Әскер • 04 Мамыр, 2023

Сақадай сай сарбаздар

463 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сарыөзек гарнизонына қарасты әскери бөлімнің тарихы терең. 1945 жылы 372-Қы­зыл тулы мотоатқыштар дивизия­сының құрамында 21-жеке танк батальоны болып құрылған. 1955 жылы батальон 301-танкілік полк мәртебесін иеленеді. Кейін­нен 1966 жылы Сарыөзек ауылына көшіріл­ген гарнизон бүгінде еліміздің Қарулы Күш­терінде ең беделді әскери бөлім саналады.

Сақадай сай сарбаздар

Елімізде осындай онға жуық үлкенді-кішілі гарнизон бар десек, жауынгерлік тапсырмасы бойынша бетке тұтар бригаданың бірі – 12740 әскери бөлімі. Гарнизонда барлық жағдай жасалған, әскерилер тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Жалақысы жоғары. Сондықтан азаматтарды әскерге келісімшартпен қызмет етуге шақырады. Әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Нұрғали Ақылбаевтың айтуынша, мұнда қазіргі таңда 1500-ден астам әскери қызметкер бар. Олардың 600-ден астамы жылына 2 рет, жаз бен күзде шақырылып, азаматтық борышын өтеп жатқан мерзімді әскери қызметкер. Қалған мыңға жуық әскериді офицер мен келісімшартпен жұмыс істейтін маман құрайды.

Қазір жоғары сынып оқушыларына патриоттық тәрбие беру ісі жолға қойылған. Соған орай әскери бөлімнің мамандары Кербұлақ ауданындағы орта мектептерге арнайы барып, кездесулер ұйымдастырады. Онда отаншылдық пен туған жерді қорғаудың маңыздылығы түсіндіріліп, азаматтық борышын өтеп, әскери қызметтен өткен жастардың жоғары оқу орындарына түсетіні айтылады.

«Бұл шешім Қорғаныс министрлігі мен жоғары оқу орындарымен жасалған меморандум негізінде қолға алынып келеді. Міне, осындай жұмыстардың арқасында елімізді қорғау ісіне құштарлық танытып отырған жастардың қатары көбейген, – деген подполковник Нұрғали Ақылбаев гарнизонның ерекшелігін атап өтті. – Сонымен қатар аудан мектептеріндегі 10-11-сынып оқушылары 12740 әскери бөліміне арнайы келіп, әскери өмірмен танысып тұрады. Жақында ғана «Ашық есік күніне» келген «Алғашқы әскери дайындық» пәнінің оқушылары казармаға кіріп, жауынгерлердің жатар орнын, асханасын, дайындық сабақтары өтетін кабинеттерді, қару-жарақты, құрал-жабдықты, әскери техника мен транспортты тамашалады. Бізге келетін жастардың басым бөлігінің бойынан отансүйгіштікті, әскери өмірге деген құлшыныс пен талпынысты байқауға болады. Тіпті азаматтық борышын атқаруға деген ұмтылыстары ерекше».

Елімізде әскерге шақырудың көктемгі науқаны басталғалы бері Кербұлақ аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде азаматтарды әскери қызметке шақыру жұмыстары қызу жүріп келеді. Бүгінде бірқатар азаматты әскер қатарына шығарып салды. Бұған дейін бірталай бозбала азаматтық борышын ойдағыдай өтеп, тіпті алғашқы легі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі және Ұлттық ұлан сапына жолданған.

«Бұл рәсім біз үшін ерекше сәт. Медициналық зерттеулерден өтіп, іріктеліп алынған жас­тар әскерге аттанды. Енді Қазақстан Қарулы Күш­терінің әскери құрылым бөлімдерінде мерзімдік әскери борышын өтейді. Болашақ сарбаздарды шығарып салуға олардың ата-аналары мен туысқандары қатысып, Отан қорғаушы ұлдарына өз лебіздерін білдіріп, сәт-сапар тіледі», дейді Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, майор Абзал Сартаев.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда аталған әскери бөлімнің жеке құрамы жауынгерлік дәстүрді ұстана отырып, жауынгерлік әзірлікті ұдайы шыңдап, қырағылықпен жауынгерлік міндеттерін атқарып, бейбіт елдің тыныштығын күзетуде. Сондай-ақ аудандағы орта мектептердің «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының жұмыстарына араласып, «Ерлік сабақтар» мен «Ашық есік» күні сияқты көптеген іс-шара өткізіп, әскердің тарихын, жауынгерлік дәстүрлерін насихаттау арқылы жастарға патриоттық тәрбие беріп келеді.

