ал дүниені тітіреткен қуаты басым Жоңғар мемлекеті тарих сахнасынан мүлдем жойылып кетті.
Осындай себеппен де Орбұлақ феноменін ежелгі дүниедегі (біздің дәуірге дейінгі 480 жыл) Спартаның 300 жауынгерінің Фермопиль қылтасында Дарий патшаның құмырсқадай қалың қолын тоқтатқан оқиғасымен сарындас сұрапыл ерлік деп танимыз.
Биыл 380 жыл толып отырған Орбұлақ ақиқаты осындай.
Әлібек АСҚАРОВ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты