Жеңіс күні жақындаған тұста редакциямызға бір қария кісі келді. Қолында бір парақ қағаз бен жауынгердің фотосы бар. Әңгімелесе келе Жаслан ақсақал атасы Бегалы Байарысовтың (Боярисов) Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерлігін өскелең ұрпақпен бөлісуге келгенін түсіндік.
Бұл соғыста Қазақстаннан көптеген даңқты дивизия шыққаны белгілі. Ұлы далада құрылған түмендер кеңес одағын қорғауда жан алысып, жан берісті. Ерлігімен көзге түсті. Осындай күштік құрылымның бірі – Ақтөбе облысында іргетасы қаланған 312-атқыштар дивизиясы. Оның құрамы негізінен үш ұлттан жасақталған. Ал қазақтардың үлесі 32 пайызды құраған екен. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз осы дивизияның 859-артиллериялық полкі сапына енген қазақ жауынгері.
Бегалы Байарысов 1901 жылы Көкшетау облысының Айыртау ауданына қарасты Сарысай Наурыз ауылында дүниеге келген. Майданға шақырылғанға дейін Солтүстік Қазақстан облысының «Наурыз» колхозында ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, мал шаруашылығымен айналысқан. Қарапайым тірлікпен айналысып жүрген азамат соғыстың кесірінен, отан алдындағы борышын өтеу үшін Куйбышев аудандық әскери комиссарияттың шақыртуымен әскерге алынады. 312-атқыштар дивизиясы майдан даласына бара сала Мәскеуді қорғауға аттанады. Түмен әскерді Боровск қаласының маңына қорғанысты ұстап тұруға жібереді. Осылайша, жауынгерлер 11 қазаннан бастап 18 қазанға дейін фашистердің шабуылына тосқауыл қояды. Алайда қарсылас күші басым еді. Оның үстіне, қару-жарақ жеткізу жағынан да қиындық туған сыңайлы. Оны дивизия командирі Александр Наумовтың 43-армия штабына жазған хатынан да байқаймыз. Мәселен, баяндамада түменбасы қолда бар артиллериялық және атыс қаруларының оқ-дәрі бір күнге ғана жететінін жазған. Үсті-үстіне төгілген Вермахт әскерінің екпініне шыдамай, дивизия шегіне отырып ұрыс салады. Бірақ қан төгіс майданда көптеген сарбазынан айырылады. Мысалы, екі айдың ішінде 11 мыңнан асатын жауынгердің 9,5 мыңға жуығы жер жастанған. Осыған байланысты дивизияны тылға әкетіп, қайта жасақтаған. Сөйтіп, 1942 жылғы 9 шілдеде қайтадан майданға аттанды. Осылайша, 312-атқыштар дивизиясы жауды тықсыра қууға зор үлес қосқан.
Кейіпкеріміз 1943 жылғы 13 қазанда жеңіл жарақат алады. Бірақ жазылып шыққан соң қайтадан ұрысқа кіріскен. Бегалы ақсақал талай мәрте ерлік танытып, тапқырлығымен көзге түсіп, бірқатар марапат иеленді. 1944 жылғы 22 шілдеде «Әскери еңбегі үшін» медалін тағады. Ал 15 қыркүйекте «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Мәселен, «Әскери еңбегі үшін» медалі шабуылға шыққан фашист әскерін тоқтатып, 2 пулемент пен 20-ға жуық жауынгерді жер жастандырғаны үшін берілген. Сондай-ақ 1945 жылғы 28 ақпанда жау әскерімен күресте жанқиярлық ерлік танытқаны үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Соғыс аяқталғаннан кейін Бегалы Боярисовке «Германияны жеңгені үшін» медалі табысталды. 312-атқыштар дивизиясы 1945 жылғы 5 мамырда Эльба өзенінің шығыс жағалауына жетеді. Осы жерде америкалық жауынгерлермен кездесіп, өңірді фашист әскерінен тазалаған екен. Содан 7 маусымға дейін Берлинде тұрақтайды. Дивизия Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде көрсеткен ерлігі үшін марапат иеленген. Смоленск қаласын азат етуде көрсеткен жанқиярлығы үшін әскери құраманы «Смоленск дивизиясы» деп атап кетті. Сондай-ақ «Қызыл ту» орденімен, екінші дәрежелі Суворов орденімен, екінші дәрежелі Кутузов орденімен марапатталды. Дивизия құрамындағы 9 адам Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
Айыртаулық жауынгер соғыс аяқталғаннан кейін елге оралды. Туған жеріне оралып, совхозда жұмысын жалғастырды. Зейнетке шыққанға дейін мал шаруашылығымен айналысты. Бүгінде оның ұрпағы атасының ерлігін мақтанышпен айтады.