«Қазір әскерге баруға ниет білдірген жастардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Бұл деген жақсы жетістік. Қазір әскерге барған азаматтарға біршама жеңілдік бар. Өйткені әскерге барғандар Отан алдындағы борышын өтеп қана қоймай, жоғары оқу орындарына түсуге мол мүмкіндік алады. Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті, себебі туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш», деді Кербұлақ аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Болат Омаров.

Жалпы, гарнизон жыл сайын бір топ сарбазбен қоштасып жатса, артынан тағы бір топ жаспен толығып жатады. Бұл – мұндағы мамандар үшін үйреншікті оқиға. Күні кеше дәстүр бойынша шабуылдау бригадасында белгіленген қызметін абыроймен өтеген 200-ден аса сарбазды шығарып салу рәсімі өтті. Біз де аталған іс-шараға арнайы барып қатысып, сарбаздармен тілдесіп қайттық.

Осыдан бір жыл әскер қатарына еліміздің әр өңірінен шақырылған жауынгерлер бір міндеттен құттылғандай кеуделерін еркін көтеріп, Отанға деген сезімдерін еселей түскендей жайдары көңіл-күйде. Олар бір жыл бойы әскери мамандықты меңгеріп, жауынгерлік даярлықта елеулі нәти­желерге қол жеткізген. Сондай-ақ мінездерін шың­дап, әскери тәртіпті үйреніп, командада жұмыс істеуді іске асырды. Запасқа шығарылған сарбаз­дарға құрмет көрсету іс-шарасы әскери бөлімнің саптық алаңында ұйымдастырылды. Оған БАҚ өкілдерінен бөлек, әскери қызметшілер мен Қарулы Күштердің ардагерлері қатысты.

Салтанатты жиында бригада командирі, подполковник Дәулет Секенов жеке құрамды маңызды іс-шарамен құттықтап, сөз сөйледі. Оның айтуынша, запасқа шығарылған сарбаздар бір жыл ішінде егемен еліміздің тыныштығы мен қорғанысын қамтамасыз етіп, тұтастығын сақтауға өз үлестерін қосқан. Осы үшін арнайы алғысын да білдірді. Сонымен қатар жауынгерлік даярлық кезінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген ең үздік сарбаздар мақтау қағаздары және алғысхаттармен марапатталды. Тіпті жауынгерлердің ата-аналарына да алғыс хаттар жолданды. Іс-шара барысында сарбаздар саптық адыммен ортаға шығып, бөлімнің жауынгерлік туымен қоштасты. Оларға бір жылдың көлеміндегі әскери іс-шаралар мен оқу-жаттығуларынан естелік ретінде фотоальбомдар таратылды. Бірқатар үздік сарбазға арнайы дайындалған ту астындағы фотосуреттер салтанатты түрде табыс етілді.

«Міне бүгін бір жылдық әскери қызметіміз аяқталды. Біз Отан алдындағы борышымызды абыроймен атқардық деп санаймын. Бізді жоғары жауынгерлік даярлық пен әскери тәртіпке үйретіп, әрқашан қолдау көрсеткен офицерлер мен сержанттарға айтар алғысым мол. Болашақ жастарды Отан алдындағы міндеттерін өтеп, айбынды әскерімізде қызмет етуге шақырамын», деді әскери борышын аяқтаған сарбаз ефрейтор Жандос Алмасов.

Отан қорғау – әрбір Қазақстан азаматының қасиетті парызы. Өзін азаматпын деп санайтын, кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін бұл ең басты міндет екенін ұмытпаған жөн.

 

Жетісу облысы