Шаруашылық • 05 Мамыр, 2023

Ауыспалы егіс – жерді аздырмаудың жақсы амалы

547 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елімізде ауыл шаруашылығы саласындағы қазіргі және болашақтағы ең өзекті мәселенің бірі – халықты күнделікті тұтынатын азық-түлікпен толықтай қамтамасыз ету. Өкінішке қарай әлі де шетелдің өсімдік өндірісіне (импортқа) тәуелдіміз. Мақтаулы өнімді сырттан тасуға мәжбүрміз. Осы қордаланған аса маңызды мәселелерді шешу үшін өңірдегі өсімдік және егіншілік шаруашылығын қарқынды дамыту қажет-ақ.

Ауыспалы егіс  – жерді аздырмаудың жақсы амалы

Астықты-парлы ауыспалы егістегі су эррозиясына ұшыраған жер танабы

Ал өңірдегі климат жағдайы­ның өте құбылмалылығы, топы­рақ құнарының әртүрлі болуы, дақылдардың әр алуан түрін өсі­руге мүмкіндік береді. Бұл өз ке­зегінде нарықтық экономика жағ­дайында ауыл шаруашылығы тауар өндірісінде экологиялық және экономикалық тұрақтылықты қам­тамасыз ете алар еді.

Қазір ауыл шаруа­шы­лығы өн­дірісі нарықтық қатынас­тарға кө­шу нәтижесінде аграрлық сала­ның тиімді даму бағыттарын анық­тау қажеттілігі туындап отыр. Кез кел­ген егіншілік саласының не­­гізгі буыны ауыспалы егіс болып табылады. Кейінгі жылдары өң­делген егістік жерлердің құ­­ры­лымы ғылыми негізделген ауыс­­палы егіс жүйесін тиімді пай­да­ла­нудың нәтижесі көрсет­кендей, өңірдің әртүрлі топырақ-климаттық аймақтарында өсетін алуан түрлі ауылшаруашылық да­­қыл­дарын әр­тараптандыруды қол­дану арқылы оны одан әрі жақ­сар­туға мүмкіндік бар екендігі байқалды.

Ауыспалы егістегі ауыл ша­руа­шылығы дақылдарының дұ­рыс орналасуын пайдаланғанда ғана өңделген жерлерді жақсар­туға бағытталған барлық агро­тех­ни­калық шараның тиім­ділігі артады. Дақылдардың био­ло­гиялық қажеттіліктері толы­ғы­мен қанағаттандырылады. Тех­но­логияны біркелкі ыңғайлы қол­дануға қол жеткізіледі және өндіріс шығындары азаяды.

Сондықтан ауыспалы егіс жүйесі табиғи климаттық ре­сурс­тар мен өсімдіктің әлеуеттік мүм­кіндігіне қарай дақылдар­дың биологиялық топтарын ұтымды пайдалану жолына бағытталуы керек. Бұл әсіре­се әртүрлі аймақ­та өте маңызды. Одан қалды ауыл шаруашылы­ғы дақылдарын өсіру үшін қазіргі заманғы ресурс-қорды үнемдеу тех­­нологияларына және өнімді ­ауыс­палы егістерге көшіру маңыз­ды шара болып қала береді. Егіс­тік құ­рылымында ағымдағы жағдай, жүр­гізілген талдау нәтижесі мен өңір­дегі топырақ-климаттық аймақ­тағы деректер осыны көрсетті және оны одан әрі қарай жетілдірудің мол мүмкіндіктері бар екенін анық­тады.

А.Бараев атындағы Астық ша­руа­шылығы ғылыми-өндірістік ор­та­лығында (АШҒӨО) орналас­қан ауыспалы егіс зертханасының ­көп­жыл­дық стационарлық учас­кесін­дегі ұзақ мерзімде жүргізілген ғылы­ми жұмыстардан алынған деректер бойынша ауыспалы егіс танаптарында әртүрлі дақылдарды биологиялық ерекшеліктеріне қа­рай тиімді орналастыру арқылы өсіру шаруа қожалықтарына орасан зор пайда әкелетіндігін көрсетті.

Ұсынылатын дақылдар мен ­ауыспалы егіс кестелері Ақмола және басқа да облыстар жағдайында ауыспалы егістерді игеру кезінде мынадай негізгі ұсынымдарды сақтау қажет:

- ауыспалы егістегі дақыл­дар­дың кезектесуі негізгі ауыл ша­руа­шылығы дақылдары жаздық жұмсақ бидай үшін ең жақсы алғы дақылдарды таңдауды ескере отырып жүзеге асырылады;

- ауыспалы егістің пайдалану әлеуеті агротехникалық іс-шаралардың сақталуы мен орындалу сапасына байланысты
болады;

- егіс алқаптарының көлем­­дік құрылымын құру және қалып­тас­тыру кезінде егістік танаптар ауыс­палы егістерде бір биологиялық топтың дақылдарын алмастыруға жол береді.

