Әскер • 06 Мамыр, 2023

Сарбаз өмірінің бір сәті

309 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрлігі Отан қорғаушы күні қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап «Қарулы Күштердің құрылғанына 31 жыл: Қуатты әскер – елдің сенімді қорғаны» атты баспасөз турын ұйымдастырды.

Сарбаз өмірінің бір сәті

Әскердің қару-жарақпен және әскери техникалармен жабдықталу деңгейі, жауынгерлеріміздің әскери дайындығы, арнайы операциялар кезінде орындайтын әдіс-тәсілдері көрсетілген іс-шара елордамыздағы 68665 әскери бөлімінде өтті. Қарулы Күштеріміздің элиталық құрылымы – Десанттық шабуылдаушы бригада орын тепкен бұл бөлімде қазірде 400-ге жуық сарбаз әскери міндетін өтеп жатыр.

Алдымен журналистерге еліміз Қарулы Күштерінің әр құрылымындағы жауынгерлеріміздің киім үлгілері таныстырылды. Атап айтқанда, Құрлық әскерлері, әуе-десанттық күштер, теңіз күштері, сонымен қатар снайперлердің жазғы және қысқы уақыттағы далалық киім үлгілері көрсетілді. Сонымен бірге әскерде қолданыстағы қару-жарақ пен әскери техникалардың шағын көрмесі ұйымдастырылды. Бұл жерде атыс құралдары, броньды техникалар, жауынгерлерді тасымалдайтын жүк көліктері, артиллериялық құрылғылар, т.б. заманауи құралдар қойылған. Әрқайсысының ерекшеліктері мен мүмкіндіктері таныстырылып, кейбірінің қалай жұмыс істейтіні іс жүзінде көрсетілді.

Көрмеге қойылған жаңа заманауи техникалардың бірі – дөңгелекті телеробот кешені. Германиядан сатып алынған шағын техника соғыс кезінде жау тарапынан қолданылған химиялық қарудың залалын анықтау үшін пайдаланылады екен. Ол қашықтықтан пульт арқылы басқарылады. Телеробот қауіпті аймаққа барып, химиялық қару сынамаларын алуға қауқарлы. Сол арқылы оның тигізетін зардабы мен құрамы анықталады.

– Бұл техниканың артықшылығы – 4 әскери қызметшіні алмастыра алады. Яғни соғыс уақытында сарбаздардың өмірін сақтауға мүмкіндік береді, – дейді 68665 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Талғат Жолдыбайұлы.

Баспасөз туры барысында журналистер әскери бөлім сарбаздарының қоян-қолтық айқас үлгілерін, әскери тактикалық атыс элементтерін, кинолог­тердің жұмысын, өзге де жауынгерлік дайындықтарын тамашалады. Подпол­ковник Талғат Жолдыбайұлының айтуынша, бүгінде өз бригадасы әскери қызметшілермен және заманауи техникалармен 100 пайыз жабдықталған. Қажетті жағдайда кез келген тапсырманы орындауға толық дайын.

– Келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен сабақ кестесіне сай күнделікті идеологиялық жұмыстар жүргізіледі. Атап айтқанда, аптасына екі рет мемлекеттік құқықтық даярлық өтеді. Одан бөлек, саптық, атыс, тактикалық, дене дайындықтары сабақтары бар. Қазір бұл жерде 2022 жылдың күзі мен осы жылдың көктемінде шақырылған сарбаздар Отан алдындағы борыштарын өтеп жатыр, – деді ол.

Подполковниктің айтуынша, биылдан бастап әскери бөлім сарбаздарды 6 айлық дайындық бағдарламасына көшкен.

– Біріншіден, әскери қызметші жекелей дайындықтан өтеді, одан кейін бөлімше құрамында, сосын взвод, рота, батальон, соңында бригада құрамында дайындалады. 6 айдан кейін аралық қорытынды жасалып, соның нәтижелері бойынша осы айтылған дайындық сатыларынан қайтадан өтіп шығады. Жыл соңында командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізіліп, жыл қорытындысы шығарылады. Осылайша, бригаданың дайындығы мен мүмкіндігіне баға қойылады, – деді Талғат Жолдыбайұлы.

Елімізде әскери қызметкерлерге және борышын өтеуші жастарға жасалып жатқан жеңілдіктер мен жағдайлар көп екенін айтты ол. Соның арқасында әскерге келуді қалайтын жастар мен борышын өтеген соң келісімшарт негізінде әскери қызметке қалатындар қатары артқан.

– Әскери қызметкерлерге жалақы­лары мерзімінде төленіп отырады. Үй-жай мәселесіне келсек, оларға ипотекамен баспана алу мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай жағдайда отбасындағы адам санына байланысты қаражат төленеді. Мысалы, Астана қаласында бір адамға төленетін қаржы сомасы – 83 мың теңге. Айталық, сіздің отбасыңызда 5 адам болса, 415 мың теңге аласыз. Бұдан бөлек, келісімшарт бойын­ша қызмет ететін әскери қызметшінің білімі орта немесе  арнаулы орта болса, 5 жыл еңбек еткеннен кейін оған жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігінің бастамасымен мерзімді әскери қызметшілер 1 жылдық борышын атқарып болғаннан кейін ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпей-ақ келесім жасалған оқу орындарына түсе алады. Ал әскери оқу орындарында білім алу тегін екенін өздеріңіз білесіздер. Оны бітіріп шыққан мамандарымыз келісімшарт бойынша Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдерінде немесе басқа да әскери құрылымдарда жұмысқа орналасады, – дейді бөлім командирінің орынбасары. Оның айтуынша, осындай жеңілдіктердің арқасында жыл сайын мерзімді әскери борышын өтегеннен кейін жастардың 15-20 пайызы келісімшарт бойынша қызметте қалады екен.

Баспасөз турының соңында 68665 әскери бөлімінде Отан қорғаушы күніне орай «Алдаспан» арнайы батальонының 120 әскери қызметкеріне арналған казарма ғимаратының қайта ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов арнайы қатысып, күрделі жөндеуден өткен ғимаратты ашу таспасын қиды.

Сондай-ақ журналистер қауымы әскери бөлім аумағында орналасқан ашық аспан астындағы қару-жарақ пен әскери техникалар музейін тамашалады. Бұл жерде 120-дан астам техника келушілер назарына қойылған. Оның ішінде 61-і – артиллериялық құрал, 13-і – авиация, 17-сы – броньды танктер. Ең ескі техника – 1910 жылы шыққан болса, жаңалары – 1980 жылдары шыққан ұшақтар. Бұлардың бәрі де кеңестік заманның қарулары, қазір қолданыстан шығарылған.

2005 жылы ашылған музейдегі артиллериялық құралдардың 16-сы шағын партияда шығарылған болса, 9 қондырғы бір ғана данада тәжірибе ретінде шығарылыпты. Солардың бірі – 1939 жылғы «М-40» келте зеңбірегі. Музейден осы секілді басқа еш жерде жоқ бірегей қару-жарақ үлгілерін де көруге болады. Тағы бір айта кетер жайт, Қазақстан әскерінен әлдеқашан алынып тасталған «Т-62» танк үлгілері де осы жерге қойылған.