12 Шілде, 2014

Еңсеміз Еуропа ендігінде де жоғары

312 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Atomium-v-Bryussele-2 Жақында Еуропа одағының «Қазақстан үкіметі мемлекеттік қызметі реформасы мен жаңғыртуы» деп аталатын жобасы аясында еліміздің бір топ мемлекеттік қызметкерлері мен осы салада қалам тербеп жүрген журналистері тәжірибе алу мақсатында Еуропаның Бельгия және Франция елдерінде болып қайтты. Мұнда 15 адамнан құралған Қазақстан делегациясының мүшелері белгілі еуропалық институттар мен бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларында болып, өзара пікір алмасты. Сол топтың құрамында осы жолдардың авторы да болып еді. Сапардың басы Брюссель қа­ласынан басталды. Мұнда қазақ­стандық қонақтар ең алдымен же­тек­ші еуропалық институттарға, атап айтқанда, Еуропарламент пен Еурокомиссияға аялдады.Та­раптар Еурокомиссияның IT департаментінде өткен кездесуде персоналды басқару және кадр іріктеуде ақпараттық технологияларды тиімді қолдану мәселелері жөнінде ой бөлісті. Бұған қоса, Еуропа бюросында мемлекеттік органдарға кадр­лар таңдауда ең жаңа тәсілдерді қолдану жайы сөз болды. Бұдан әрі EuropeAid деп аталатын даму және ынтымақтастық басқармасында Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы мемлекеттік қызмет саласының тех­никалық ынтымақтастығы жайы мен оның болашағы талқы­ланды. Мемлекеттік органдар мен БАҚ арасындағы өзара ық­пал­дастық мәселелері, мемле­кеттік органдар қызметінің ашық­тығын және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету механизмдері Еуропарламенттің медиа қыз­мет­тер және мониторинг бөлімінде талқыға салынды. TV-2 Мемлекеттік органдар мен БАҚ арасындағы өзара ықпалдастық мәселелері, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету механизмдері Еуропарламент­тің Медиа қызметтер және мониторинг бөлімінде талқыға салынды. Сонымен қатар, EuroparlTV телеарнасында болған кездесулер де қазақстандық делегацияның қызығушылығын тудырды. «Еуропалық комиссия аппаратына қызметкерлерді іріктеудің тәсілдерімен және тетіктерімен жақын таныстық. Мұнда біраз мәселе ұқсас көрінгенімен, олардың өзіндік ерекшеліктері де бар екені байқалды. Бірақ алға қойылып отырған мақсат, мәселе ортақ екені тағы аңғарылды. Бізге бұл тәжірибе алмасу пайдалы болды», – деп атап өтті кездесулер соңында Қазақстан Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Әли Көмекбаев. Кездесулер кезінде Орталық Азиядағы алдыңғы қатардағы мемлекет ретінде Қазақстанға жоғары баға беріліп, қарым-қаты­насты жаңа деңгейге көтеру мәсе­лесі сөз болды. Сонымен бірге, мемлекеттік қызмет бойын­ша қазақстандық тәжірибе, оның ішінде Астанада құрылған Ай­мақ­тық хабтың жұмысы еуропа­лық­тардың назарын аудартты. Бұл бастаманың тек Қазақстан үшін емес, Еуропа Одағы үшін де маңызды екендігі атап өтіл­ді. «Өйткені мемлекеттік қыз­мет саласындағы озық тәжірибе Қа­зақ­стан арқылы өзге Орталық Азия елдеріне тарайды, бұл аймақтағы елдердің қарым-қатынасына оң әсер етіп, тұрақтылық пен бей­бітшілік құралы бола алады», – деді өз кезегінде Еуропа одағы­ның «Қазақстан үкіметі мемле­кеттік қызметін реформалау және жаңғырту» жобасының жетекшісі Джордж Мирогияннис. Бельгия астанасында