Сауда • 06 Мамыр, 2023

Біз маркетплейске бейімделе бастадық

251 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Соңғы уақиғалар тауар жеткізу­шілер мен ритейлдердің шаруасына да әсерін тигізді. Халықаралық «Конвент Мир» форумында сарапшылар осы саланың тәуекелдері мен жетістіктерін талқыға салды. Олардың айтуынша, 2023 жылдың бірінші тоқсанында Wildberries онлайн-платформасындағы бел­сенді қазақстандық жеткізушілер саны 7,5 есе өскен. Ал жаңа жергі­лікті бренд саны 20 мыңнан асқан.

Біз маркетплейске бейімделе бастадық

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Wildberries жетекшісі Максим Губа­новтың айтуынша, платформада жер­гілікті бизнестің өкілдігі тек өсе түседі, оған Алма­тыда инвестициялық құны 100 млн доллар болатын көлемі 100 мың шаршы метрді құрайтын ірі логистикалық орталықтың құры­лысы да ықпал етеді.

«Қазір біз Батыс, Шығыс және Орта­лық Қазақстанның бар­лық маңызды қала­ларында бармыз. Астана мен Алматыда екі қойма кешеніміз жұмыс істейді. Бұдан бөлек Ресейден Батыс және Шығыс Қазақ­станға жеткізулерді қамтамасыз ете­міз. Батыс және Шығыс Қазақстан жет­кі­зушілері үшін логистикалық инфра­құры­лымды дамытуды жоспарлап отырмыз. Сонда осы өңірдегі өн­дірушілер өз бизнестерін Wildberries арқылы жүргізе алады. Тиі­сінше, сол үшін Астана мен Алма­тыға бару қажеттілігі жоғалады», дейді ол.

Отандық компаниялар­дың мар­кет-­­­­­п­лейс­­ке де­ген қы­зығушылығы өте жоға­ры. INFOLine компаниялар тобы­ның бас директоры Иван Федя­ков­тың айтуынша, Қазақстандағы маркет­плейстердің дамуы көпарналы ойын­шылардағы онлайн-сатылым өсімінің алдын орап келе жатыр – 90/30%.

Ел кәсіпкерлері мен тұтыну­шы­лары арасындағы тағы бір танымал платформа – Alibaba. Қазір бұл онлайн-алаң­қайдағы отандық компаниялар саны біршама арт­қан. Alibaba-ның ТМД мен Ре­сейдегі сервис-серіктесі, MD-Insight компаниясының басшысы Мария Кадан­цеваның сөзінше, биыл қытайлық маркетплейсте 7 000 отандық тауар ұсы­ныл­ды.­ Бұл көрсеткіш жыл сайын 20-25 пайыз деңгейімен өсе бермек. Аталған платформадағы отан­дық тауарлар категориясында тамақ пен сусындар ең жоғары үлеске ие. Бұл тауарлар жалпы өнім­дердің 40,7 пайызын құрайды. Ауылшаруашылық тауарларының үлесі – 14,3, құрылыс пен жылжымайтын мүлік үлесі – 7,7 пайыз. Біз­дің тарапымыздан ұсынылып отырған тауарлар­дың ішіндегі ең аз үлес – жиһаз, аяқкиім және тұр­мыстық техникаларға тиесілі.

Сарапшылардың бағалауынша, біз­дің елдегі e-commerce нарығы бөлшек сауда нарығына қарағанда өте жылдам қарқынмен дамып келеді.

«Соңғы төрт жылда Қазақстан­да­ғы элек­тронды сауда нарығы төрт есе өсті. 2019 жылы оның ай­налымы 300 млрд теңге болса, қазір – 1,3 трлн теңге. Биыл Қа­зақ­стандағы бөлшек саудадағы ин­тернет-сатылым көрсеткіші 10-11 па­йыз­ деңгейінде тұр. 2025 жылға таман бөл­шек саудадағы электронды нарық үлесі жалпы сауданың 15 пайызын құрайды», дейді Иван Федяков.

Форум барысында айтылған тағы бір соны жаңалық – өндіруші­лер­дің ба­сым бөлігінің (77 пайыз) алдағы үш айда та­уар бағасын 10 пайызға көтеруін жос­парлап отырғаны болды. NielsenIQ Kazak­stan компаниясының хабарлауын­ша, сауалнамаға қатысқан сатып алушы­лардың 48 пайызы жақын арада бренд пен өнімдер бағасы қымбаттайды деп күтеді.

«Әрбір бесінші тұтынушы жа­қын айларда баға өсетініне сенімді. Олар ал­дағы 3 ай кө­лемінде күнделікті сұра­нысқ­а ие өнімдер бағасы кем дегенде 20 па­йызға өседі деп күтеді. Азық-тү­­лік категориясындағы тауардың көбі­­нің сатылымы құлдырап жатыр. Был­­тыр­мен салыстырғанда тек 12 кате­го­рия өсім көрсетуде. Ең жылдам өсіп келе жат­қан категориялар – шоколад батон­­дары (+14,8 пайыз ) мен бисквит­тер (+14,7 пайыз ). Жөргек (23,5 пайыз) пен майлық (25,2 пайыз) сатылымы ең көп төмендеді», дейді компанияның коммерциялық директоры М.Сейсенғалиева.

