Аймақтар • 04 Мамыр, 2023

Бурабайдағы «Парктер шеруі»

498 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент іс басқармасының «Бурабай» ұлттық паркінде жыл сайын өтетін «Парктер шеруі» табиғатты қорғау акция­сы көктем мезгілінің көрігіне айналғалы қашан.

Бурабайдағы «Парктер шеруі»

Акцияның тарихына аз-кем тоқталсақ, парктер шеруі арыда, 1840 жылы саясаткер, ботаник Дж.Стерлинг Мортонның АҚШ-тың Небраска штатына қоныс аударған шағында басталған деседі. Сонымен ол жаңа қонысының ауласында тұрған жалғыз түп ағашты көрген сәтте әйелімен бірге ағаш отырғызып, көгалдандыру жұмыстарына қызу кірісіпті. Кейін Стерлинг Мортон Неб­раска штатындағы мерзімді басылымның редакторына көшет отырғызу күнін өткізуді ұсыныпты. Бұл бастаманы штат тұрғындары қолдап, ә де­геннен миллионға шамалас ағаш отырғызған екен. Осы­лайша, үйлесім тапқан акция­ның ізімен 1990 жылы «Парктер шеруі» халықаралық мерекесі басталған. Сол тұста парктер шеруіне 141 елден 200 миллион адам қатысыпты.

Акция аясында «Бурабай» ұлттық паркінің қызметкерлері орман құстарына 98 үйшік орнатып, өзен-көлдердің жаға­сына жасанды 52 ұя салған. Айта кетерлігі, дүниежүзілік «Парк­тер шеруі» акциясы тек Бурабайда емес, ел аумағындағы өзге де Мемлекеттік табиғи қорықтар, ұлттық парктер мен табиғи резерваттарда қатар өтеді. Осы акция барысында орман инспекторлары халық­тың қоршаған орта туралы та­ным көкжиегін кеңейтіп, эко­ло­гиялық білім беруді қол­ға алғаны да құптарлық бас­тама болған. Акция аясын­да мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында табиғатты қорғау тақыры­бында қызықты викторина­лар өтіп жатыр. Жастар мен балалар қорықшылар жұмы­сының қызығы мен қиындығы жайлы әңгімелерді де ықылас­пен тыңдайтынын парк қызметкер­лері де жақсы біледі.

Енді парк қызметкерлері Бурабай маңындағы жергілікті халықты экологиялық сенбі­лікке шақыруды жоспарлап отыр. Сол секілді суреткерлік қырынан танылып жүрген жас қылқалам шеберлері арасында табиғат тақырыбында сурет салудан байқау өтеді екен. Қысқасы, қоршаған ортаны қорғауға үндейтін іс-шаралар легі үзілмей, үш айға ұласады. Бұл бір жағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың өзекті мәсе­лелеріне қоғам назарын ауда­руға септеседі.