болған күндерде оның символы іспеттес «Атомиум» кешенін аралап көргеніміз ерекше есте қалды. Ол 1958 жылы осы қалада ЭКСПО көрмесі ашылуы қарсаңында салынған екен. Архитектор Андре Ватеркейннің қиялынан туған құрылым атом ғасыры мен оны бейбіт өмірде пайдалану жайының нышаны ретінде жасалған. Ке­шен­нің ішінен қарағанда бүкіл қала алақандағыдай болып көрінеді. Ол құрылымы жағынан біздің «Бәй­терекке» қатты ұқсайды. Бұдан кейінгі сапар Парижде жалғасты. Біз онда Ұлттық басқару мектебінде (ENA), Есеп палатасы мен Мемлекеттік кеңесте өткен жиындарға қатыстық. Ал делегация құрамындағы журналис­тер француздың ең байырғы басы­лымдарының бірі – «Le Figaro» газеті мен осы елдегі таңдау­лы электронды ақпарат құрал­да­ры­ның бірінен саналатын «3 теле­арна» телеорталығында болды. Онда тараптар мемлекеттік қыз­метті дамытудағы БАҚ-тың рөлі мен маңызы жөнінде пікір алмасты. Мен енді «Le Figaro» газетінің редакциясында қозғалған әңгі­мелердің қысқаша жай-жапсарын баяндап берейін. Бізді басылым директорының халықаралық істер жөніндегі орынбасары Фи­лип Желье қарсы алып, бас­тап жүрді. Оның баяндауынша, Франциядағы ең байырғы бас­­пасөз құралдарының бірі болып табылатын «Le Figaro» күн­делікті газеті 1826 жылғы 15 қаң­тардан бері жарыққа шығып келеді. Басылым өзінің атауын белгілі француз драматургі Пьер Огюстен Бомаршенің қаламынан туған «Фигароның үйленуі» пьесасы бас кейіпкері атынан алған. Бұл «басылым тілшілері барлық жерде болып, барлық жайттан хабар беруге үлгереді», деген ниеттен туған. Сондықтан газеттің ұраны етіп кейіпкер аузымен айтылатын: «Сын бостандығы жоқ жерде мақтауға да орын жоқ» деген сөйлем берілген. Ал басылым бастапқыда сатиралық бағыт ұстанған. Директордың орынбасары бізге бүгінгі таңда басылым тара­лы­мының 387 мың дана болып отырғанын айтты. Мұның 20 пайызы баспасөзге жазылу жолымен алынса, қалған 80 пайызы бөлшек сауда арқылы таратылатын болып шықты. Бұған қоса, елдегі өздерін өздері құрметтейтін мейманханалар клиенттеріне тегін тарату үшін газеттің өзі мен оның қосымшаларының кем дегенде 20 данасына жазылады екен. Бұдан бөлек, басылымның сенбі және жексенбі күндері тарайтын нөмірлерінің данасы 600 мың данадан асып түсетін көрінеді. Осыншалықты жұмыстарды атқа­руға 105 шығармашылық қыз­мет­кер атсалысады. Сонымен қа­тар, әлемнің Брюссель, Бейжің, Мәс­кеу, Лондон, Вашингтон, Мад­­рид және Рим секілді 7 қала­сын­да тілшілер бекеті жұмыс істейді. «Le Figaro» газетінің аптасына бір рет шығатын «Фигаро-магазен» атты журналы және екі газеттік қосымшасы бар. Бұларды жарыққа әзірлеу үшін күніне үш рет жоспарлау өткізіледі. «Le Figaro» өзінің құрылған кезінен бері жекенің меншігі ретінде тіршілік етіп келеді. Дәл қа­зіргі таңда оның барлық акциясы Dassault Aviation аэроғарыштық корпорациясының басшысы болып табылатын консерватор-сая­сат­кер және миллиардер Серж Дас­соның қолында екен. Сондық­тан басылым оң бағыттағы пар­тия­­лардың бағытына қолдау көр­сетеді. Қазақстан делегациясының мүшелері бұл сапар барысында еліміздің еңсесі Еуропа ен­дік­терінде де жоғары тұрғанына тағы бір мәрте көз жеткізіп қайтты. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан». АСТАНА-БРЮССЕЛЬ- ПАРИЖ-АСТАНА.