Қоғам • 08 Мамыр, 2023

Ардагерлерге құрмет көрсетілді

332 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Отан қорғаушы күні таяғанда елдегі еңбек ұжымдары азаматтарды құттықтап, мерейін асырып жатады. Мереке қарсаңында «Астана тазалық» кәсіпорнының ұжымы Ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетті.

Ардагерлерге құрмет көрсетілді

Қала тазалығына жауапты мекемеде қазір 12 Ауған соғысының ардагері және Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан азамат еңбек етеді екен. Ұжымдастар жұмыстан босай қалса, ардагерлерді әңгімеге тартып, көрген-білгенін, түйгенін сұрап-білуге әуес. Ел ағалары да әркез әріптестеріне ақыл-кеңесін айтып, қолдау көрсетуден қашпайды.

Ауған соғысына күтпеген жерден барып, екі жыл майданда болған Бейсембек Нарынов, қазір тазалыққа жауапты мекемеде жұмыс істейді. Өзі Астана қаласының тумасы. Қорғалжында өскен. Сол жақтан әскерге кетіп, 1979-1981 жылдары оралған.

Оныншы сыныпты тәмамдап, соңғы емтиханды тапсырған күні әскерге алып кетті. Қырғызстанның Ош қаласына тарттық. Ол кез жаспыз ғой. Соғысқа баратынымызды да білген жоқпыз. Үш ай өтер-өтпестен бір күн әскери бөлімде дабыл соғылып, жолға шығып кеттік. Тәжікстанға ай жүріп жеттік. Содан 1979 жылдың желтоқсанында Ауғанстанға кірдік. Соғысқа жібергенін әуелде біз білмедік. Ауғанстанның бірнеше қаласына кірдік. Талай рет ажалдан аман қалдық. Соғыстың зобалаңы деген осы,деп еске алды ардагер.

Бейсембек Нарынов «Астана тазалық» серіктестігіне 2002 жылы келгенде машинист болған. Содан бері бір мекемеде табан аудармай еңбек етіп, еңбек ардагері деген атқа да лайық болып отырған жайы бар. Себебі ардагердің өзі үнемі «Еңбекке адал болсаң, жұмыстың барлығы жақсы» деп жастарға үнемі ескертіп отырады екен.