Аймақтар • 06 Мамыр, 2023

Әлеуметтік қолдау жалғасады

386 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жетісуда Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан көзі тірі 8 ардагер ғана қалды. Оларды әлеуметтік қолдау іс-шаралары тұрақты жалғасын тауып отыр. Осыған орай биыл жергілікті бюджеттен біржолғы материалдық көмек төлеуге 12 млн теңге бөлінген. Одан бөлек, жыл басынан бері батырларымызға коммуналдық қызметтер үшін 250 мың теңге төленген екен.

Әлеуметтік қолдау жалғасады

9 мамырға дейін ардагер­ле­рі­міз­дің әрқайсы­сы­на 1,5 млн теңгеден біржолдық сыйақы үлесті­ре­ді. Әскери қызметтің өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына бай­ланысты мүгедек болған әс­кери қызметшілерге – 100 мың тең­геден, жалпы көлемі 9 млн теңге төленеді.

«Екінші дүниежүзілік со­ғыс кезеңінде фашистер мен олар­­­дың одақтастары құрған конц­лагерьлер­де­гі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орын­дарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға 100 мың теңгеден, соғысында қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлер­дің ата-аналары және екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне 60 мың теңгеден бір реттік кө­мек беріледі», дейді облыс­тық жұ­мыс­пен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасының міндетін атқа­рушы Ермек Мизамбаев.

Оның айтуынша, соғысқа қа­ты­сушылары мен мүгедектері қа­жеттіліктеріне қарай есту аппараттары, протездік-ортопе­диялық бұйымдар сияқты әртүрлі техникалық көмекші, гигиеналық құралдармен, сондай-ақ санатори-курорттық жолдамалармен бірін­ші кезекте қамтамасыз етіледі.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз қызметі үшін бұрынғы кеңес одағының орден­дерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, сон­дай-ақ 1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамырға де­йін­гі аралықта соғыс жылдарын­да ке­мінде алты ай жұмыс істе­ген және тылдағы қажырлы ең­бегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұ­рынғы КСР Одағының орден­дерімен наградталған адамдарға, сондай-ақ осы кезеңде медальдармен марапатталмаған адамдарға да 60 мың теңгеден төленеді. Осы санаттағы 2159 адамға жалпы сомасы 129,5 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған.

Сонымен қатар 2023 жылдың соңына дейін 6 жекелеген санат бойынша ардагерлерге 150 мың теңге мөлшеріндегі әлеуметтік тө­лем төленеді. Олардың қата­рын­да Ауғанстандағы ұрыс қи­мылдарына қатысушылар, Семей ядролық полигонындағы сынақ­тардан зардап шеккендер мен Чернобыль АЭС апаттың салдарын жоюға қатысушылар да бар.

 

Жетісу облысы