Әскер • 06 Мамыр, 2023

Теңізші

574 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздегі бірден-бір әскери-теңіз базасы Ақтауда орналасқан. Мемлекетіміздің теңіздегі тегеуріні саналатын әскери теңізшілер бөлімінде өз ісінің білікті мамандары қызмет атқарады. Солардың бірі – «Қазақстан» зымыран-артиллериялық кемесі жауынгерлік бөлімінің топ командирі, бас старшина Дәрмен Жұмағалиұлы.

Теңізші

Он екі жылдан бері әскери-теңіз базасында тапжылмай қызмет етіп келе жатқан Дәрмен жеке құрамның жауынгерлік даярлығына, әске­ри тәрбиесіне, тәртібі мен мораль­дық-психологиялық жай-күйіне, матростардың жауынгерлік мін­деттерді табысты орындауына жауапты. Ол 1989 жылы 13 шіл­деде Қытайдың Шыңжаң-Ұй­ғыр автономиялық өлкесі Күнес ауданының Қазақ ауылында дү­ниеге келген. 2001 жылы ата-анасымен бірге тарихи Отанына оралып, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, Нұрлы ауылына қоныстанады.

– Теңізші дегенде ақжал тол­қынды теңіздегі желкенді кемелер, ондағы офицерлер мен матростар көз алдыңызға келеді. Ал құлағыңызға көк теңіздің шуылы мен теңіз шағалаларының дауысы естілуі мүмкін, – дейді Дәрмен бізбен әңгімеде. – Әкем менің әскери адам болғанымды қалады. Тіпті бұл ол кісінің арманы еді десем де болады. Әрі өзімде де қызы­ғушылық болды.

Дәрмен 2008 жылы орта мектепті бітіріп, Ақтаудағы әскери-теңіз институтына оқуға түседі. 2011 жылы Әскери-теңіз күштеріндегі қызметі «Қазақстан» зымыран-артиллериялық кемесі жауынгерлік бөлімнің техник лауазымынан бас­талды. Әскери теңіз күштерінің флагманы саналатын бұл жауын­герлік кеме – «Зенит» Орал зауытында шығарылған отандық өнім. 2013 жылы 7 мамырда «Қазақстан» зымыран-артиллериялық кемесі «Мәті­бұлақ» полигонында өткен жауын­герлік парадқа қатысып, Каспий теңі­зінің қазақстандық секторында онлайн режімде өзінің тамаша атыс мүм­кіндігін көрсеткенін атап өту керек.

Дәрмендер әскери оқу орнын 27 бала болып бітірді. Институт түлектері Әскери-теңіз күштері мен Шекара қызметіне бөлінді. Бүгінде олардың дені түрлі лауазымда абыройлы қызмет атқарып жүр. Теңіз суының кермек дәмін татып, теңізші атанған олар бос уақытта кездесіп, бас қосып тұ­рады.

Дәрмен негізінен жеке құ­рам­мен, оның ішінде мерзімді қыз­меттің әскери қызметшілерімен қоян-қолтық жұмыс істейді. Матрос­тардың теңізге бейімделуі, олардың кемедегі бір жылғы қызметі көз алдында өтеді. Бастапқыда әскерге келгендердің негізгі оқу пәндерінен бір айлық жалпы әскери дайындық курсынан өтетіні белгілі. Ол сабақ­тарды аса тәжірибелі және барынша дайындалған офицерлер мен старшиналар жүргізеді. Жас жауынгер курсынан және әскери ант беру рәсімінен кейін теңізшілер Әскери-теңіз күштерінің әртекті кемелер дивизионындағы жауынгерлік кемелерде қызмет ететін болады.

«Теңізші болу оңай емес. Кеме­дегінің жаны бір деген бар ғой. Біз бір отбасының баласындаймыз. Кеме – біздің екінші үйіміз», дейді Дәрмен. Отбасы демекші, кейіпкеріміздің әулетіндегі ер азаматтардың бәрі Отан алдындағы борышын өтеген. Бір бауыры Құр­лық әскерлерінің әскери институтын бітірген. Бүгінде әскери қызметші.

Кей кездері теңізде апталап жүр­гендіктен, теңізшіге жүктелер тапсыр­малардың оңай болмасы анық. Әйтсе де бала кезден арман еткен мамандық болған соң, Дәрмен үшін қиындығынан қызығы басым. Сол үшін де асқан қырағылық пен сақтықты қажет ететін қызметінде әр күн сайын тегеурінін мықтап, шеберлігін шыңдап отыру қалып­тасқан қағида. Дәрмен отбасылы, екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр­ған әке. Өнерден де құралақан емес. Домбыра тартып, мерекелік оты­рыс­тардың сәнін келтіретіні тағы бар.

Қай уақытта да білікті маманға сұраныс жоғары. Өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен адам тек өз бо­лашағын ғана жарқын етіп қана қоймай, мемлекетінің де дамуына септігін тигізбек. Әскери-теңіз күштеріндегі елене бермейтін қызметімен еліміздің қорғаныс қабілетінің нығаюына елеулі үлес қосып жүрген Дәрмен туралы да сондай сеніммен айтуға болады.

 

Мұхарбек МАХАМБЕТ,

әскери журналист