03 Маусым, 2010

АСТАНАНЫ АРДАҚТАУ ОТАНСҮЙГІШТІК СЕЗІМДІ АСҚАҚТАТАДЫ

463 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Ұлы Жеңістің 65 жылдығына байланысты еліміздің түстік шалғайында жатқан ОҚО-ның Шардара ауданында да айтулы шаралар өткізілуде. Жалпы, түстік ағайындар “өлі разы болмай, тірі байымайды” деген қазақтың қағидасын қатты ұстайды. Биыл облыс орталығы Шымкент қаласында “Даңқ” мемориалы ашылып, оған осы өңірден соғысқа қатысқан 140 мың адамның есімдері жазылып, мәңгі еске алынып тұруы да соның айғағы. Шардара әкімдігі де бұл өрелі үрдіске өзіндік үлес қосып келеді. Аудан әкімі Марғұлан Мараимның бастамасымен Жеңістің 65 жылдығы және алда болатын Конституцияның 15 жылдығы құрметіне 33 тыл және еңбек ардагерін, аз қамтылған отбасылардан шыққан 14 озат оқушыларды Астанаға туристік сапармен алып келгені сол істердің бір парасы ғана. Біз шардаралық ақсақалдар мен жастарды елорданың сол жағалауының көшелеріндегі әсем ғимараттарға әсерлене қарап, еліне, жеріне деген мақтанышты сезіммен жүргендерінде жолықтырдық. Олардың бәрі де осындай ғажап қаланы салып, Қазақстанның экономикалық әлеуеті мен қазақтың іскерлігін әлемге танытып жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа шексіз ризашылықтарын білдірді. “Басқардыңыз халқың мінген кемені, Кедергісіз кеме жүзіп келеді. Бүкіл әлем мойындаған лидерге – барлық ғалам еш шүбәсіз сенеді. Атақ-даңқпен көкке жетсе төбеміз, Шашу шашып, тойламайық неге біз?” деп араларындағы жергілікті ақын Құрбанбек Шәметұлы ақсақал өлеңдетіп қоя берді. Біз топты бастап жүрген аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Қыстау Ілесовті әңгімеге тартып, сапар барысы жайлы сұраған едік. Ол осымен екінші рет аудан әкімінің тікелей қолдауының арқасында Астанаға ақсақалдар мен жастарды әкеліп отырмыз, деді. Алғашқы сапар 2008 жылы ұйымдастырылды, оның аудан халқының арасындағы ұлағатты әсері зор болды. Астананы көріп келген ақсақалдармен кездесулер өткізіліп, олар өздерінің әсерлерін бірнеше күн бойы, бірнеше жерде баяндап берді, ал оқушы жастар Астана туралы шығармалар жазып, өз араларында конкурстар өткізді. Сол кезде-ақ осы шараны тұрақты дәстүрге айналдыруды ойлағанбыз. Бірақ “жоқтық жомарттың қолын байлайды” дегендей, бүкіләлемдік экономикалық дағдарыстың салқыны бізге де тиіп, былтыр бұл сапарды жалғастыра алмай қалдық. Ал биыл оны қайтадан қолға алып отырмыз. Біз Астананың көрікті жерлерін, соның ішінде Тұңғыш Президент мұражайында, “Думан” ойын-сауық орталығында, “Нұр-Астана” мешітінде болып, “Бәйтерекке” шығып, “Нұржолдың” бойындағы тамаша көріністерді тамашаладық. “Отан-ана” монументінде де болып, Ұлы Отан соғысында шейіт болғандарды бір сәт еске алып, рухтарына бас идік. Сол жерде ақын ағамыз Құрбанбек Шәметұлы өзінің өлеңдерін оқыды. Одан кейін жерлес-депутатымыз Төлебек Қосмамбетовтің көмегімен Парламент үйіне кіріп, оның ішкі тынысын көрдік. Енді “Қазақ елі” монументін көруге бара жатырмыз. Сапарға келгендердің алған әсері орасан, өздерінің осындай астаналары барына жастармен қатар үлкендеріміз де мәз бола қуануда, деді ол. Біз Қыстау ағамыздан елдің жайын да сұрап, жаңалықтарын білдік. Соның ішінде ол “Жол картасы” бағдарламасының ауданда жақсы жүргізіліп жатқанын айтты. “Ол еліміздегі жұмыссыздықты төмендетуге бағытталған ұтымды саясат болып отыр. Былтыр аудандағы 49 нысанға 2101 адам жұмысқа орналасты. Жастар практикасына 180 адам тартылып, әрқайсысына 15 мың теңгеден еңбекақы төленді. Ал әлеуметтік жұмыс орнына орналастырылғандардың жалпы саны 230 адам болды. Биыл “Жол картасы” жалғасын тауып, 26 нысанда 750 жұмыс орны ашылды, деді ол. Сондай-ақ, бір қуанышты жәйтті де ауыз толтырып айтуға болады екен. Егер бұрын ауданда табиғи газ болмайтын болса, биыл “Түркіменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай” газ құбырынан бұтақ тартылып, Шардара ауданы толығымен газбен қамтамасыз етілетін болыпты. Күрделі болып жүретін ауыз су мәселесі де оң шешімін табуға жақын екен. Қазір тәуліктің 24 сағаты бойына су берілу жұмысы қолға алынып жатыр. Оған тиісті қаражат бөлінген көрінеді. Елдің рухани өмірінде де елеулі жаңалықтар болып жатыр екен. Атақты жерлесіміз Төлеген Тәжібаевтың 100 жылдығын лайықты атап өтіп, туған жерінде ескерткіш ашылды. Басқа да жергілікті батырлар мен ақындар ұлықталуда. Бекзат Саттархановтың 30-ға толуына байланысты республикада тұңғыш рет оның ескерткіші де бізде орнатылып, жанына саябақ аштық, деді Қыстау Ілесов. Осындай өрелі істерді естігенде біздің де еңсеміз көтеріліп қалды. Жақсыбай САМРАТ.
Соңғы жаңалықтар

Тоғыз жыл күткен жеңіс

Спорт • Бүгін, 11:30

Көңілден шыққан көрікті жер

Табиғат • Бүгін, 11:20

Дәрігерлер шыңы

Алматы • Бүгін, 11:10

Тау туризмі дамып келеді

Туризм • Бүгін, 11:05

Дулати дүниетанымы

Руханият • Бүгін, 10:55