Сарапшының айтуынша, халықтың кірісі баға секілді өсіп жатқан жоқ. Сон­дықтан ел тұрғындары қандай да бір сауда жасау кезінде тым қатты үнем жасауға мәжбүр.

«Статистика агенттігі­нің ха­бар­лауынша,­ қазіргі баға өсімі тұрғындар қалтасына тым қатты салмақ түсіріп отыр. Біз көріп отырған өзгерістер әзір­ге басы ғана. 2022 жылы тұтыну үдерісінің дәл бұлай құлдырап кеткенін біз байқамаған едік. Ал биыл жыл басында кейбір категориялар бойынша құлаудың бар екенін аңғарып отырмыз. Біздің пікіріміз бо­йынша, адамдар енді біртіндеп арзан баға сегментіне өте бас­тайды», дейді ол.

Зерттеу нәтижесіне қарасақ, тұтыну­шылар үшін қазір бірін­ші кезектегі критерий – баға тұрғысынан қолжетімдісі. Осылай­ша, өнімнің құнары мен эколо­гия­лық құндылығы екінші планға ығыс­ты. Сұрауға қатысқандардың 61 пайызы арзан өнімдерді кө­бірек сатып ала бастағандарын растаған. Бірақ осыған қарамастан өндірушілердің 77 пайызы жаңа өнімдер шығаруға құлшынып отыр. Тіпті көбі премиум сегментке ар­налған өнімдерді нарыққа жібермекші.

«2023 жылы ассортиментті бас­қару бойынша стратегия өзгеріс­ке ұшырайды. Бөлшек же­лілердің көбі эксклюзивті импортты ұлғайту есебінен өзінің қазіргі ассортиментін кеңейтпек. Өндірушілер мен бөлшек сауда желілері арасында жүргізілген сауалнама қорытындысына сүйен­сек, олардың 32 пайызы офлайн-сауда ойыншыларының жұтылуы немесе бірігуін күтеді. 26 пайызы алдағы тұтыну көлемі айтарлықтай қысқарады деп, 16 пайызы күнделікті тұтыну тауар­лары нарығы мен салада мемлекет­тік реттеу күшейеді деп күтеді», дейді Мәдина Сейсенғалиева.

Сондай-ақ сарапшылар биыл Қа­зақ­стандағы бюджет тапшылы­ғының 4 па­йыздан асып түсетінін де атап өтті.

«Ресейде 2022 жылы әдеттегі про­фи­циттік бюджеттен әжептәуір тап­­шылық байқалды. Ол тапшы­лық ішкі жал­пы өнімнің 2,3 пайы­зын құрады. Қа­зақстанда бұл көрсеткіш әлі жоғары – ­3 па­йыз. Экономистер болжамы бо­йын­ша 2023 жылы Ресейде бюд­жет тапшы­лығы 2 пайыз дең­гейінде сақталады, ол Қазақ­станда 4 пайыздан артық болуы мүмкін. Бұл ретте мемлекет тұтынушы­ға немесе бизнеске көмектеседі деп күту бекер. Мемлекетте ақша азайып бара жатыр, ал шығыс кірістен асып түсуде. Ресей мен Қазақстанның қаржы­лық билігі алдарындағы тәуекелдермен күресіп жатыр. Егер Ресейде пайыз­дық мөлшерлеменің күрт өсімінен кейін оның төмендеуі байқалса, Қазақстанда 2023 жылы пайыздық мөлшерлеме өз тарихындағы жоғары (16,75 пайыз) мән­ге жет­ті. Жақын арада Қазақстан­да­ғы шаруа­шылық субъектілерінің эко­но­микалық белсенділігін көре алмаймыз. Он­да проб­лема толып жатыр. Сол себепті қар­­жыға жауапты билік өкіл­дері оңтайлы ше­шім қабылдауға тиіс. Әйтпесе біз биз­нес­тегі инвестициялық қызметтің күрт тоқ­тауына куә болып қалуымыз ықтимал. Ондай жағдайда жаңа жобалардың жолы кесіледі», дейді Иван Федяков.

Осыларға қарамастан, еліміздегі бөл­шек сауда тауар айналымы 2 пайызға арт­қан. Ал халықтың шынайы табысының төмен­деу көрсеткіші 13 пайыздан асып кеткен. Бұл өз кезегінде несие жүкте­ме­сінің артуына әкеліп соқты. Инфляция халық табысына ауыз салып жатыр.

«Ресейде инфляция 2022 жылы нау­рызда өршіді. Сол кезде дүрбелең сұ­раныс туындап, баға аспандап кетті. Сол кезде Қазақстандағы ­аху­ал бір­шама жақсы еді. Алайда одан кейін ресей­ліктер сатып алуды күрт азайтты, импорт дереу қысқарды, кей тауарлар тапшылығы орнады, нәтижесінде олар­дың бағасы түзетіле бастады. Қазақ­станда, керісінше, 2022 жылдың екін­ші жартысынан бастап инфляция үдей түсті. 2022 жылдың соңында баға өсімі 20 пайыздан асты. Дабыл биыл да жалға­сып жатыр. Баға өсімі тоқтайтын емес», дейді INFOLine компаниялар тобы­ның бас директоры.

Сарапшылардың пайымынша, мак­ро­экономикалық тәуекелдер әсері­нен Ре­сей мен Қазақстан қарым-қаты­на­сы айтар­­лықтай трансформацияға ұшы­ра­ды.