Мысалы, ауыспалы егіс кестесі бойынша асбұршақ дақылы орна­ласуы қажет болса, оны қа­лыптасқан жағдайларға байла­нысты (әдетте қуаңшылықтың болуы) ноқат дақы­лымен ауыстыру­ға болады. Бұл жағдай бидай, арпа және т.б. дақылдар үшін де жарамды. Ең бастысы, дақылдарды өз орнына қайтып келу мерзімін қа­таң сақтау қажет. Танаптарға кейбір дақылдарды келесі жылы өз орнына қайта себуге болмайтын бірқатар дақылдар (бұршақ, жа­сымық, майлы зығыр, күнбағыс, көк­темгі рапс) бар. Сол дақылдар бел­гілі бір жылдардан кейін өз орнына қайтадан оралуы керек. Майлы және бұршақты дақылдар үшін бұрынғы өз орнына оралу уақыты 3-4 жыл, ал майлы зығыр және күнбағыс дақылдары өз орнына 4-5 жылда орналасуы керек. Жаздық бидай, арпа, жүгері сияқ­ты дақылдардың өнімділігі айтар­лықтай төмендемейді. Сондықтан бір танапта бірнеше жыл бойы қайта-қайта өсіруге болады.

- бұдан басқа, дақылдардың кезектесуі және оларды бұрынғы орнына қайтару ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің табиғи жағдаймен, нарық конъюнктурасымен, техникалық, қаржылық мүм­кіндігімен, шаруашылықтың қай салаға мамандандырылуы мен айқындалады.

- әртүрлі пар танабы түрлерін, көпжылдық шөптерді, бұршақ және біржылдық мал азығы дақылдарын жасыл балаусаға немесе сүрлемге қолданатын және ерте жиналатын өнімдерден кейін орналастыру ұсынылмайды.

- жаздық бидай көбіне ерте болатын аязға дейін пісіп үлгермей­тін таулы-қыратты аудандарда орташа ерте және ерте пісетін дән сұрыптарының үлесін арттыру қажет. Немесе жаздық жұмсақ бидай дақылының үлесін азайту арқылы арпа дақылының көлемін ұлғайтуға болады.

- қысқа айналмалы дәнді да­қыл­дардың ауыспалы егістерін ұзақ уақыт пайдаланғанда және оларды өнімді ауыспалы егіс­тер­мен салыстырғанда топырақ­тың құ­нарлылығы біршама төмен­дейтіні байқалады және егістік жерлерді пайдалану тиімділігін төмендететінін әр уақытта есте сақ­таған жөн;

- қара топырақты және қара қоңыр топырақтың рельефі бойынша жазық немесе сәл ғана толқынды танаптар ауыспалы егістің кез келген түріне (астық-парлы, майлы өнімді, отамалы дақылдарды, т.б.) пайдаланып жаратуға болады.

- су эрозиясының пайда болу қаупіне байланысты көлбеу бірлігі 0,5О-дан асатын танаптарды таза сүрі жерге қалдыру ұсынылмайды. Себебі топырақтың беткі қабаты көктемгі ағынды су мен шайылып қарашірік мөлшері біршама азаяды. Мұндай танаптар ауыспалы егіс айналымы кезінде үнемі өсімдік жамылғысының астында жабық болуы қажет.

Мысалы, қазіргі АШҒӨО-ғы ауыс­палы егіс зертханасының көп­жылдық стационарындағы жүр­­­гізілген далалық аймақтағы ұзақ­­мерзімді зерттеулері келесі нә­ти­желерді көрсетті. Далалық ауыс­палы егістердің танаптық ғылы­­ми-тәжірибе эксперименттерін ­жүр­гізгенге дейін (1962 ж.) топы­­­рақ­тың 0-20 см қабатындағы бас­тап­­­қы қара­шіріндінің мөлшері ­3,9%-ды құрады. Нәтижесінде, Ақмола об­лы­сының оңтүстік карбонат­ты қара топырақтарындағы өңделген жер­лерді ұзақ уақыт бойы 5-6 танапты дәнді-сүрлі ауыспалы егістерін пайдаланғанда топырақтың 0-20 см қабатындағы жалпы қарашірінді мөлшері 12,7%-ға дейін азайды. Ал 2-танапты ауыспалы егісте жалпы қарашірінді мөлшері біршама төмендеп, 25,5%-ды құрады. Бір орында ұзақ үзіліссіз орналасқан таза сүрі жер танабында бастапқы көрсеткіштен 33,55%-ға азайғанын көрсетті.

Мұның басты себебі, ең алдымен, топырақты жиі 4-5 рет механикалық өңдеу мен меха­ни­ка­лық құралдарды қолданудың әсерінен эрозияның пайда болуына жағдай жасалды және органика­лық заттардың біртіндеп азайып жоғалуына әкелді. Бұл қазіргі за­манғы ауыл шаруашылығының басты проблемасы және топырақ­тың құнар­лылығының біртіндеп азаюына алып келеді.

Қорыта айтқанда, ауыл­ша­руа­шылық өндірісі жағдайында тауар өндірушілер (фермерлер) осы атал­ған және басқа көр­сеткіштердің барлығын ес­ке­ріп, жоғары өнім алу үшін то­пы­рақ­тағы қара­шірін­ді мөл­шерін сақ­тап қалуға күш са­луы керек. Өңір­дегі диқан қа­уымы өздерінің егіс­тік көлемі­нің құрылымында мар­гиналды (өте жоғары табыс әкелетін өсім­дік­­тер) дақылдарды өсіруге аса көп көңіл бөлуді қажет етеді. Осы дақыл­дар­мен қа­тар басқа өсімдіктердің егін­шілік мәдениетін жоғары кө­теру және барынша экологиялық қауіп­сіз мол сапалы өнім алу ел тұ­ты­натын өнімнің өзіндік құнын төмендетуге негізгі себепкер бола алады.

 

Алдаберген Алдаоңғарұлы,

А.Бараев атындағы

Астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығы егіншілік бөлімінің меңгерушісі